Індет өршігенде дәрі-дәрмек неге жетпей қалды?

Немесе фармнарықтағы былық-шылық қашан жойылады?

0 65

Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Денсаулық сақтау министрлігі басқаруда бірқатар нақты қателіктерге бой алдырды. Әкімдердің көпшілігі өз жұмысын тиісті деңгейде атқармады, Үкімет оны бақыламады» деп сөздің шындығын айтқаны ел-жұрттың есінде. Президент қателіктер мен жауапсыздықты анықтау жөніндегі арнайы комиссия құруды ұсынды. Бұл комиссия Денсаулық сақтау министрлігі мен Үкіметтің жіберген елеулі қателіктеріне ревизия жасап, Президентке ұсыныс айтуы қажет. ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК САТЫЛҒАНЫ РАС ПА?

Президент тергеу жүргізіп, қазіргі қиындықтарға барлық кінәлілерді жауапқа тарту қажеттігін мәлімдеді. Соның ішінде, МӘМС пен «СҚ-Фармация» басшылығын мысалға келтірді. Шынында да халықтың денсаулығына тікелей жауапты екі құрылым былық-шылыққа белшесінен батып тұр. Індет күшейгенде жұрт сабылып іздеген «Тамифлю» деген дәріге қатысты бір ғана жанжал осыны дәлелдеді. Отандық бірқатар блогерлер әлеуметтік желіде шетелдерден әкелінген гуманитарлық көмекті дәріханалар сатып жатыр деген жорамал айтты.
Мысалы, желі қолданушысы Айжан Хамит «Тамифлю» туралы жазба жариялады. Оның оқырмандарының бірі осы дәріні дәріханадан 9 мың теңгеге сатып алған. Оның айтуынша, дәрінің сыртындағы «RX Only» және «NDC» деген белгілер тек АҚШ аумағында сатылатын дәрілерге қойылады. Оған қоса, дәрінің мемлекеттік тілдегі ақпараты қорап сыртына резеңкемен бекітіліпті. Айтпақшы, осы дәріні мен де сатып алдым, блогер А.Хамиттің айтқаны тура шықты. «Әләуләйім таусылса, хәләуләйім тағы бар» дегендей, «СҚ-Фармация» басшылығы бұл былыққа қатысты: «Тамифлю дәрісі «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы Қазақстанға гуманитарлық көмек ретінде әкелінген жоқ» деген шоп-шолақ ақпарат жариялады.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі «СҚ-Фармация» ЖШС-індегі жемқорлыққа қатыс­ты былықтарды тергеу 31 шілдеге дейін созылатынын хабарлады. Алайда, бұл мерзімнен 20 күн асса да, атышулы компанияға қатысты ешқандай шынайы ақпарат халыққа таратылмағаны өкінішті-ақ.
Десек те, құзырлы агенттіктің басшысы Алик Шпекбаевтың 21 шілдедегі алқалы жиындағы мына сөзі көңілге үміт ұялатқаны рас. «Әлеуметтік желілердегі ақпараттарды мұқият оқитындар халық індетке қатысты ахуалдың өршуіне еліміздегі жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, бюрократия мен жауапсыздық бірден-бір себеп болды деп санайтынына келіседі. «СҚ-Фармация», МӘМС және жергілікті атқарушы органдардың бірқатар медициналық мекемелеріне қатысты қылмыстық істердің қозғалуы бұл айыптаудың өте әділ екенін көрсетті. Біз «СҚ-Фармациядағы» жемқорлыққа қатысты жайттарды әрі жедел, әрі сапалы жүргізуіміз керек. Оған сыр­ттан сарапшылар шақырамыз. Өйткені біздің талдауымыздың сапасы бұл ұйымның болашақта тиімді және адал жұмыс істеуіне ықпал етеді» деді сол жиында А.Шпекбаев.

ҚЫЛМЫС ӘШКЕРЕЛЕН­ДІ, КІНӘЛІЛЕР ЖАЗАЛАНА МА?

Індет ел ішіне ылаң салып, дәрі-дәрмек таппай, дәрігердің көмегіне жете алмай, ауруы асқынған адамдар жантәсілім етіп жатқанда тиісті басшылар дағдарып қалды. Міне, сол кезде халықтың жанайқайын билікке жеткізген кейбір депутаттар қолдан келгенше қарекет жасады.
Турасын айтсақ, 2020 жылы 23 шілдедегі Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтың «СҚ-Фармация» мен МӘМС қорына қатысты бейнежазбасы әлеуметтік желілерді дүр сілкіндіргені мәлім. 5 минуттық бейнежазбада депутат аталған құрылымдардың шетелдерден медициналық жабдықтарды өз бағасынан бірнеше есеге қымбатқа сатып алғаны жайында айтылады.
«2012 жылдың 12 мамырында «Ақ жол» фракциясы Денсаулық сақтау жүйесі мен оның құрамындағы ведомствоның «Денсаулық кодексіндегі» сатып алу жүйесіне енгізген өзгерістеріне қарсы наразылық жолдаған еді. Біз Маршалл аралдарынан дәрі-дәрмектер мен жабдықтарды Қазақстандағы жабдықтар құнынан 4 есеге қымбатқа сатып алғандар жөнінде фактілер келтірдік. Бұл мәселені біз 2013 жылдың 6 ақпанында қайта көтердік. Ал 2013 жылдың 6 қаңтар күні «Ақ жол» фракция­сы «СҚ-Фармацияның» препараттарды өндіруші бағасынан, өндірушінің ресми сайтында көрсетілген бағадан 3 есе қымбатқа сатып алғаны жөнінде Бас прокурорға сауал жолдадық. Бұл – дәл осы препаратты өндірушілер, дәл осы препаратты басқа елдерге сатқан бағадан 5 есеге қымбат сома! 2013 жылдың 25 ақпанында Үкімет пен Бас прокуратураға отандық фармацевтикалық компанияларға «СҚ-Фармацияның» кедергі келтіріп отырғанын айтып, сауал жолдадық. Бұл компаниялар Қазақстан нарығына кірген, кәсіптерін жолға қойған компания­лар е­ді. Ол жерде ұзын-сонар сот үдерісі болды. Соның нәтижесінде сот жергілікті дәрі-дәрмек өндірісінің инвесторларына кедіргі келтіріп отырғаны жөнінде мемлекеттік органдарға ресми түсініктеме берген. Осы кедергілердің кесірінен Қазақстан нарығындағы отандық дәрі-дәрмек өндірісінің үлесі 30 пайызға кеміген. «Неге біз қарапайым парацетамолдың өзін шетелден импорттап отырмыз?» дегенді бүгін желілерден жиі оқимыз. Міне, осының барлығына жаңағы жағдайлар себеп. Осының барлығына «СҚ-Фамацияның» отандық өндірушілерді шетелдік компаниялар алдында жығып бергені себеп» деп түсіндірді Азат Перуашев.

