Имамдар түлектерге бата берді

0 624

«Әзірет Сұлтан» мешітінде елордамыздың мектеп бітіруші түлектеріне арналған «Жолың болсын, жас түлек!» атты рухани­ кеш өтті.

Айта кету керек, жыл сайын мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тілеп, бата беру, мазмұны терең кеш өткізу елордамызда дәстүрге айналған. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен өткізіліп отырған рухани кешке елорда мектептерінің 1800-ге жуық бітіруші түлектері қатысты. Салтанатты кешті ашқан «Нұр Астана» орталық мешітінің найб имамы Төлеби Оспан түлектерді өмірдің жарқын белесіндегі айтулы күндерімен құттықтап, мінберге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлын шақырды.

Өз баяндамасында Наурызбай қажы білімнің артықшылықтарына тоқталып, ел ертеңі мен болашағының жарқын болуы білімді жастардың қолында екенін айтты. «Он бір жыл жиған білімдеріңізді сын тезіне салатын сәт те жетті. Шариғат көзімен қарар болсақ та, мұсылман баласының білім-ғылым игеруі парыз болып саналады. Қасиетті Құран кәрімде Алла тағала «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ала ма?» десе, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Білім алу – әрбір мұсылманға парыз» деп, үмметіне ілім игеруді насихат еткен. Сол себепті де өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаған ұлағатты ұстаздарыңыздың еңбегін еш етпей, мерейін өсіріңіздер. Білім жолындағы сапарларыңыз сәтті болғай» деп, Наурызбай Тағанұлы Жаратқаннан жақсылық тілеп, түлектерге ізгі лебізін білдірді.

Бас имамның ыстық ықыласқа толы тілегінен кейін елордалық №70 мектеп-лицейдің бітіруші түлегі, «Алтын белгі» үміткері Ұлан Әбдішүкір асыл діннің аманатын арқалаған имамдарға, дін қызметкерлеріне алғысын білдіріп, хакім Абай атамыз айтқандай дүниенің кем-кетігін толтырып, өз орнын табуға ниетті, білімге ықыласты екендігін жеткізді.

Бұдан кейін Алланың жердегі үйінде «Әзірет Сұлтан» мешітінің азаншысы Еркебұлан Байғабылов қасиетті Құран аяттарын оқыды. Соңынан бас имам Наурызбай қажы дұға етіп, жас өрендерге ақ батасын берді.

Сондай-ақ, мешітке қадам басып келген жастарға «Әзірет Сұлтан» мешітінің Хикмет студиясында «Ғибратнама», «Халық даналығы», «Ақ бата» сериясымен басылып шыққан мазмұны терең CD таспалары таратылды.

Кеш соңы түлектермен, ата-ана, ұстаздар қауымымен естелікке суретке түсумен аяқталды.

Жайық НАҒЫМАШ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 − one =