Індет кезіндегі ілтипат

0 20

Елорда тұрғындарының дәрігер қауымына деген ілтипаты, сонымен қатар мұқтаж адамдарға қолдау білдіруі артып келеді.

Астаналықтардың ниет-пиғылынан да шығар, бас қаланың орталық көшелерінде COVID-19 – ға қарсы күрескен 40-тан аса дәрігердің суреті бар билбордтар пайда болды. Бұл – медицина қызметкерлеріне пандемия кезіндегі қажырлы еңбегі үшін көрсетілген құрмет. Осылайша, шара бастамашылары дәрігерлерге қажырлы еңбегі мен індетпен күресте өмірін сақтап қалғаны үшін алғыс білдіреді.
Бұл ілтипат Құрбан айт кезінде тіптен айқын көрінді. Қала тұрғындары арасынан белсеніп шыққан азаматтар қайырымдылық шарасын өткізіп, медициналық мекемелерге ыстық тағам таратты. Жергілікті билік рұқсат еткен орындарда бір мезетте бірнеше қазанға палау басылды. Ұйымдастырушылар мереке болған соң, құрбандық малының етін пайдаланды. Құрбандық малының еті мен басқа да азық-түлік өнімдерін ауқаттылармен қатар қарапайым адамдар да әкеліп беріп жатты. Дайын ас тамақтануға ыңғайлы болуы үшін арнайы ыдыстарға салынды. Оны аурухана қызметкерлеріне жеткізіп беру ісімен ерікті жастар және белсенді топ мүшелері айналысты.
Сондай-ақ бұл күндері қаладағы 1500 мұқтаж адамға ыстық тамақ таратылды. Игі істің санитарлық талапқа сай болуын медицина қызметкерлері қадағалап отыр. Ас даярлауға кәнігі аспаздар, тәжірибелі мамандар қатысты, ас-су қаладағы мейрамханалардың бірінің асханасында әзірленді.
– Жұмыс ауыр емес. 4 аспазымыз, екі көмекшіміз бар. Ас мәзірін қалалық әкімдікпен бірлесе отырып жасадық. Бірінші асқа сорпа, екіншісіне қою тағам, оған қоса салат әзірленген. Оның тұтынуға қауіпсіз екенін санитар дәрігерлер осы жерде тексеріп барып, қорытындысын береді,– дейді аспаз Айгүл Сәрсенбаева.
Санитар дәрігер Дамира Нұранның айтуынша, мұқтаж жандарға таратылатын тағамдар барлық санитарлық талаптар сақтала отырып әзірленген. Санитар мамандар ас-судың өнімдерін құрамынан бастап, тағам даярлаушы және таратушы адамдардың арнайы киімдеріне дейін түгел қадағалайды. Барлығына медициналық кітапша, беттұмшаларының болуы талап етіледі. Дайын ас тек осыдан кейін ғана тұтынушыларға жол тартады.
– Тек қана тағам таратып қоймастан, жағдайы төмен отбасыларды ет өнімдерімен қамтамасыз етіп отырмыз. Ет таратуға 500-ге жуық еріктілер мен автоеріктілер көмектесті. Ыстық тамақты таратуға 200 ерікті үлес қосты. Құрбан айт меркесі кезінде демеушілер қолдауымен үш күнде 8100 адамға тамақ үлестіріп үлгердік. Ыстық ас бірінші кезекте Нұр-Сұлтандағы 12 стационардың қызметкерлеріне жеткізіледі. Бұл тізімде қарттар мен балалар үйі де бар,– деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Аян Ерментаев.
Иә, біле білсек, адамдардың жеке басы сияқты, тұтас қоғамның да қасиеті қысылтаяң шақтарда сыналады. Сол кезде тағдыр тезіне сынбағандар одан бетер шыңдалып, ширай түседі, ал бопсаны көтере алмағандар құрдымға кетеді. Одан кейін қайта тұрып, өмір көшіне ілесулері неғайбыл.
Аты жаман індет қазақ үшін күрделі сын болды, осындайда халқымыздың ауызбіршілігінің нығая түсуі, бір-біріне деген бауырмалдық сезімдерінің арта түскені қуантады.
Шалғай ауылдардың тұрмысы белгілі, елді мекендердің жетпей жатқан «жоғы» көп. Әсіресе аталмыш індет кезінде ауылдағы ағайын дәрі-дәрмекке өте зәру болып қалды. Осы қысылтаяң шақта астаналықтар туған ауылдағы ағайын-тумаларына да қажетті дәрілерін, басқа да керек-жарақтарын тауып беріп, сәлемдеме жіберіп жатыр. Халқымыздың «Ынтымағы берік елге қайғы да жоламайды» деген нақылы осындайда айтылса керек. Осынау ауыртпалық күндері ұлтымыздың ұнжыр­ғасы түсіп кетпей, керісінше етек-жеңін қамтап, бір-біріне деген көмек-қолғабысын арттыруы өте қуанышты жайт.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + 18 =