ОТАНДЫҚ ӨНІМ НЕГЕ ӨГЕЙ?

Бұдан бөлек, «Ақ жолдың» басшысы отандық кәсіпкер Қуаныш Керімқұловтың әлеуметтік желідегі жазбасынан үзінді келтірді. «Жарайды, бұлар 2012-2013 жылдардағы мәселелер дейік. Міне, жақында ғана болған жайт. Қуа­­ныш ­Қазақстандағы алғашқы жеке клиника ашқан адам. Ол 16 шілде күні Медсақтандыру қоры пара алып, стационарлық қызмет көрсетуге рұқсат беретін келісімдер жасағаны туралы әлеу­меттік желідегі жеке парақшасында жазды. Оның жазуынша, медсақтандыру қоры 100 және одан да көп төсегі бар әрбір стационарда ӨЖЖ (ИВЛ) аппараттарын қосқанда толық жабдықталған 15 реанимациялық төсек болуы керек деген стандарттарды да елемеген. Демек, 100 және одан да көп төсегі бар әрбір стационарда кем дегенде 15 ӨЖЖ (ИВЛ) аппараттары болу керек еді. Ал мынау індет келген кезде сол ӨЖЖ (ИВЛ) аппараттары болмай шықты ғой. Қаншама адамның өлімі пара үшін осындай келісімдер жасаған осы қордың мойнында деген сөз! Мен осы жазба жарияланған күні-ақ, аталған факті бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне жүгіну үшін, Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдап, аталған стандарттардың бар-жоғын сұрадым. Егер бізге жақын арада, 10 күннің ішінде жауап бермейтін болса, біз өзіміз Сыбайлас жемқорлық агенттігіне жүгінеміз» деді депутат.
3 тамызға дейін Денсаулық сақтау министрлігінен ешқандай жауап алмаған А.Перуашев Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің басшысы А.Шпекбаевқа жоғарыдағы ақпаратқа орай тергеу жүргізіп, мәліметтер расталған жағдайда тікелей жауап­ты тұлғаларды жауапкершілікке тартуды ұсынды. Халық қалаулысы «СҚ-Фармацияның» айналасындағы мынадай тағы бір былықты әшкереледі. Қазақстанда ӨЖЖ (ИВЛ) аппараттарын шығарумен айналысатын «Капитал плюс» атты компания бар. Бұл компания өкпені жасанды желдету аппараттарын 13 миллион теңгеге шығарады. Өнім халықаралық техникалық талаптарға сай. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі оларды соңғы уақытқа дейін елемей, дәл сондай аппараттарды шетелден 30 миллионға сатып әкелген. Яғни, бұл ақшаға қазіргіден гөрі 2,5-3 есеге артық ӨЖЖ (ИВЛ) аппараттарын алуға болатын еді. Мұндай мысалдар өте көп.
МӘМС-тің төңірегінде бұрыннан-ақ былық көп. «СҚ-Фармация» деген дөкей мекемеге ашық, әділ тергеу жүргізсе, барлық былық ашылады. Өз басым журналистік қызметімде осы «СҚ-Фармация­ға» қатысты бірнеше рет материал жаздым. Сонда мекеме басшылығы редакцияларға материалды шығарғаны үшін қомақты қаражат төлейді. Әрине, жарнамалық материал жағымды жағынан ғана беріледі. Бірақ бірде-бір журналист осы мекеменің айналасындағы кемшіліктерге зерттеу жүргізіп, сыни немесе журналистік зерттеу жасағанын көрмеппін. Өйткені, жұмысы жабық, қызметі түсініксіз. Меніңше, осы мекеменің басшылығы қызметін ашық, әділ жүргізбейінше, былық-шылыққа бір батқаны батқан, сол күйінде қала береді.

Р.S. Осы мақаланы жазып бітіп, бет қатталып жатқанда Үкіметтің баспасөз қызметі мынадай ақпарат таратты: «Отандық фармацевтика өндірісін одан әрі дамыту мақсатында Үкімет басшысы Асқан Мамин Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бизнес қауымдастығының пікірін ескере отырып, фармацевтика саласын дамыту бағдарламасын әзірлеп, биылғы қыркүйек айында жобасын ұсынуды тапсырды». Жемқорлықтың батпағына әбден батқан сала жақын арада өзгере ме, індеттің екінші толқыны үдесе халықты тағы да сарсаңға салмай ма?

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × four =