Індет әлі ырық бермей тұр

0 34

ҚХР Гигиена және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі мемлекеттік комитетінің дерегі бойынша Қытайда коронавирус жұқтырғандар саны 70 мың адамнан асты. Мұның ішінде 1772 адам көз жұмса, 10644 адамның сыр­қаты ауыр. 11 мыңға жуық адам сауығып, емханадан шықты. 16 ақпан күні Қытай билігі Ухань қаласында жаңадан індет жұқтырғандардың саны біртіндеп азая бастағанын мәлімдеді.Атап айтқанда, 15 ақ­панға дейін Уханьдағы сыр­қаты ауыр науқастардың үлесі 28 қаңтардағы 32,4 пайыздан 21,6 пайыз­ға төмендесе, Хубэй провинциясының басқа қалаларындағы індеттің жұғу көрсеткіші де біртіндеп төмендей бастаған. Алайда оба ошағы болған 11 миллионнан астам халқы бар Ухань қаласында карантин жарияланып, бүкіл Хубэй провинциясында сыртқа шығуға шектеу қойылғанына бір айға таяса да, індеттің қаупі әлі сейілген жоқ.
Сенбі күні Мюнхенде өткен жаһандық қауіпсіздік жөніндегі конференция­да ДДҰ бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус «Халықаралық қоғамдас­тықтың қаржы жағынан қолдауының аздығы мен індеттің алдын алу қадамының сылбырлығына» алаңдаушылық білдірді. Осыдан бұрын коронавирустың қатарын «орташа» деңгейден «жоғары» деңгейге көтерген ДДҰ аталған індетке «2019 жылғы коронавирус ауруы» (COVID-19) деген ресми атау беріп, ол әлем елдерінің ортақ қарсы тұратын «бас­ты жауы» деп атап көрсеткен болатын. Себебі қазірге дейін әлемнің 30-ға жуық елінен 700 адамның індет жұқтырғаны анықталып, Филиппин мен Жапониядан адам өлімі тіркелсе, жақында Францияда бір адам коронавирустан көз жұмды. Бұл – кәрі құрлықта көз жұмған алғашқы адам. Жапонияның карантин жарияланған Diamond Princess круиздік лайнерінде (кеме бортында 50 елдің 3700 азаматы бар) де індет жұқтырғандар саны 355 адамға жетті. Қазір АҚШ, Австралия елдері кемедегі өз азаматтарын елге қайтарып әкетудің қамын жасап жатқан көрінеді. Ал лайнердегі Қазақстан Республикасының 4 азаматының жағдайы қазірше беймәлім.
Еліміз коронавирустан сақтанудың барлық шараларын жасап жатыр. Әйткенмен еліміздің вирусқа қарсы тұру қабілетіне күмәнмен қарап жатқандар да жоқ емес. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қазақстан мен Өзбекстан секілді Қытаймен көрші елдердің вирусқа қарсы тұратын инфрақұрылымы дайын емес екенін атап айтқаны – соның айғағы. Сондай-ақ Помпео Америка коронавируспен күресуге арналған 100 миллион доллар көлеміндегі бюджет қаражаты есебінен Қытайға ғана емес, Қазақ­стан мен Өзбекстанға да көмек көрсетуге ниетті екенін жеткізген болатын.
Газетіміздің өткен нөмірлерінде еліміздің Қытайдан өз азаматтарын эвакуацияланғанын жазған едік. Қазір олардың алды карантиннен шығып, үйіне қайтты. Қазірге дейін ешбір Қазақстан азаматынан коронавирус байқалған жоқ. Бірақ елде індет жоқ деп арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі індет іргемізде тұр. Оның үстіне осыған дейін жаңа коронавирустың инкубациялық кезеңі 14 күн деп қаралып келген еді. Алайда Қытай Денсаулық сақтау ісі жөніндегі мемлекеттік комитеттің сараптау комиссиясы соңғы кезде коронавирустың инкубациялық кезеңі екі апта емес, 24 күнге созылуы мүмкін екенін мәлімдесе, жақында Қытайдың Хунань провинциясының бір азаматынан Уханьға барып келгеннен кейін 30 күннен соң (одан бұрын неше мәрте тексерілсе де, ауру белгісі байқалмаған) індет жұқтыр­ғаны анықталғанын шетел БАҚ-тары жарыса жазып жатыр. Бастапқыда мамандар бұл індет адамнан адамға жұқпайды десе, кейін оның адамнан адамға жұғатыны, вирустың қалыпты температурада және ылғалды ортада бірнеше күнге дейін сақталатыны да дәлелденіп жатыр. Демек, аталған індеттің ашылмаған сырлары әлі көп секілді.
Соңғы кездері Қытай эпидемиологтары аталған вирустың ет жеп, сорпа ішкен, иммунитеттік қуаты күшті адамдарға жұғу салыстырмасы төмен болатынын айта бастады. «Ас – адамның арқауы» дегендей, отандастарымыз бұл түйінді де ескергені оң.

Коронавирустық инфекция

Бұл – 2019-nCoV деп белгіленген вирустық инфекцияның жаңа түрі.
Коронавирустық инфекция бұл жоғарғы тыныс алу жолдарының зақымдалуымен асқынып, асқынса пневмонияға айналып, адам өліміне алып келеді. Алдымен дененің ыстығы көтеріліп, тыныс алуы қиындап, бас ауырып, денесі дел-сал болып, жөтел тиіп, тамақтың ауруы сияқты симптомдарды тудырады.
Иммундық жүйесі әлсіреген адамдар вирус­ты тез жұқтырады. ДДҰ мәліметтері бойынша 2019 жылдың соңында Қытайда таралған коронавирус жұқтырғандардың жалпы санының 72 пайызы орта жастан асқан, шамамен үштен екісі – ер адамдар.
Қоздырғыш көзі инфекцияланған адам немесе тасымалдаушы болуы мүмкін. Ең көп тараған түрі – ауа-тамшы арқылы және тұрмыстық, коронавируспен ластанған ойыншықтар немесе тұрмыстық заттар арқылы жұғуы да мүмкін.

Алдын алу шаралары:

Қазіргі уақытта жаңа коронавирусқа қарсы вакцина жоқ, вакцинаны әзірлеу үшін жарты жылға жуық уақыт қажет. Аурудың алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстанып, дене шынықтыру және теңгерімді тамақтану ұсынылады.

Сақтық шаралары:

– көпшілік шоғырланған жерде тыныс алу органдарын қорғау құралы – бетперде кию;
– адамдар көп жиналатын жерлерге барғаннан кейін және тамақ ішер алдында қолды жуу;
– аурудың алғашқы белгілері пайда болғаннан дереу емдеу ұйымдарына медициналық көмекке жүгіну, өзін-өзі емдеуге жол бермеу;
– бөлмені жиі желдетіп, жиі қолданылатын заттарды залалсыздандыру құралдарымен жуып-шайып отыру.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды