ХАҚ ДІН ТАТУЛЫҚТА ТҰРАҚТАЙДЫ

0 116

«Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол дегеніміз – хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс».

Қазақстан Республикасының Президенті
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Тарих сахнасының қай сатысына қарасақ та, қандай қоғам болмасын діни сенім, рухани ұстаным мемлекет үшін маңызды тіректердің бірі саналған. Жетпіс жыл адам санасын материалдық мүмкіндіктермен шектеген кешегі Кеңестік кезеңнің қабырғасы сөгілгеннен соң қазақ топырағында Хақ сенім қайта түлеп, халықтың рухани кеңістігі түбегейлі өзгерді.

15

Бүгінгі күні дін қоғамның әлеуметтік және рухани өмірінің түпқазығына айналды. Ата дінін таныған жұрт өз дәстүрлі құндылықтарын қайта жаңғыртуға талпыныс жасауда. Аллаға шүкір, Тәуелсіздік алғалы Отанымызда ата дініміз қанат жайып, құбылаға бет бұрған жандар қатары көбеюде.
Қазақстанның тарихы мен мәдениетінің ондаған ғасыры Ислам дінімен егіз өріліп, мұсылманшылық қағидаттары ертеден қалыптасты. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-нан мирас болған асыл дініміздің Орта Азияға келуі халифа Омар бин Әл-Хаттабтың (р.а.) тұсында-ақ басталып, Ислам шуағы көп ұзамай қазақ топырағына да құйылған еді. Ата-бабаларымыз саф дінді қылыштың жүзімен емес, үлкен парасат-пайыммен, ерікті түрде қабылдап, сан салалы мәдениетімен, руханиятымен ұштастыра білді. Бұл сөзімізге тарихымыздың ақтаңдақ беттері куә.
Өткен ғасырдың 80-90 жылдарында ғалымдар мен әлеуметтанушылардың «ХХІ ғасыр – рухани өрлеу ғасыры болмақ»деген пікірлері бүгінде ақиқатқа айналғандай. Шын мәнінде, ХХІ ғасырдың басы Исламның гүлденуімен ерекшеленді. Әлемде бір жарым миллиардтан астам адамның өмірлік өлшеміне айналған мұсыл­мандық қоғам бүгінде халықаралық қауым­дастықтың ажырамас бір бөлігі іспеттес.
Алайда адамзат жаратылғалы жақсылық пен жамандық үнемі арпалысып, таласып, ақ пен қара алмасып келеді. Соңғы уақытта бұлыңғыр саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін дінді қалқан етіп, теріс түсіндіріп, қоғамда исламфобтық көзқарасты қоздырушы топтар да көбейіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, маргиналды топтар дінді саясиландырып, экстремизм дәнін әлемге шашып әлек. Тіпті, бүгінгі замандағы терроризм мен экстремизм ұйымдасқан трансшекаралық қылмыспен тығыз бірігіп кетті десе де болады. Діни экстремизм түсінігінде «өзіңе қалағаныңды басқаға да қала» деген қағидалар болмайды. Олардың басты қаруы – қатыгездік пен шапқыншылық, тұрақсыздық пен бұзақылық.
Өкініштісі, дінді ұранына айналдырып, саяси, экономикалық мүдделерді көздеген осындай сұрықсыз оқиғалардың салдары бүгінгі БАҚ бетінде діни терминдерді, Ислам дінінде қастерлі ұғымдарды лаңкестерге қосарлап айтуды әдетке айналдырды.
Шын мәнінде Хақ діннің зорлық пен зомбылыққа, экстремизмге ешқандай қатысы жоқ. Исламда – экстремизм, экстремизмде – ислам жоқ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ғ.с.)-нан мирас болып, ата бабамыздан аманат күйінде жеткен асыл дініміз еш уақытта қатыгездік пен қантөгіске үндемеген. Тіпті, «Маида» сүресінің 32-ші аятында Алла Тағала:
«Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең және кім оны тірілтсе, (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең» деп, тірі пендені өлімге қиюды емес, керісінше адамдарды ажалдан құтқаруға, өмір сыйлауға, қол ұшын созуға бұйыруда.
Шынайы діннің негізгі мақсаты – адамзатты рухани кемелдікке жеткізіп, осы дүниеде және бақилық өмірде бақытқа жеткізу болып табылады.
2001 жылы АҚШ-та орын алған жарылыстан кейін әлемде дінімізге жабылған дәйексіз жалалар мен исламфобтық көзқарас өршіп, мұсылман елдерінің өзі дел-сал болып, телміріп қалған тұста ең бірінші болып: «Әлемді Исламнан емес, Исламды жаладан қорғау керек» деп, шырылдаған біздің Елбасымыз – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еді. Бүгінгі БАҚ айдынында асыл дінімізді бағыты бұлыңғыр соғысқұмар топтарға қосып, лаңкестікке теліп жүргені иісі мұсылман баласының жанына жеңіл тимейді. Осы орайда Мемлекет басшысы «Ислам – біздің мәдениетіміз», «Ислам – тағаттылық пен жасампаздықтың, татулықтың діні» деп, Хақ Исламның экстремизммен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын ашып айтып кеткен болатын.
Экстремизм мен әсіредіншілдіктің басты себебі діни сауатсыздықтан басталады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің, 190-шы аятында:
«…Шектен шықпаңдар. Негізінен Алла Тағала шектен шығушыларды жақсы көрмейді» деп, әр нәрсені ақылға салып, байыппен шешуді бұйыруда.
Жер бетінің қай бұрышында көрініс тапса да, экстремизмнің таралуына себеп болатын бірнеше факторларды атап өтуге болады. Солардың бірі – халықтың діни сауатсыздығы. Дінге толық таныммен келмеуі – діни сауатсыздықтың басты сипаты болып отыр.
Экстремистердің ел ішінде салып жатқан дүрбелеңіне ғаламтордың да ықпалы айтарлықтай басым. Соңғы кез­дері еліміздегі деструктивті топтар өз қатарларын ғаламтор арқылы көбейтіп отырғанын көз көріп, құлақ естуде.
Бұған қатысты Елбасымыз Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Бүгінде, интернет пен жоғары технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда, «сүзгі» адамның ішінде болу керек» деп, діни экстремизмнің алдын алуда ішкі иммунитетті қалыптастырудың маңызын дөп басып айтты.
Қазақтың ұлы ойшылы хәкім Абай иманды яғни сенімді «яқини» және «тақлиди» деп бөліп қарастыруы қазірдің өзінде өзектілігін жоғалтпауда. Мұның біріншісі: танымнан, ақыл дәлелінен туындайтын шын иман. Ал, кейінгісі: адамның өзі әр нәрсенің бойына терең бойламай, кім қалай айтса соның соңынан еріп, «ел қалай көшсе, мен де солай көштім» деген надандықтан шыққан соқыр сенім. Бұл үрдіс біздің қазіргі қоғамға тән діни сауатсыздықтың сипаты, діни радикалданудың себебі болып отыр. Бұның салдары ретінде қоғамда Араб, Пәкістан, Үнді елдерінің ұлттық киіміне ұмтылып, мешіт мінберінде имам уағыз жүргізсе, құлағына құлаққап тығып, ата дініне, баба салтына жат насихатқа елітіп отыратын меңіреулердің бой көтере бастауын айтуға болады. Бұған бала-шағасымен өзге елге аттанып, өз елінен табар жылуды өзге елдегі отқа, соғысқа айырбастаған ағым жетегіндегі топты қосыңыз.
Діни ілім – жеңіл ақпарат өнімі емес. Ислам діні – үлкен ғылым. Мәңгілік сарқылмайтын қазыналы дария, телегей теңіз. Ислам ілімі адам санасына ғаламтордағы бағыты бұлыңғыр, білімі күмәнді «шейхсымақтардан» дарымайды. Қазіргі таңда көптеген қара көз бауырларымыз, дін ілімін үйренуде базалық білім мен ақпараттың орнын алмастырып алған тәрізді. Соның нәтижесінде, қоғамда жоғарыда атап өткен кейбір келеңсіздіктер туындауда.
Базалық білім дегеніміз – кезеңдік, сатылы білім алу жүйесі. Яғни, бастауыш білім – орта білімнің, орта білім өз кезегінде – жоғары білімнің, жоғары білім – ары қарайғы ғылыми ізденістің баспалдағы болады.
Сол секілді шариғатты тереңірек біліп-тану үшін интернеттен алған ақпарат жеткіліксіз. Дін іліміне терең бойлағысы келген адам міндетті түрде ҚМДБ-ның ресми мешіт-медреселердегі имам, ұстаздардың алдында отырып, дәріс тыңдап, оны қағазға қолымен түсіріп, көз майын тауысып, жазып, жаттауы керек. Бұл – белгілі бір жүйеге негізделетін күрделі сала. Құран Кәрімнің алғашқы аятының өзі сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ға «оқы» деп түскен. «Ғалақ» сүресінде:
«Сондай қаламмен үйреткен. Ол адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен» деген аятта Алла Тағала қаламмен жазып-сызудың адамзаттың өмірінде қияметке дейін мәңгілік өміршең болатындығын ескерткен.
Ал сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мүбәрак хадистерінің бірінде:
«Білімді жазу, сызу арқылы байлап қойыңыздар» деп бұйырған екен. Сол үшін де құбылаға бет бұрған бауырларымыздың діни білімді мешіттерден алғаны дұрыс байлам екенін ескерте кетейік.
Жалпы, діни экстремизм мен терроризм – ғаламдық, жаһандық құбылыс. Бұл мәселеге қатысты Елбасымыз Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат, жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз» деп, бұл проблеманы алдын ала профилактикалық жолмен шешуді ұсынса, тағы бір сөзінде: «Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол дегеніміз – хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс» деп, мәселенің шешімін Заң аясында реттеуді басты назарға қойған.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (ғ.с.):
«Барлықтарың бақташысыңдар және әркім қарамағындағыға жауап береді. Имам (басшы) да бақташы. Ендеше ол да қарамағындағыларға жауапты. Ер кісі де отбасы мүшелерінің бақташысы. Олай болса, ол да қарамағындыларға жауапты. Әйел де күйеуінің үйіне бақташы. Ендеше ол да қарамағындағыға жауапты» деп, қоғамдағы өзара жауапкершіліктерді үйреткен. Осының ішінде ер адамның өз отбасы үшін, ал әйел адамның сол үйдің бала-шағасы үшін болатын жауапкершілігі тамаша айтылған. Қазақстан Республикасының Ата Заңында да «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы» деп, айқын көрсетілген. Бала – ата-анасының игі істерінің жалғастырушысы, ізгі ұрпағы, жарқын болашағы. Бала тәрбиесі – ата-ана үшін күрделі де жауапты міндет. Баланың қандай да жеке тұлға болып қалыптасуына, психологиялық һәм физиологиялық саламаттылықта жетілуіне тікелей ата-ана міндетті болады. Олай болса, дінге бет бұрған баланың алғашқы ақпараттық сұранысын қанағаттандыру үшін ең алдымен ата-аналардың өзі де діни сауатты, білімді болғаны өте маңызды.
Сайып келгенде, біз экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы тұру жұмысын мемлекет пен құзырлы органдарға немесе имамдарға ысырып тастамай, азаматтық қоғам, отбасы болып, біртұтас шеп болып, бірлігі жарасқан бүтіндей бір ел ретінде қарсы тұра білуіміз керек. Алла Тағала бірлігі жарасқан еліміздің болашағын жарқын етсін.

Марат БЕКТАЗИНОВ,
«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × five =