Індет іргемізде тұр

0 44

Нұр-Сұлтан қаласында Қытайда тараған жаңа коронавирусының Қазақстанға таралуының алдын алу және індет байқалған жағдайда, оны емдеудің дайындығы жөнінде баспасөз мәслихаты өтті. Шарада қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова елордалық медициналық мекемелер мен персоналдар коронавирус жұқтырды деп күдікке ілінген азаматтарды емдеуге тас-түйін дайын екенін жеткізді.Нұр-Сұлтанда дайындық күшейді

Нұр-Сұлтан – республиканың өзегі. Бір миллионнан артық тұрғыны бар бұл қалаға күн сайын келіп-кететін жолаушы да аз емес. Оның қатарында Қытайдан келетіндер де бар. Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасында аптасына бір рет үш жолаушылар по­йызы қатынайды. Ал әуе тасымалына келсек, екі ел арасында аптасына 33 рейс орындалады. Бұлардың дені Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы мен «Нұрлы жолға» ат басын тірейді. Осыған байланысты Қазақстан-Қытай арасында қатынайтын пойыздардың барлық персоналына және жолаушыларына бетперде кию міндеттелсе, ұшаққа мінетін жолаушылар Қытай қалаларында және Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы әуежайларда тепловизордан өтуі шарт.
Ал Нұр-Сұлтан қаласы коронавирустың таралуының алдын алуға қажетті медициналық жабдықтармен жабдықталған 10 бірлік резервтік жедел жәрдем көлігін дайындады және көлік жүретін нақты жол бағыттарын айқындады. Вирус жұқтырған науқастарды тасымалдауға қатысатын медицина қызметкерлерінің тізімі жасалды. Қалалық фтизиопульмонология орталығының базасында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, 150 төсек орны бар қосымша инфекция­лық бөлімше ашылды. №9 қалалық емхана базасында жұқпалы дерттің алдын алу және анықтау жөнінде Саll орталығы құрылды. Сондай-ақ дәрігерлерден, ОМҚ, жүргізушілерден құралған 12 бригада жасақталып, қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілді. Барлық емханаларда сақтық шаралары күшейтілді.

Коронавирус анықталған жоқ, дегенмен…

Қазақстанда коронавирус анықталған жоқ, алайда Қытайдан келген жолаушылардың арасында дене қызуы көтеріліп жатқан азаматтар бар. 28 қаңтар таңертең Бейжіңнен Нұр-Сұлтан қаласына келген қазақстандық бойжеткен «коронавирус ауруына ұқсас белгімен» тіркелді. Бұл туралы 28 қаңтарда елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің басшысы Сархат Бейсенова мәлім етті. «Бірақ әзірге дүрлігетін еш себеп жоқ. Дене қызуынан артық ешқандай ауру белгілері байқалмады. Қарапайым ғана тұмау жұқтырып келген болуы мүмкін деген болжам жасап отырмыз. Ол коронавирустың ошағы болған Ухань қаласына бармаған. Дегенмен алдын алу үшін тиісті шаралар қолданылып жатыр» деді С.Бейсенова.
6 қаңтардан бері ҚХР-дан Қазақстанға 25858 адам келген. Олардың арасында қазақстандықтар да, шетелдіктер де бар. Қазірге дейін олардың арасында қызуы көтерілген 23 жолау­шы тіркеліп, төртеуі ЖРВИ күдігімен ауруханаға жатқызылған. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті. Министрдің айтуынша, кейбір жолаушылардан жедел респираторлы вирустық инфекция белгілері байқалған. «23 жолаушының барлығынан қан сараптамалары алынды. Қазіргі таңда ем-дом жасалып жатыр» деді ол.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі Қытайға барып келген Қазақстан азаматтарына үндеу жариялады. «Соңғы 14 күн ішінде ҚХР-дан және оған көршілес елдерден келген барлық азаматтар тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға келуі керек және өз дәрігеріне тіркеуге тұрып, денсаулығын тексертуі қажет. Бұл өз қауіпсіздіктеріңіз үшін керек» деді Елжан Біртанов.

Қауіпті індет қаулап барады

Қытайдағы вирустың өршуіне байланысты Дүние­жүзілік денсау­лық сақтау ұйымы аталған вирустың қатерін «орташадан» «жоғары» деңгейге көтерді. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы тәуелсіз мамандар тобының мүшесі, Thе Lancet басылымының бас редакторы Richard Horton-ның мәлімдеуінше, WHO-ның төтенше жағдайлар комитеті қоғамдық саламаттыққа байланысты халықаралық алаңдаушылық жариялау жөнінде дәлелдер қарастыра бастаған. Оның айтуынша, жағдайдың дамуы төтенше жағдай жариялауға алып келуі мүмкін.
Гарвард университетінің эпидемиологы доктор Dr.Eric жақында жаңа коронавирус­тың R0 (basic reproduction number, негізгі жұғу көрсеткіші) мәні 3,8-ге жететіндігін, бұл осыдан бұрын Қытайда тараған SARS вирусына қарағанда әлдеқайда жоғары (0,49) деген қорытынды шығарған. Демек, бұл инфекция өте жұқпалы. Оның үстіне, адам денесіндегі инкубациялық кезеңі 14 күн шамасында болғандықтан, байқалмай көп адамға жұғуы мүмкін. Осы жағдайға байланысты әлем елдері қырағылықты арттырды, соған қарамастан қазір АҚШ, Германия, Жапония, Франция, Таиланд сынды 15 елде вирус жұқтырған 65 адам тіркелді. Ал Қытайда қазірге дейін 29 қаңтар сағат 12-дегі мәлімет бойынша 6074 адамнан қауіпті вирус анықталса, 9239 адам жаңа коронавирус жұқтырды деген күдікке ілікті, 132 адам опат болды. Сондай-ақ қауіпті індет елімізбен шекаралас Шыңжаң өлкесінен де табылып, қазірге дейін инфекция жұқтырған 13 адам тіркелді.
Соңғы күндері Қазақстанда «шекараны жабу керек» деген мәселе де көтеріле бастады. Алайда «Қорғас», «Майқапшағай» сынды мемлекеттік өткізу бекеттері уақытша жабылғанымен, пойыз және әуе жолы жабылған жоқ. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2005 жылы қабылдаған денсаулық сақтаудың халықаралық ережелері бар екенін, шекараны жабу режимі жаһандық қауіп-қатерге сәйкес ДДҰ жариялаған кезде ғана енгізілетінін білдірді. Оның үстіне, шекараны жапқан жағдайда, өз отандастарымызды Қытай аумағынан шығару жұмысына да үлкен кедергі келтіретін көрінеді. «Біздегі мәліметтерге сәйкес, қазір Қытай аумағында 1300 қазақстандық бар. Шекара жабылса, бұл азаматтарды эвакуациялау жұмысына да үлкен кедергі болады» деді Денсаулық сақтау министрі. Біртанов осылай деп пікір білдіргенімен, 29 қаңтар күні коронавирустың таралуына жол бермеу бо­йынша бірқатар қосымша қорғану шараларын қабылдаған Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия Қытай мен Қазақстан арасындағы жолаушы тасымалына уақытша шектеу қойды. Атап айтқанда, 29 қаңтардан бастап ҚР мен ҚХР арасында жолаушылар автобусының тасымалына уақытша шектеу қойылса, 1 ақпаннан бастап екі ел арасында жүретін жолау­шылар пойыздарының бағдары уақытша тоқтатылады. Ал әуе қатынасы 3 ақпаннан бастап уақытша тоқтайтын болды. Сонымен қатар комиссияның шешімі бойынша ҚХР азаматтарына визалар беру тоқтатылды. 2020 жылғы 4-8 ақпан аралығында Халықаралық теннис федерациясының Федерация кубогының іріктеу матчтарын ҚХР-дың Дун­гуань қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына ауыстыруы туралы ұсынысы қабылданбады, сондай-ақ 2020 жылғы 12-16 ақпан аралығында су добынан Азия іріктеу чемпионаты өткізілмейтін болды.
Отандастарымызды алаң­датып отырған мәселенің бірі – карантин жария­ланған Ухань қаласында қалып қойған қазақстандық студенттердің жағдайы. Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында бұл мәселеге арнаулы тоқталған Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат ­Нұрышев студенттерді эвакуациялау мәселесін пысықтап жатқанын жеткізді. Студенттер елге жеткізілгеннен кейін 2 апта карантиннен өтеді. Айта кетейік, 28 қаңтар күні Алматы облысындағы өткізу пункті арқылы Қытайдан 21 адам эвакуацияланды. Олардың екеуінен дене қызуы байқалды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды