«Хан Шатырдағы» қазақы әуен

0 103

12

«Хан Шатырдағы» дүкендердің бірінде киім қарап жүргенмін. Дүкен ішінде қойылған ән (Рианна өңешін жыртып жатыр) аздап жүйкеге тигенін жасырмаймын. Керегімді алып, есіктен шыға бергенімде, әдемі бір әуен еріксіз тоқтатты. Жалт қарадым. Өзім құралыптас екі жас домбыра, қобызбен көпке таныс күйлерді тартып отыр. Әлгіндегі Рианнаның әні әдірем қалсын, өнерпаздардың жанына жетіп бардым.

Аптаның үш күнінде өткен-кеткен тыңдармандарға ерекше көңіл-күй сыйлайтын жас музыканттар өздерінің қызметі туралы айтып беруге бірден келісті. Олар – Бағжан Кереев, Фариза Ердібаева, Гүлмира Қадырбаева және Мереке Темірешов. Алғашқы үшеуі – елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі. Ал, Мереке әлі де сол оқу орнында білім алады екен.
«Бұл тамаша үрдіс «Хан Шатырда» осыдан бірнеше жыл бұрын бастау алған. Көпшілік жиі келетін жер болғандықтан, ойын-сауық орталығының басшылығы халыққа ұлттық музыка жауһарларын ұсынғанды жөн көріпті. Көп адамдар бізден «сіздер мұнда не істеп отырсыздар?» деп сұрайды. «Бұл – біздің жұмысымыз» десек, таңырқай қарайды. Олардың таңданысын түсінуге болады, бізде музыканттардың шетелдегідей көшеде, ойын-сауық орталықтарында отыратынына көз үйренбеген ғой. Сәрсенбі, бейсенбі, жұманың кешінде осы жерде домбыра, сырнай және прима-қобызбен өнер көрсетеміз. Сырнай фортепьяноға арналған күрделі шығармалардың аккордтарын ала алады. Ал прима-қобызбен баяу, лирикалық шығармаларды ойнаймыз» дейді өнерпаздар.
Жас музыканттардың репертуары бай екен. Құрманғазының «Адай», «Балбырауыны», Түркештің «Көңілашары», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», «Ата толғауы», Дәулеткерейдің «Көроғлысынан» бастап, кеңестік кинофильмдердің саундтректеріне дейін ойнайды. Олар Шәмші әндерін ойнаса, тыңдап тұрған жұрт қосыла шырқап, ал, той әндерін орындаса, еріксіз билеп кетеді екен. Кішкентай бүлдіршіндер «Қамажай» мен «Еркем-айды» көп сұрайтын көрінеді.
«Біздің ең шынайы тыңдармандарымыз – балалар. Олардың әуенді ынта-шынтасымен тыңдаған түрлеріне қарап, сүйсінеміз. «Үкілім-ай», «Әләулім-ай», «Жайдарман», «Илигай» сынды қазақтың халық әндерін орындағанда, тыңдармандар әншіге, біз оларды сүйемелдейтін оркестрге айналып кетеміз» деп жымиды Фариза. Бес аспапта ойнай білетін бесаспап қыз Фариза қазір қазақтың қара қобызын насихаттап жүргенін мақтан тұтады. Ол тіпті осы орталықтан өзіне кішкентай шәкірт тауыпты. Сондай-ақ, сырнайшы Бағжан Кереев те мектепте балаларға сабақ береді екен. Ал, қобызшы Гүлмира Қадырбаева – «Ақ жауын» оркестрінің қызметкері.
Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасында оқитын Мереке Темірешов жұмыс барысындағы қызықтарды бізге былайша әңгімелеп берді: «Бірде Қытайдан келген отандастарымыз менен Тәттімбеттің күйлерін сұрады. Мен Батыс күйшілік мектебінің өкілі болғандықтан, төкпе күйге жақынмын. Шертпе күйді көп біле бермейтін едім. Сонда әлгі азаматтар «шертпе күйдің атасы – Тәттімбеттің ең болмаса «Саржайлауын» білмегенің ұят болды» деп ескерту жасап кетті. Тағы бір апай бізден Н.А.Римский-Корсаковтың «Полет шмеля» атты шығармасын ойнауымызды өтінген еді. Біз ол өтінішті орындай алмай, қипақтап қалдық. Қазір тыңдармандарымыздың «музыкант әрқашан формада жүруі керек» деген ескертуінен қорытынды шығарып жүрген жайымыз бар».
Жас музыканттар өз қызметтерін «замандастарының ұлттық музыкаға бет бұруына қосып жатқан үлесі» деп санайды. «Байқасаңыз, барлық ірі сауда орталықтарында есіктен кіргеннен бастап, шетелдің музыкасы салтанат құрып тұр. Әжетханаға кіргенше құлағыңызға тыныштық болмайды. Элвис Преслилер азаннан кешке дейін «шырқап» жатады. Сондықтан, қазақтың ән-күйлері мен кейбір классикалық шығармалардың «Хан Шатырдың» бір бұрышында ойналуы өте дұрыс шешім деп ойлаймыз» дейді өнерпаздар.
…Кездейсоқ сұхбаттан ерекше әсерленіп, құстай ұшып шықтым. Алысқа ұзап кеткенше құлағымда қазақтың қоңыр әуені тұрды…

Роза ӘРЕН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − 2 =