Иманың болсын жиғаның

0 768

Қазір біз өмір сүріп отырған дәуірде рухани құндылықтар ауадай қажет. Қоғамда кездесетін ке­лең­­­сіз жайттар адамның рухани азғындауынан, иманның әлсі­реуі­нен, жүрегінде мейірімнің болмауынан орын алады. Сондықтан, ел болашағы жастарды имандылыққа тәрбиелеу мақсатында олармен жиі-жиі кездесу шараларын қолға алу керек. Мектептер, колледждер мен оқу орындары білікті ғана емес, рухани жаны таза, адам­гершілігі мол мамандар дайындауы керек.

Қазіргі таңда адамзат мате­риалдық тұрғыдан емес, рухани жағынан жүдеп кеткен сияқты. Демек, бүгінгі адамзат баласы бірінші кезекте материалдық бай­лыққа емес, рухани байлыққа, ізгі білімді, иманды адамдарға зәру. Басқалардың діни сезімдеріне тө­­зімділікпен қарап, жалпы адам­затты жақсы көріп, сыйлайтын, барлық мәселелерді сабыр­лы­лық­пен, кешірімділікпен, тату­лықпен шешетін парасатты ұс­танымдарға мұқтажбыз. Адам – адам болу үшін ең алды­мен иман керек. Иман деген ауызбен айтқанда төрт-ақ әріптен тұратын сөз, ал мағынасы тым терең, кең ұғым. Иманды адам адал еңбегімен нәпақасын табатын, ешкімді алдамай күн көретін, дінге берік Құдай деген жан. Міне, кісіге ең басты керек қасиет – осы иман. Қазақ жек көретін жаман адамдарды «имансыз» дейді. Бұл – бізде бәлеқор, жалақор, парақор, қылмыскерлерге таңылатын ең жаман ат.

Аллаға иман келтіру – қасиетті дініміз Исламдағы басты парыз. Құдай тағала «әрбір ақылы бар кісіге иман парыз» деген екен. Себебі, иман – ең қасиетті сенім мен сезімнің жиынтығы.

Пайғамбарымыз хазреті Мұ­хаммед Мустафа (с.а.с) бір сөзінде «Отан сүю – иманнан» деп айтқан екен. Отанын сүймейтін адамның иманы толық емес. Ал, иманы то­лық болмаған адамның рухани дә­режесі төмен болмақ. Яғни, ең үлкен қару – иман, жүректегі сенім.

Адамның бар асыл қасиеті – оның арында. Арлы, ұятты болу, намыс­ты болу – иманды болу. Қазақтың «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», – деген сөзі имандылықтың анық­та­масындай естіледі.

Барша асыл қасиеттердің шынайы кілті адам бойында екі жолмен бекиді: бірі имандылықпен, екіншісі өзіңді дүниеге әкелген ата-анаңның қанымен.

Имандылық – шынайы сенім, сезім. Нақтырақ айтсақ, «иман дегеніміз – Алла тағаланың бар­лығына, оның бірлігіне, яғни, оның серігі жоқ жалғыз екен­ді­­гіне, оның кітаптарына, періш­те­леріне, пай­ғамбарларына (с.ғ.с.) және қиямет күніне сенуің. Әр жақсы­лық пен жамандықтың бел­гі­ленуі Алла тағаладан деп білу». Қазақ халқының алдында қауіп-қатер жоқ деп айтуға болмайды. Біз ұлтымыздың болашағы үшін жатпай-тұрмай күресуіміз керек. Меніңше, еліміздің ертеңі үшін ең тиімді күрес – жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеу болып табылады. Жас адамның сана сезімін дін ғана оятады. Ислам ғана ал­бырт жастардың патриот­тық сезімін қалып­тастырып, елін, халқын сүйіп, жерін, атамекенін қорғауға құлшындырады. Имандылықты бойына сіңір­ген халық – ержүректілік пен әді­лет­­­тілікті жанына жолдас етеді.

Ал азаматтары халқына қандай қызмет етуі керек екендігін пара­саттылықпен пайымдай біледі. Сондықтан қазақтың халық болып қалуына мүдделі болсақ, Исламды кеңінен насихаттау үшін мүмкіншіліктің бәрін қарастыру керек.

Абай: «толық мұсылман – то­лық адам, жартылай мұсылман – жартылай адам» деген екен. Ел­басымыз Н.Ә.Назарбаев айт­қан­дай, «Абай – біздің рухани темірқазығымыз». Ойшылдың осы нақылынан-ақ иманды адам мен имансыз адамның парқын бағамдай беріңіз. Сондықтан, хал­­қымыздың иманды болуы, дін ұс­­танып, жаманшылықтан өзін тыюы – ұлт кемелділігіне бастайтын бірден-бір жол. Ешқандай оқу орны адамды мәңгі оқытып, ешбір ата-ана баласын мәңгі тәрбиелей алмайды. Адамның жанында өле-өлгенше бірге болатын жалғыз нәрсе – өзі. Ал, әркім өзін-өзі тәр­биелесе, қоғам тәрбиеленеді. Ал, оған негіз болатын – біз айтып отырған сенім.
Біз күн сайын қайғылы оқиға­лардың, қылмыстың орын алғанын естіп жатамыз. Шет елдерде осындай кесапаттардың алдын-алу үшін қыруар қаржы бөлініп жатса да, мыңдаған адам тынымсыз еңбек етіп жүрсе де, қоғам тәр­тіп­сіздігі тыйылмай жатады. Бұл да иман­сыздықтан. Біз бүгін жастарымызды ата-бабамыз ұстанған дін жолымен тәрбиелей алмасақ, ертең түрлі клуб құрып, мың жер­ден үгіт­тегенімізбен оларды дұрыс жолға шақыра алмай қала­мыз.

Егер бұл мүмкін болса ақ аюға балайтын көршіміз жастар арасында орын алып отырған келеңсіздікті реттеп-ақ алар еді. Керісінше, Ресейде жастар арасындағы мас­күнемдік, қыздардың жасанды түсік жасатуы, көше бұзақылығы күн сайын өршіп барады. Бұл жерде мәселені басқа тұрғыда қа­рау керек. Яғни, сана өзгер­ме­йін­ше іс-әрекет өз­гермейтінін түсі­нуіміз керек.

Ислам діні – адамға өзін-өзі тәрбиелеуді үйрететін дін. Осы тұрғыдан алғанда оның қоғам­дағы тұрақтылықты, тәртіпті рет­тейтін ғажап институт екенін мойындамасқа, таңданбасқа ама­лың қалмайды. Біз де осы жолды таңдауымыз керек.

М.ЖАБИГЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 3 =