ИГІЛІКТІ КӘСІП ИЕСІ

0 123

Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында қоғам дамуының жаңа көкжиегін ашып, «Бүгінде еңбек – ХХІ ғасыр жағдайындағы шешуші ұлттық фактор ретінде жаһандық бәсекелестік жағдайында алдыңғы кезекке ілгерілетілуі тиіс» деп жазды. Ал оның иесі қоғамды алға оздыратын еңбек адамы болмақ. Оның тынымсыз ізденісі мен маңдай терінің арқасында еліне елеулі болған азаматтардың жөні бөлек. Өз ісіне адал жандардың шоқтығы да бөлек болса, қала тіршілігінің аса маңызды шаруашылығының басында жүрген Сергей Алексеев соның қатарында. Ол он жеті жылдан бері осы өңірдің энергетика саласында еңбек етіп келеді. Қалалық «Астана – Аймақтық Электр желілік Компаниясы» АҚ-ның релелік қорғау және ав­томатика қызметін басқарады.

– Біздің мекеменің басты міндеті – тұтынушыларды электр қуатымен қамтамасыз ету. Жылу электр орталығында өндірілген энергияны бөліп, әр пәтердің электр нүктелеріне үздіксіз жеткізіп, қала халқының тұрмысын жақсартуға атсалыса­мыз. Біздің қызметіміз күнделікті тірлігімізде көзге көрінбейді, осы салада жұмыс істеп жүрген қызметкерлеріміз жайында да көп біле бермейміз. Демек, бұл – біздің жұмысымыздың жақсы нәтижесі. Жыл он екі ай үйімізден жарық үзілмей тұрғанының белгісі. Ал жарықсыз күнімізді елестетіп көріңіз. Үйлерімізде жарық пен жылу жоғалып, барлық мекемелердің жұмысы тоқтап, байланыс үзіліп, түрлі мекеме­лер жұмысы қаңтарылып қалар еді, – дейді Сергей. Осындай қауырт істің басында жүрген Сергейдің жұмыс күні әр сағатына дейін жазылып, жоспарланып тұрады. Бір күннің ішінде әртүрлі нысандарды аралап, олардың мінсіз жұмыс істеуін қадағалап, тексеріп отырады. Ал жұмыс ауқымы жеткілікті. Қазіргі Астана бұрынғы Ақмола да, Целиноград та емес. Елордамыздың Сарыарқаға көшіп, қанатын жайғанына Сергей де ерекше қуанады.

– Біріншіден, өнеркәсіп дамып, озық технологияларды енгізе бастадық. Құрылыс жанданып, жаңа ғимараттар бой көтерді. Тек қана Астана емес, қаланың құрылыс алаңдарына қажетті материалдар шығаратын басқа өңірдегі мекемелердің жұмысы жаңа қарқынмен өркендеді. Айна­лып келгенде, елдің экономикасы дамыды. Мұндай өзгерістер біздің өмірімізде де елеусіз қалған жоқ. Қызметімізге қояр талабымыз күшейіп, соған сай жауапкершілік жүгі артты. Негізгі міндетімізге қоса, жаңа салынған ғимараттарға дер кезінде желілерді тарту, оның техникалық талаптарға сай болу­ын қамтамасыз етеміз», – дейді кейіпкеріміз.

Расында да, қала тірлігінің басты саласы – жарықпен қамтамасыз ету жауапты міндет. Бұл саланың мама­ны ерекше жағдайда жұмыс істейді. Жинақылық, ұқыптылық керек. Жоғары кернеулі қуат желілерімен жұмыс істеу қауіпсіздік шараларын қатаң қадағалауды қажет етеді. Мамандықтың бұл айырықша сипаты бір ұжым мүшелерін жақындастырып жібереді. То­сын жағдайларда шұғыл шешім қабылдап, жауапкершілікті жұмыла көтеру – бұл мамандық иелеріне ортақ қасиет. Осындай қасиеттерімен ерекшеленетін энергетика саласының маманда­рына, бірінші кезекте, кәсібіне адалдық, таңдауына тұрақтылық тән.

Бүгінгі күннің тынысын дәл баса білген маман болашақтың сұранысын болжай алады. Ол ту­ралы Сергей ойын былай бөліседі: «Жаңа ғасырдың энергиясы – баламалы жылу көздері болады. Қазіргі күннің өзінде Америка, Еуропада өндірілетін қуаттың басым бөлігін жаңғыртпалы энер­гия құрап отыр. Бұл ешқашан сарқылмайтын жылу көздерінен алынады. Қауіпсіз, таза табиғи өнім. Еліміздің аумағында жел, күн қуатын игеруге көп мүмкіндік бар. Егер қазіргі күннен бастап осы саланы дамытуды қолға алсақ, болашақта энергетикасы дамыған елдердің алдында боламыз. Бүгінде тұтынуға қажетті энергия қуатын өндіру үшін жылу орталықтарында тонналап отын жағылатыны белгілі. Көмірдің құны арзан болғанымен, түбінде таусылатын қазба байлықтарына жатады. Қоршаған ортаға зиянсыз баламалы энергия көздерін пайдалануға қатысты зерттеу жұмыстары жандануда. Жел, күн қуатын пайдаланып, оның игілігін көретін кез де алыс емес деп ойлаймын. Бұл ғаламдық деңгейдегі дұрыс шешім».

Дүниежүзілік экономиканың маңызды мәселелеріне айналып, түрлі мінберлерде талқыланып, ғаламдық маңызға ие болған мәселенің бірі – энергетика са­ласы. Жердің қазба байлықтары ортайып, мұнай-газ өнімдерінің бағасы көтерілген сайын баламалы энергия көздері іздестірілуде. Бұл ретте, қоршаған ортаға еш зияны жоқ, жел, су, күн қуатын пайдалану, дәстүрлі энергия өндіру ісіне бала­ма ретінде қарастырылуда.

Жаңа ғасырға ұран болатын «жалпыға ортақ еңбек қоғамы» ұғымы күн санап санамызға сіңіп келеді. Оны терең түсінген сайын сол қоғамның басты кейіпкерлері Сергей сынды азаматтар еске түседі. Иә, әр істің иесі болса, Сергей өз еңбегінің арқасында ұлықталып, өз ісін дөңгелетіп жүр. Ал азаматтық бейнесін ашатын Сергей Алексеевтің ұстанымын былайша тұжырымдайды. «Жасампаздыққа ұмтылып, жақсылық жасауға талпынысымды мақтан етемін. Меніңше, адамзат баласының мақсаты да осы болу ке­рек. Рухани кемелдік адамды көркейтіп қана қоймай, өркениетке жеткізетін, қоғамды алға апаратын басты шартына айналуы керек. Егер кез келген экономикалық даму жөнінде сөз ете қалсақ, бұл адамның интеллектуалды және рухани дамуының негізінде болуы қажет».

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − 13 =