Індет біздің өмірімізді қалай өзгертті?

0 54

Әлемді жайлаған індет біздің елімізді де айналып өтпеді. Соған байланысты наурыз айында төтенше жағдай жария­ланып, карантин режимі енгізілді. Сол уақыттан өміріміз де өзгере бастады.Мәселен, төртінші тоқ­санда оқушылар қашық­тықтан білім алды. Мұ­ғалімдер балаларды үй­лерінде отырып оқытты. Осы сияқты бірқатар меке­мелер онлайн жұмыс тәртібіне көшті. Бірақ өмір осымен тоқтаған жоқ. Ел тіршілігіндегі маңызды салаларда жұмыс жалғасып жатыр. Мысал үшін жоспар бойынша таяуда елордаға газ келгенін ауыз толтырып айтуға болады. Алдағы жылыту маусымы басталғанда «Көктал-1» және «Көктал-2», «Агрогородок», «Промышленный», «Железнодорожный» тұрғын алаптары және «Оңтүстік-шығыс» ауданының тұрғындары «көгілдір отынның» игілігін көре бастайды.
Пандемияға байланыс­ты бірқатар кәсіпорын мен бірнеше өндіріс ошағы, кейбір кәсіпкерлік нысандар жұмысын тоқтатып, жұмысшыларды қысқартуға мәжбүр болды. Алайда мемлекет тарапынан сондай азаматтарды тиісті қолдау шаралары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 42500 теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы төленді. Алда жұмыстарынан айырылып, қиын жағдайға тап болған адамдарға осындай мөлшерде көмек тағы беріледі. Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту орталығы екі қолына жұмыс таба алмай жүрген немесе жұмыстарынан қысқарып қалған азаматтарды «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы еңбекпен қамтып жатыр. Яғни, әр саладағы маңызды істер қалыпты әрі жүйелі түрде жүргізілуде.
Осындай қысылтаяң шақта бастысы – адамдығыңды жоғалтпау. Әйтпесе, алаңдатарлық жағдайлар да болып жатыр. Мәселен, құқық қор­ғау органдарының хабар­лауынша, төтенше жағдай кезінде отбасылық жанжалдар көбейген. Мұны, әрине, отбасы мүшелерінің бірінің әлеуметтік проблемаға тап болуымен түсіндіруге болады. Бірақ қалай да ақтайтын іс емес.
Әрине, көңіл сүйсінтерлік жақсылықтар да жасалып жатыр. Мәселен, Жаңаарқа ауданының халқы Қарағанды, Жезқазған қалалары мен аудан орталығының ауруханалары мен емхана­ларына мың дертке шипа қымызды тонналап жеткізіп жатыр. Бұл мейрім­ділік, қайырымдылық деген қасиеттерден айырылмағанымызды білдіреді. Лайым солай болсын! Жалпы осы шақта ұлттық тағамдарымыздың қадірі артып келеді. «Өзіміздің қымызымыз, шұбатымыз, қойдың құйрығы ауруға ем» деген сөз шығып еді, оларды тұтынуға тырыса бастадық. «Бір жамандықтың бір жақсылығы болады» деген осы шығар.
Бұл қиын кезеңде «Бірлік бар жерде, тірлік бар», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Бес саусақ біріксе, ине ілігеді» деген халқымыздың қанатты сөздерін ұмытпаумыз керек. Бірлікте болсақ, сабырлық сақтасақ, індетпен байланысты қиындықтардың бәрін жеңіп шығамыз. Тәжтажал кетіп, бұрынғы мамыражай тіршілігіміз қайтып оралады. Ал әзірге сақтық шараларын сақтап, баршамызға жүктелген істі баяғыдай атқара білуіміз қажет. Қалай болғанда да мемлекет қиындыққа тап болған адамдарды далаға тастамайды. Осыған сенуіміз керек. Елді ілгерілету бойынша да жұмыстар жалғаса береді. Бұл дегеніміз – әрқайсымызға атқаратын іс табылады деген сөз. Мойымайық. Өзгерсек, жақсы жағына ғана өзгерейік.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 18 =