ХҚКО-да шешілмеген қандай мәселе бар?

0 17

Елорданың мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда «өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарын» ашу керек. Себебі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалына қарасты мекемелер «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында тұрғындарға электронды форматта анықтамаларды беруді үлгермей жатыр.Қалалық мәслихаттың заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысында осыны айтқан аталмыш филиал директоры Мәди Саданов депутаттардан бұл істе көмектесуін сұрады.
– Мұның есебінен халыққа қыз­мет көрсету орталықтарының жұмысын жеңілдетер едік. Өйткені қазір пандемияға байланысты қаланың ХҚКО-ларына алдын ала жазылу арқылы ғана баруға болады. Волонтерлер жағынан да бізге көмек керек. Кейбір ғимараттарды жалға алып, жұмыс істеп жатырмыз. Оларды жалдауға қыруар қаржы кетіп жатыр. Қызметкерлеріміздің әлеуметтік жағдайын да ойлау керек. Бізде қазір жұмыс істеп жатқан мүмкіндігі шектеулі жандар көп. Алдымен қызметкерлерді баспанамен қамтудан проблема бар, – деді депутат.
Бүгіндері елордада 8 ХҚКО жұмыс істейді. Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов осындай орталықтар саны жеткілікті ме деп сұрады. «Әрине, ЕЦП арқылы анықтама алуды үйрендік. Бірақ ЕЦП мен үйлерінде компьютері жоқ тұрғындар да кездеседі. Қазір қалада 1 миллион 200 адам тұрады. Олардың қаншасы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы арқылы электронды қызмет алып жатыр? Қаншасы анықтама алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына өз аяқтарымен келеді? Осыған талдау жасау керек» деді қалалық мәслихат хатшысы.
М.Садановтың мәлімдеуінше, осы жылдың бірінші тоқсанында елорда ХҚКО-ларына 462 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Соның 20 мыңы ғана электронды түрде қабылданған. Қалған 442 мың анықтаманы алу үшін азаматтар өз аяқтарымен келген. Яғни, электронды форматта қызметтің 1,3 пайызы ғана көрсетіліп жатыр.
Осыған байланысты мәслихат хатшысы ХҚКО бөлімшелерін адамдар көп баратын полиция пункт­терінде, сауда орталықтарында, емханаларда ашуды ұсынды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × two =