Игерілмеген жер – мемлекет иелігіне

0 86

ҚР Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігінің төрағасы Қадырхан Отаровтың басшылығымен жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне арналған семинар өтті. Жиынға елорда әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун, Ақмола облысы әкімдігінің өкілдері және бір топ ғалымдар қатысты.

Кейбір елді-мекендер мен қала маңындағы аймақтарда жер қатынастарын реттеудің заңнамалық нормалары сақталмай, Бас жоспарға сәйкес жерді пайдалану тәртібі қажетті деңгейде жүргізілмейтін көрінеді. Төрағаның айтуынша, кейбір облыстарда жеке тұрғын үй салуға арналған жер учаскелерін беру жалғасып жатыр. Жыл басынан бері республика бойынша екі мыңға жуық жер берілген. Олардың 56 пайызы инфрақұрылымы дай- ын емес алаңдарда орналасқанын ескерсек, Жер кодексінің 44-бабына сәйкес, заңнама талаптары сақталмай отыр. Яғни жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімін бөлу үшін, алды-мен жергілікті немесе республикалық бюджеттен трансферт арқылы қаражат алып, сол жердің инфрақұрылымын жасақтау қажет. «Астана маңындағы аймақтармен шектесетін Ақмола облысы аудандарында жерді пайдалану бекітілген тәртіп және ережелерге сәйкес қатаң түрде қала маңындағы аймақтың жоспарына сәйкес жүргізілуі тиіс. Бүгінде Астана қаласы маңындағы аймақтардың Бас жоспары дайын емес, заңнама талап еткендей  ҚР Үкіметімен бекітілген жоқ. Сондықтан осы құжатты дайындап, Үкіметке ұсыну жергілікті атқарушы органның құзырында»,– деді Қ.Отаров.

ТЕЛІМДЕР ТЕКСЕРІЛЕДІ, ЖЕР ТҮГЕНДЕЛЕДІ

Жиында көтерілген маңызды мәселенің бірі – Астана қаласы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы 18 мың гектар ауданда түгендеу жұмыстарын жүргізу. Ол бойынша қала әкімдігінен үлестірілген 29 мың жер телімі тексерілетін болады. Бақылау барысында жер кімнің иелігінде ғана емес, оны кім алып, қалай пайдаланылып отыр деген ауқымды мәселелер де қарастырылады.

Бүгінде елімізде 1 млн 200 мың адам үй салу үшін жер алуға өтініш білдірген. Олардың 30 пайызына жер беріліп, қалғандары кезек күтуде. 900 мың адамның өтініші қараусыз қалдырылған деуге болмайды, өйткені инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жерлер аз. Рас, осы уақытқа дейін азаматтар баспана салу үшін жер телімін мемлекет есебінен алып келді. Алайда бұл жеңілдікті кейбір алаяқтар «баспана саламын» деп алдап, басқа мақсатқа пайдаланып кеткені белгілі. Енді тексеруден кейін ондай пысықайлардың жолы кесіліп, игерілмеген жерлер мемлекет иелігіне өтетін болады.

БАҒА ТӘРТІБІ ӨЗГЕРТІЛЕДІ

Мемлекетке керек жерлерді тұрғындардың иелігінен шығару жер қатынастарындағы өзекті мәселеге айналғалы біраз уақыт болды. Жерді пай- далануды мемлекеттік бақылау және қорғау басқармасының бастығы Самал Есқалиева осы жиында үдеріс кезінде халық пен мемлекеттік органдарда туындайтын түйткілдерді атап өтті. «Заңнамадағы ақаулардың кесірінен мемлекет мұқтажына иеліктен шығарылатын жер учаскелерінің кейбір иелері оның бағасын негізсіз көтеріп отырғаны жасырын емес. Нәтижесінде, кей жағдайда жерді сатып алу бағасы салынатын нысанның бағасынан асып түседі. Бұл тек маңызды нысан құрылысына ғана емес, жалпы өңірдің дамуына кері әсер етеді», – дейді С. Есқалиева.

Осыған байланысты, 2011 жылы «Жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңда жерді мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару мәселесіне түбегейлі өзгерістер енгізілген. Онда жер учаскелерінің бағалау тәртібі реттеліп, иеліктен шығарудың нақты қағидалары айқындалған. Бұдан былай жер иесін ешқандай тәсілмен қанағаттандыру мүмкін болмаған жағдайда, сот шешімі бойынша мәжбүрлеп иеліктен шығару көзделген. Жер учаскесіндегі жылжымайтын мүліктің құны оның нарықтық құнынан аспауы тиіс. Ал мемлекеттік емес мүдделер үшін кез келген иеліктен шығару (коммерциялық мақсаттағы) мәжбүрлі иеліктен шығаруға жатпайды. Сондай-ақ, жиын барысында жер теліміне қатысты басқа да мәселелер айтылып, жерді иеліктен шығарудың негізгі критерийлері түсіндірілді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − 9 =