«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ілеспе аударма шебері

0 125

23 маусымда мемлекеттік қызметшілер кәсіби мерекелерін атап өтеді. Мемлекеттік қызметші­лердің әрқайсысының адал және тиімді жұмысы, түптеп келгенде, еліміздің қалыптасуына және дамуына әсер етеді. Мемлекеттік қызметші өз еліндегі тікелей міндеттерін орындаудан басқа, отбасында, қоршаған ортада, адамдармен ортақ тіл табысуда жан-жағына үлгі болуға тиіс. Бұл – мемлекеттік қызметшіге қойылатын негізгі талап.
Жыл өткен сайын мемлекеттік аппараттың жұмыс сапасын жақсартуға жан-жақты жағдай жасалуда. Мемлекеттік қызметшінің білімін, кәсіби біліктілігін және этикалық тәртібін жетілдіруге бағытталған жұмыстар атқарылуда. Ал мемлекеттік қызметшінің атқаратын шаруасы ұшан-теңіз екені белгілі. Демек, жауапкершілігі жеңіл емес мемлекеттік қызметкердің мәртебесі де жоғары бола бермек.

Мемлекеттік қызметші болу көп адамның қолынан келе бермейді. Бұл – үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап ететін міндет. Қарашаш Исмаилованың осы қызметте жүргеніне биыл 20 жыл толып отыр. Уақыт жүзімен қарағанда бұл онша ұзақ мерзім емес. Ал адам ғұмырымен санағанда бір баланың өмірге келіп, кәмелеттік жасқа толып, ат жалын тартып мінер кезі десе болады.

Кейіпкеріміз бала күнінен сөз өнерін пір тұтып өсіп, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1991 жылы тәмамдайды. Осы жылы еліміз егемендік алып, халқымыздың сан жылдар аңсаған арманы орындалды. Азаттықпен бірге ұлттық құндылықтарымыз оралды. Әсіресе, жетім баладай қағажу көрген қазақ тілінің бағы жанып, мемлекеттік мәртебеге ие болды. Енді еліміздегі заң шығару органдарынан бастап басқару мекемелерінде қазақ тілін қолдану аясы кеңейді. Дәл осы кезде екі тілді жетік білетін мамандарға көп салмақ түсті. Қарашаш апай да екі тілді еркін меңгерген жүйрік аудармашы. Алғашқы мемлекеттік қызметін ҚР Мемлекеттік кіріс министрлігінің Кеден комитетінде жетекші аудармашы болудан бастады. Одан кейін ҚР Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі агенттігінің бас маманы, Премьер-министр кеңсесінің бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бас сарапшысы, Президент Әкімшілігі құқық қорғау және сот жүйесі мәселелері жөніндегі бөлімінің сарапшысы және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы секілді жауапты орындарда еңбек етті. Мемлекеттік қызметке үйренген маман одан алыстап кете алмайды. Бұл кісі 2008 жылы Президент Әкімшілігінде қызмет істеп жүргенде аяқас­тынан қысқартуға түседі.
– Осы бір қысқа кезең менің жан-дүниеме қатты әсер етті. Өзімді-өзім жоғалтып алғандай болдым. Содан мемлекеттік қызметімді қайтадан қалпына келтіріп, ҚР Төтенше министрлігіне орналастым. Сол жерде екі ай жұмыс істеп, бүгінгі отырған орныма қайта оралдым. Мемлекеттік қызметте тұрақтылық, орнықтылық бар. Кейбіреулер «бұл салаға неге қызығасыздар? Айлығы да аз, шектеуі де көп» деп айтады. Алайда өзім бұған үйренгем. Тәртіпті жақсы көремін. Негізі, мемлекеттік қызметсіз өмірімнің қалай болатынын елестете алмаймын, – дейді ол.
Қазір Қарашаш Рақымжанқызы Парламент Сенаты аппаратының редакциялық-баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып істейді. Бұл – өте жауапты қызмет. Осы жерде қара сөздің қаймағын жеген қазақтың мықты қаламгерлері еңбек етті. Олар заң жазуда да ана тіліміздің құдіреті кемел екендігін көрсетті. Сондай ағалардың алдын көріп, осы саланың майын ішіп, жілігін шаққан маман атанды.
– Бұл жерде Сенатқа келіп түскен заң жобаларына лингвистикалық сараптама жасаймыз. Және заң жобасы Сенат отырысында қабылданғаннан кейін Мемлекет басшысының қолы қойылатын нұсқасын әзірлеп ұсынамыз, – дейді.
Кейіпкеріміз азаттық алғанымызға 30 жылға жуық уақыт болса да, алдымен заңның орысша нұсқасы жазылып, кейін оны қазақшаға аударатындығына жаны ауыратындығын жасырмады. Сондай-ақ Қарашаш апай Сенат қабырғасында өтетін барлық іс-шараларда, Президент Жолдауларын жариялағанда, түрлі жиындарда, форумдарда, конференцияларда, «Нұр Отан» партиясының съездерінде ілеспе аударма жасайды. Екі тілге де жүйрік шебер ілес­пе аудармаға да қамшы салдырмайды. Саналы ғұмырында ешқандай дабырасыз қазақ тілінің қамқоры, нағыз жанашыры болып келе жатқан маманның өмір жолынан өнегелі ой түюге болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды