«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Хан Кенеге тағзым

0 7

Елордада Халықаралық түркі академиясы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп, Кенесары Қасымұлының 220 жылдық мерейтойына орай «Хан Кенеге тағзым» атты іс-шара ұйымдас­тырып, кітаптың тұсаукесерін өткізді.

kenesary-1

Жиналған қауым ең алдымен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қараөткел» зиратына барып, сонда жерленген Кенесары хан сарбаздарының рухына тағзым етті.

Одан әрі жиын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында жалғасын тапты. Келген қонақтар дөңгелек үстел барысында баяндама оқып, Түркі академиясы әзірлеген «Кенесары хан» кітабының тұсауы кесілді.

Шарада ғалымдар ханның өмір тарихы мен жасаған ерлігі туралы сөз етті. Қазақтың қазіргі тәуелсіздігіне бірден-бір себепші тұлға екенін де атап өтті. Филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Дихан Қамзабекұлының айтуынша, Кенесарының қылышы Шымкентте тұр. Енді оның бас сүйегін әкеліп, денесін тауып біріктіру керек, сонда ғана рухымыз нығая түспек.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді «Кенесары-Наурызбай» дастанын шығарған Нысанбай жыраудан бүгінде еш белгі жоқ. Оның Қызылордадағы зираты тегістеліп кеткен. Біз Кенесарыға байланысты үлкен тұлғаларымызды да ұмытпағанымыз жөн» деген пікір білдірді. Сонымен қатар Алмас Алматов, Жанғали Жүзбай ағаларымыз өнерін ортаға салып, жыр мен күйден шашу шашты.

Көпшілік назарына ұсынылған «Кенесары хан» кітабын ­М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкерлері Нұржұма Елесбай және Насихат Набиолла қолжазбадан оқып, мәтінтанулық жұмыстар атқарып, құрастырып шығарды. Жинаққа Кенесары хан мен оның қасындағы Наурызбай, Саржан, Есенгелді батырлардың қаһармандығы мен ерлігі жырланған аңыз-әңгімелер, тарихи жыр-дастандардың таңдаулы үлгілері топтастырылған.

Ақтолқын АМАНЖОЛ, Л.Гумилев атындағы
ЕҰУ студент

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды