Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер

0 87

Бүгін – Халықаралық театр күні. Иә, мәдениет пен руханият әлемін театрсыз елестете алмайсыз, елестету де мүмкін емес. Онда өнердің бір бүйірі олқысынып тұрар еді. «Театр» деген сөздің өзі адамға рух береді. Аса көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп бағалапты.

Тарихқа зер салсақ, қазақтың тұңғыш кәсіби театрының шымылдығы 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда қаласында ашылған. Оның алғашқы сахнасында Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақинасы» мен М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылыпты. Тұңғыш театрдың шаңырағын халқымыздың арасынан шыққан Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Құрманбек Жандарбек секілді тума таланттар тік көтеріп әкетті. Міне, содан бері де бір ғасырға жуық уақыт сырғып өтті. Қазіргі қазақ театрын әлемнің кез келген еліндегі театрмен салыстыра аласыз, тіпті олардың кейбіреуінен өнері асып түсуі де мүмкін. Театр туралы айтқанда әртістерге тоқталмай кете алмайсыз. Театрдың жаны да, ары да – актерлер. Олардың жан алып, жан беріп жасап жүрген рөлдері – халықтың көз алдында.
Азаттық алғаннан кейін ұлттық театр өнеріне жаңаша леп, соны өзгеріс келді. Алдымен әр облыс орталығынан қазақ театрлары ашылды. Қазір оның саны біразға жетіп қалды. Әсіресе еліміздің бас ордасында театрлар саны да бір қауым. Қаладағы әр театрдың өз бағыты, өз көрермені бар. Былтыр жыл соңына таман өткен ғасырдың соңғы ширегінде іргесі қаланған елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен сәулеті мен әсемдігі үйлескен жаңа ғимаратқа көшті. Бұл қуанышты күнді театр ұжымы ғана емес, шаһар тұрғындары да көптен күткен еді. Аталған өнер ордасының XXX маусымашары жаңа ғимаратта заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясының жаңа нұсқасымен ашылды.
Сонымен бірге өткен жылы астанада Музыкалық жас көрермен театры есік ашты. Елорданың мәдени өміріне мазмұнды мәнерімен қосылған өнер ордасы жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды дарытып, отандық және әлемдік музыкалық қойылымдарды сахналау арқылы балалар мен жасөспірімдердің мәдени-­эстетикалық әлемін, таным-тағылымын, шығармашылық әлеуетін жетілдіруге бағытталған. Жаңа театрда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 71-Канн халықаралық кинофестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Әділхан Макин және Расул Усманов секілді дарынды жастар өнер көрсетеді. Өнер ордасы алғашқы маусымын ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен ашты. Жұртшылық ықыласына бөленген Жастар театры да Абай атамыздың айтулы мерейтойына байланысты ақын-драматург Жұманазар Сомжүректің «Көзімнің қарасы» атты музыкалық драмасын сахналады. М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры да тұғырлы туындыларымен көрермендерді тәнті етті.
Сондай-ақ Nomad City Hall театрына Қазақстанның Халық қаһарманы, аса көрнекті режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің есімі берілді. Былтыр індетке қарамастан елорда театрлары жұмысын бір сәт тоқтатқан емес. Мәселен, «Астана Опера» театрының талантты өнерпаздары көрермендерге онлайн форматта бірнеше музыкалық бағдарламалар ұсынды, соның ішінде Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» операсының премьерасын ерекше айтуға болады. «Астана Балет» театрында алғаш рет «Сұлтан Бейбарыс» қойылымы қойылды. Мұнда қазақ жерінде туып, жаугершілік заманында тұтқынға алынып, жат елде ерен ерлігімен, асқан талантымен құлдықтан қайраткерлік жолға дейін көтеріліп, Мысыр мен Сирияның мәмлүк сұлтаны болған Бейбарыс бабамыздың тағдыры бейнеленген. Жаңа шығарманың ­либреттосын ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков жазса, Хамит Шанғалиев пен Әлібек Әлпиев музыкамен әрлеген. Сонымен бірге Қуыршақ театры кішкентайларға арнап тамаша ертегілерін тарту етті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × five =