«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Иерусалим Израиль иелігіне өте ме?

0 233

АҚШ президенті Дональд Трамп 6 желтоқсан күні Иерусалим қаласын Израильдің астанасы деп атап көрсетті де, сол бойда Американың Тель-Авивтегі елшілігін осында көшіріп әкелуге бұйрық берді. Трамптың бұл мәлімдемесі әлем қауымдастығы арасында демде дүрлігіс туғызып жіберді. Палес­тинаның ХАМАС тобының басшылары араб әлемін Израильге қарсы үшінші интифад, яғни көтеріліс жасауға шақырды.

Қазір Вашингтон қожайыны мәлімдемесіне қарсы шығушылар қатары күн санап көбейіп келеді. Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған 11 желтоқсан күні билеуші «Әділдік пен даму» партиясының отырысында Израильді «террорлық мемлекет» деп атады. Түрік лидері: «Біз Иерусалимді басқыншылық пен қырып-жоюдан басқа құндылығы жоқ мемлекетке беріп қоя алмаймыз. Заң мен тәртіпті сақтай отырып, онымен батыл күресеміз. Керек болса, Израильден елшілікті кері шақыртып аламыз», деп мәлімдеді.
Ал кеше Ердоғанның бастамасымен Ыстамбұлда Ислам ынтымақтастығы ұйымының шұғыл шақырылған төтенше саммиті өткізілді. Оған Елбасының тапсыруымен Қазақстан атынан Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Қауымдастық елдері Сыртқы істер министрлері қатарында біздің ведомство басшысы Қайрат Әбдірахманов та болды. Жиын күн тәртібінде «Иерусалим қаласының мәртебесі туралы» бір ғана мәселе қаралды.
Осы орайда бірден «Израиль неге Иерусалимге қызығып отыр?» деген заңды сұрақтың туатыны хақ. Бұл қақтығыс БҰҰ-ның 1947 жылы 29 қарашада қабылданған қарарына сәйкес, Палестина жерінде бірі – араб, екіншісі еврей нәсілдес екі мемлекет құрылған кезден басталған болатын. Аталмыш құжаттың негізінде иудейдің ертеде Ершалаим атанған Иерусалим қаласы ерекше мәртебе алып, үш діннің басын қосқан мекен болуға тиісті еді. Алайда, Сирия, Египет, Ливан, Ирак және Трансиордания (Иордания) секілді бес араб мемлекеті жоспарды орындаудан бас тартып, жаңа құрылып жатқан Израильға қарсы ұрыс ашты. Осы соғыстың ақырында Израиль бәрін жеңіп шығып, Иерусалимнің батыс қапталын басып алды.
1967 жылы аймақта тағы бір жанжал бұрқ ете түсті. Бірақ ол ұзаққа барған жоқ, соңында Израиль Иерусалимнің шығыс жағын да өзіне қаратты. Арада 13 жыл өткесін, 1980 жылы Израиль бұдан былай біртұтас Иерусалим өзінің астанасы болатынын жария етті. Сонымен бірге мұндағы мұсылмандар үшін қасиетті жерлерді Иорданияның, христианның ғибадат үйлерін Рим папасының қарау­ларына беріп, еврейлер тәу ететін орындарды өздерінің қанаты астына кіргізді.
Әйткенмен, мұнымен мәселе шешілмеді. Иерусалим Израильдің оңаша байтағы болып кете алмады. Сондықтан өткен ғасырдың 90-шы жылдарында еврейлер мәселеге басқа қырынан келіп, Иерусалим автономиялы мемлекетін құру жөнінде тілек білдірді. Бірақ бұл әрекеттен ештеңе шықпады. Осыдан кейін Израиль Иерусалимді өзінің ешқандай бөлініске жатпайтын, басқа еш мемлекетке бағынбайтын астанасы екенін мәлімдеді. Ол Палестинаға қала іргесіндегі Әбу-Дисті орталық етуді ұсынды. Бірақ палестиналықтар бұған келіскен жоқ, басқа араб мемлекеттерінің қолдауына сүйенген олар Шығыс Иерусалимді өздерінің ордасы екенін айтудан танбады.
Иерусалим төңірегіндегі пікірталас күні бүгінге дейін жалғасып келгенімен, әлі өзінің түйінді шешімін тапқан жоқ еді. Қазіргі ала жылан, аш бақа қалып соны тағы көрсетеді. Ал жаһанның жетекші елдері бұл мәселе жөнінде Израиль мен Палестина өзара қандай келісімге келсе, соған иілетін болып, әліптің артын бағып келген-ді. Алайда, ондай мәміле бола қоймады. Мұның есесіне, палестиналықтар ортасында жоғарыда айтылған ХАМАС (Ислам қарсылық қозғалысы) тобыры пайда болып, көршілеріне қарсы жаулық жасауға көшіп кетті. Оның бар мақсаты Израильді жер бетінен жойып жіберу болып отыр.
АҚШ әлемдік деңгейдегі ойыншы ретінде бұл дау-дамайдан ешқашан тысқары қалған емес. Мысалы, 1995 жылы Билл Клинтон Иерусалимнің бірігуі мен өз елінің елшілігін Тель-Авивтен сонда көшіру туралы заңға қол қойып жіберген. Президент заңның орындалуына жауапты тұлға ретінде өзін бекітті. Мұның артықшылығы, ол елдің ұлттық мүддесіне қауіп төнген жағдайда бұл құжаттың күшіне енуін кейінге қалдыра алатын. Міне, осы жылдан бастап Клинтон, Джордж Буш және Барак Обама әр жарты жыл сайын заңның орындалуын кейінге жылжытумен келген еді. Оны орындау­ға көзсіз шешім қабылдаған осы күндері ауыздыға сөз, аттыға жол бермеуге шыққан Дональд Трамп қана болды.
Ресей шығыстанушысы Алексей Малашенко Америка президентінің мұндай мәлімдеме жасау үшін өте қолайлы сәтті пайдаланып қалып отыр­ғанын айтады. Оның пікірінше, алысты көздеген Трамп өзінің стратегиялық жоспарына сай мұны қазір әдейі айтып отыр. «Бұл – Трамптың кезекті эксцентрлік қадамы емес, бұл – саналы түрде қабылданған шешім» дейді ол. Осылайша Вашингтон өзінің Израильді баяғыдан бері бекер қолдап келе жатпағанын байқатып қойды.
Әзірге 22 елдің басын қосатын Араб мемлекеттері лигасы бұл мәселеде айтарлықтай белсенділік танытып отырған жоқ. Олар шиеленісті бейбіт жолмен шешу жөнінде келіссөз жүргізудің мүмкін емес екенін айтады. Оңтүстік-Шығыс Азияның Индонезия және Малайзия атты екі ірі мұсылман елі де Трамптың шешіміне шекелерінен қарап отыр. Бұлар ғана емес, Еуропа одағы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы да алаңдаулы. Франция президенті Эммануэль Макрон бұл шешімнің БҰҰ қарары мен халықаралық басқа да құжаттарға қайшы келетінін мәлімдеді.
Енді Израильге Палестина автономиясының лидері Махмуд Аббаспен келіссөз жүргізу күрт қиындайды. Ал Трамптың кеңесшілері Иерусалимді мойындау төңірегіндегі дүрбелең басылғанға дейін бейбіт жоспар бағытымен жұмыс жүре беретінін жеткізді. Сарапшылардың пікірінше, бұл жерде АҚШ әкімшілігі өзінің Иерусалим жанжалының ен ортасына қойып кіріп кеткендерін аңғармай тұр. Бұл екі елдің арасындағы келіссөздің табысты жүруіне қатты кедергі келтіреді.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды