«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Иесіз мысықтар мекені бар ма?

0 348

«Сәуір болмай, тәуір болмас» дейді. Көктем келіп, жер жібіді. Ауылды жерлерде түйе боздап, қой қоздап жатса, Астана көшелерінде қаңғыған ит-мысықтар күрт көбейіп кетті. Әсіресе, көп қабатты тұрғын үйлердің кіреберіс дәліздеріндегі иесіз мысықтар тұрғындарды алаңдатып отыр. Өйткені күтімсіз жүрген үй жануарлары түрлі аурулар таратуы әбден мүмкін. Ал бұған кім жауапты?

УАҚЫТША ИЗОЛЯТОРҒА ИТТЕР ҒАНА ҚАБЫЛДАНАДЫ

Бұл жөнінде қаңғыбас төртаяқтыларды аулаумен айналысатын қалалық әкімдікке қарасты «Астана Ветсервис» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналды мемлекеттік кәсіпорнына хабарласып, мамандардан мән-жайды сұрадық. Олардың мәліметіне сүйенсек, ауланған ит-мысықтар саны 2013-2014 жылдары шамамен 11700 болса, 2015 жылы 9610-ға азайып, 2016 жылы 7200-ді, былтыр 7763-ті құраған. Ал биылғы жыл басынан бері 1410 төрт аяқты құрықталыпты. Оның 1196-сы – ит, 214-і – мысық.
Егер алдыңыздан көсе-көлденең өткен иесіз ит-мысықтар басқа да адамдарға кесірін тигізбесін десеңіз, «109» қызметіне хабарласыңыз немесе «Астана Ветсервис» мекемесінің 28-59-70 телефон нөмірін теріңіз. Төртаяқтыны аулаушылар күн ұзартпай көше кезген үй жануарларын ұстап әкетеді. Жалпы, «Астана Ветсервисте» қала бойынша ит-мысық аулайтын үш бригада жұмыс істейді. Олар иттерді пневматикалық тапаншамен, ал мысықтарды қолғап киіп қолға түсіреді. Құрықталған төртаяқтылар аталмыш мекеменің уақытша изоляторына апарылады. Бірақ бұл изолятор тек иттерді ғана күтіп-баптау­ға арналған екен. Ондағы ветеринарлардың тексерісінен өткен соң ауру емес иттер екі ай бойы уақытша изоляторда болады. Мұнда оларға күніне екі уақыт тамақ беріледі. Еріктілер де келіп-кетіп, үй жануарларының күтіміне көмектесіп, қамқорлық танытатын көрінеді. Ал ауру иттерге ұйықтататын улы дәрі беріліп, олар көшелер мен жолдың бойынан жиналған өлекселермен бірге арнайы инсинератор пешінде өртеледі. Қазіргі сәтте уақытша изоляторға 450 ит орналастырылыпты. Негізі, бұл жер 350 орынға ғана шақталған. Изолятордағы үй жануарлары интернет арқылы жарнамаланады. Сол арқылы иелері яки басқа да асырағысы келген еріктілер иттерді бұл жерден тегін алып кетуіне болады. Егер иелері табылмаса немесе асыраушылар ниет білдірмесе, мамандар басқа да құрықталып жатқан иттерге орын босатуға мәжбүр болады. Яғни, мұндағы 60 күннен артық тұрған төртаяқтыларға да улы дәрі беріледі.

МЫСЫҚТАР ПАНАЛАЙТЫН ЖЕР ЖАБЫЛДЫ

Ал ауланған мысықтар осы уақытқа дейін «Асенька» деп аталатын жекеменшік мысық тұрағына жіберіліп келген. Бірақ мысықтардың күтімімен айналысатын еріктілердің бұл тұрағы жақында ғана жабылып, Ақмола облысына қоныс аударыпты.
«Бізде қазір жануарлар өте көп, шығынымыз да шаш етектен. Мысалы, жануарлардың бір күндік азығына 30 мың теңге жұмсаймыз. Дәрі-дәрмек пен шприц та күнделікті қажеттілік қатарында. Әлеуметтік желідегі жазбаларымызға құлақ түретін мейірімді жандар анда-санда 10-15 шприцтен көмектесіп тұрады. Өткенде бір қыз 100 шприц әкелді. Бірақ бізге күніне 300 шприц қажет. Сол сияқты тұраққа қатты ауырып тұрған мысықтар түскенде бір күнде 3-5 қаптама циклоферон пайдаланылады. Ал оның 1 данасының өзі 2700-3000 мың теңге тұрады. Мұндай жағдайда не істеуіміз керек? Сіздердің қолдау көрсетулеріңіздің арқасында осы уақытқа дейін мыңдаған жануарды құтқардық. Бірақ қазір жағдай қиын. Көміріміз де таусылды. Азық-түлік те жеткіліксіз. Екі күннен бері жануарлар отасының ақысын төлеуге ақша жоқ. 51 мың теңге қарызбыз. Алайда бұдан былай қиналып жүргеніміз туралы әлеуметтік желіде жазбайтын боламыз» деп наурыз айында соңғы рет жазба қалдырыпты «Асенька» мысық тұрағының мамандары Вконтакте әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

АРНАЙЫ ТҰРАҚ ӘЛІ САЛЫНҒАН ЖОҚ

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қаңғып жүрген үй жануарларына арнайы тұрақтың салынатыны туралы газет бетінде талай мәрте жазылған болатын. Мамандардың айтуынша, 400-ге жуық ит пен 100 шақты мысықты асырауға қауқарлы болатын үй жануарлары тұрағы елорданың шетіндегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жағынан бой көтермек. Жаңадан түскен итке үш шаршы метр үйшік берілмек. Әлбетте, оған да тек қаңғыбас үй жануарлары ғана емес, күтімде жүріп, жоғалып кеткен иттер мен мысықтар да қабылданбақ. Үй жануарларын жақсы көретін жандар үшін де мұндағы төртаяқтыларға тамақ әкеліп, аталмыш баспанаға күн сайын келіп тұруға, сүйікті иті немесе мысығының күтімімен айналысуға мүмкіндік берілмек.
– Ит пен мысыққа арналған баспана биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Оның құрылысы басталған жоқ. Әзірге жобалау-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Жалпы, бұл мәселе қала басшысының бақылауында, – дейді Астана Ветсервис» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналды мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Медет Қылышбаев.
Әлбетте, мұндай тұрақтың салынғаны құба-құп. Бірақ былтырдан бері айтылып жүрген ғимараттың жобалау-сметалық құжаты әлі де дайын емес. Оның жыл соңына дейін салына қоюы күмәнді. Жарайды, қаңғыған иттерді апаратын жер бар. Ал «Асенька» тұрағы болса жабылып қалды. Енді босып жүрген мысықтар қайда барады?

Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды