Халықтың қалауы бойынша жұмыс істейміз

0 86

Кеше елордадағы сайлауалды бейпартиялық бақылау орталығында орталық басшылары мен Қазақстан халық партиясының өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуде 2021 жылы 10 қаңтарда өтетін сайлаудың дайындық және үгіт-насихат жұмыстарын өнімді өрістету мәселелері талқыланды.

– Әлемдік тәжірибеден алып қарағанда, бейпартиялық ұйымдардың бақылауына айрықша мән беріледі. «Тура биде туған жоқ» дегендей, мұндай ұйымдар сайлау­дың заңды түрде әділ өтуіне кепілдік етеді. Біздің орталық та осындай мақсатта құрылды. Сайлаудың жалпы барысын бақылауға біздің орталық жағынан 18 мыңнан аса байқаушы жұмылдырылады, – деді сайлауалды бейпартиялық бақылау орталығының басшысы Бану Нұрғазиева.
Осыдан кейін сөз алған Қазақстан халық партия­сының өкілдері партияның сайлауға тас-түйін дайын екенін айта келіп, сайлаудың әділ өтуі үшін бақылаушылық жұмысына баса назар аударатынын жеткізді.
– Сайлауға біз де байқаушыларды жіберуге дайындалып жатырмыз. Бұл реткі сайлауға біздің партия атынан 113 үміткер қатысады. Оның 36 пайызын әйелдер, 12 пайызын 29 жасқа дейінгі жастар құрайды. Біз сайлауда сенімді ту етеміз. Былайша айтқанда, біздің мақсатымыз – халықтың қалауы бойынша жұмыс істеу, – деді партия хатшысы Олжас Сыздықов.
Айта кетейік, елордадағы сайлауалды бейпартиялық бақылау орталығы бұған дейін сайлауға қатысатын 5 партияның өкілдерімен кездесу өткізіп, сайлауды ашық әрі әділ өткізудің тетіктерін талқылады. Кездесуге қатысқан партиялардың өкілдері сайлауалды бейпартиялық бақылау орталығының атқаратын қызметіне оң бағасын беріп, орталық қызметкерлерінің сайлау кезінде өнімді жұмыс жасайтынына сенім білдірді. Сондай-ақ әр партия өз тарапынан да бақылаушылар шығарып, аталған орталық қызметкерлерімен тізе қоса жұмыс істейтінін жеткізді.
– Халықтың бұл сайлаудан күткені көп. Халықтың сеніміне селкеу түсірмеу үшін бақылаушылар өз міндеттерін абыроймен атқарады деп сенемін. Өйткені бұл – еліміздің гүлденіп-көркеюіне саятын аса маңызды мәселе. Қазір бізде бақылаушылардың 45 пайызы да­йын, сайлауға дейін 100 пайыз дайын боламыз, – деді партиялық байқау үйлестірушісі Нұрболат Мұратұлы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − 9 =