Халықтың этникалық тарихы немесе шежіре туралы сөз

0 518

Егемендіктің елең-алаңында-ақ халқымыз жоғалғанын түгендеуге, жойылғанын табуға ұмтылды. Бұл қайта құрудан басталған, жаңа заманның лебінен туған санадағы алғашқы оянулар еді. Тәуелсіздік мұны баянды етті. Сөйтіп, жер мен биліктің иесіне берілуі этникалық тарихымызға деген қызығушылықты арттырып, бастауларымызды байыта түскені рас. Осындай кезде тегімізге, этностық «ру», «жүз» деген атауларға жаңаша қарап, шежірелерге соқпай кету мүмкін емес еді.

Ресейлік заманда қазақ елі төл тарихы кедей, көшпенділіктен мәдениетін де жасай алмағандар қатарына жат­қызыл­ған болатын. Кеңес өкіметі кезінде де ұлттық мәселелеріміздің айдарынан жел есе қойған жоқ. Көсемдер ұсынған кеңестік интернационализм ұлттардың ерекшеліктері мен салт-дәстүрлерін формальды түрде танып, шындығына келгенде одақтағы бір ғана «аға» халықтың үстемдігін мойындады. 70 жыл жеке дара билік басында болған, кешегі алып территорияны «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстаған коммунистік партияның бар пәрменмен жүргізген үстем интернационализмінің салқынынан тәуелсіздіктің жылдары да ұлттық құндылықтар толықтай еңсесін тіктей алмай келе жатыр еді.

Осындай жағдайда өткен жылғы 14 желтоқсанда жария етілген Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қа­­зақ­­­стан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының маңызы аса зор. Мәселелер тақырып жағынан әралуан және ашық қойылды. Әсіресе, жуық арада қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз деген жолдар жүрегіме айрықша жылы тигенін жасыра алмаймын. Мұның арғы жағында көптеген сыр да, мән де жетерлік екенін түсінемін. Тіпті үлкен мінбелерден айтыла бермейтін қазақтың шежіресіне дейін Елбасының айрықша көңіл бөліп: «Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға – қазақ деген ұлтқа барып тіреледі. Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді» деп қадап айтты.

Халықтың этникалық тарихы – шежіре, «ру», «жүз» сияқты этностық ұғымдарды қазағым қазан төңкерісінің алдында тауып алған жоқ еді. Олар жүздеген жылдар бойы ұлттық ұғымда өмір сүріп келеді. Кезінде әр рудың белгілі адамдары мұны ретке келтіруге талаптанды, із салды. Ұлы Абай да бұған көңіл бөлген болатын. Ал Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің өмірінің бірсыпыра жылдарын ««Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» деген еңбегіне арнағаны белгілі.

Қазақ табиғатында «ру», «жүз» деген этникалық ұғымдарды орнымен пайдаланған, ешуақытта бөлінуге жұмсамаған. Бейтаныс кісілер кездессе, оның ата-тегін, руын сұрастырғанда оны алыстату үшін емес, қайта ретін тауып өзіне жақындата түсуді мақсат еткен.

Өткен ғасырдың басында Торғай өңіріндегі қыпшақтар бүкіл түркі жұртының ұлы перзенті Түркістан өңіріндегі Мұстафа Шоқайға сөз салады. Онда бізде батыр бар, халық бар, бірақ бастар көсем жоқ деген екен. Оған Мұстафа Шоқай бұл біздің жолымыз емес, бұлай тәуелсіздікке жете алмаймыз деп жауап беріпті. Халқымыздың қас батыры ғана емес, рухани көсемдерінің бірі Бауыржан Момышұлымен тілдесіп тұрып сөз арасында белгілі ақындарымыздың (атын айтпай-ақ-қояйын – Ә.Б.) бірі: «Бауке, сіз осы ұлы жүзсіз ғой» деп қалыпты. Дереу Баукеңнің қасы қиғаштанып, мұрты тікірейіп: «Әй, ақынсымақ, сен мені қазаққа қимай тұрмысың» деп, қолындағы таяқпен иықтан салып қалыпты. Құдай қайдан түрткенін өзі біле алмай қалған байғұс ақын: «Бәуке, кешіріңіз» деп батырды құшақтағысы келсе, ол: «Жолама маңыма» деп, ақынның кеудесіне таяғын тіреп, өз жолымен ары қарай жүріп кеткен екен. Міне, қазақтың арыстарының «жүз», «ру» дегенді тар шеңберде пайдаланғандарға деген көзқарастары, азаматтық ұстанымдары.

Ру – этникалық жағынан қасиетті ұғым. Қазақтың руластардың жеті атаға дейін үйленулеріне ертеден тыйым салуы жайдан-жай емес. Бұл – қандастықты сақтап қалудың ғана жолы емес, тектілікті, сапалылықты сақтаудан, болашақты ойлаудан туған даналық, көрегенділік. Мұны сонау түрік ағайындарымыз да сақтайтын көрінеді. Бірақ өздерінің айтуларына қарағанда, байлар арасында туысқан байлармен қыз алысып, қыз берісіп түрлі жағдайларға ұшырап жатқандар бар сияқты. Қайсы бір басылымнан Қытайдың таулы аймағында тұратын, ішкі өмірге онша қатысы шамалы бір тайпаның көсемдері туыстардың үйленулеріне тыйым салғаны жөніндегі ақпаратты оқыдым. Мұндай жағдайлар адам түгіл, жануарлар дүниесінде де кездесетіні белгілі.

Алайда қасиетті «рулық» ұғымды рушылдықпен шатастырып алу өмірімізде жиі кездесіп жатады. Сондықтан да Елбасымыздың қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің болуы өзін алаңдатпай қоймайтынын айта келіп: «Ондай жымысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін. Ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі» деуі жайдан-жай емес. Бұл сөздер естігендердің құлағында әлі бәсеңдей қойған жоқ, әсте бәсеңдемеуі керек.

Тәуелсіздік жылдары қалың қазақ отырған аймақтарда әрбір ру өзінің шежіресін шығарып, елеусіз қалған, халыққа қызмет еткен ардақтыларын қастерлеп, олардың есімін ел есінде қалдыру бағытында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Бұл – құптарлық дүние. Әңгіме оларды тани, қастерлей отырып, өмірімізде дұрыс пайдалана білуде. Дегенмен кейде шектен тыс марапаттаулар, ретсіз көтермелеулер де жоқ емес. Нарықтың кезінде қаржы бәрін шешеді деген келте түсінікті, қалталы кісілер мен биліктің басы-қасында жүргендер кезінде азын-аулақ іс басқарған ата-әкелерінің атына қаланың орталық көшелерін алып беріп жатқандар да кездеседі. Тіпті мектептер атын сұрап, тиісті мекемелердің табалдырығын тоздырып жүргендер де жоқ емес. Бұл, ең бірінші, аруаққа ауыр. Екінші, әлеуметтік әділетсіздікті тудырады. Үшінші, оның ата-әкесі осындай марапаттауға лайықты да, менің атам кем бе деген қызғаныш, бақталастыққа жол ашады. Осыдан ел арасына сына түседі.

Қазіргі күні де қоғамымызда бірінші кезекке іскерлік пен білімділікті, адамгершілік пен парасаттылықты есепке алмай, жалаң жүзшілдік пен жерлестік, туысқандық пен руластық принциптерді басшылыққа алатын пасық көріністер кейде бой көтеріп қояды. Бір рудың өкілі қызмет бабында көтеріліп, жұмсақ әрі биік креслоға ие болса, одан жалғыз өзі құлап қалатындай, болмаса басқалар жеп қоятындай маңайына туған-туыстарын жинай бастайды. Ондай кең өзекті, тар көкіректі, рухани кедейлер өзгелер жоқтай, үкіметтік марапаттауларға, өзі басқарып отырған өңірдегі билік жүйесіне, тіпті мешіттердің имамына дейін аудандасын, руласын тықпалап жататын фактілер әлі бар. Сонан соң бұларға көбіне жасы жеткенімен, басы жете бермейтін рулас қарттар штаттан тыс кеңесші болып алатынын қайтерсің. Әділетті кеңес беріп жатса, әңгіме өзгеше. Ретін тауып, ондайлар басшыны тек өз руының мүддесін көздейтін іс-әрекеттерге итермелеп отырады.

Кеңес өкіметі қазақтың «ру», «жүз» деген ұғымдарына күрес жариялады. Өйткені рулық сана белгілі жағдайда адамдарды жақындастырушылық, топтастырушылық рөл атқарады. Сондықтан қазақтың бірлігін бұзудың төте жолы олардың рулық, жүздік ұғымдарын күнделікті өмірден ығыстыру, араларына от тастау болды. Сол себепті Мәскеуге жазылған бірсыпыра арыз хаттар өзегі осы ұғымдарға бағытталған болатын.

Рас, ұлттық ұғым қойнауында рулық сананың да жатқанын ешкім жоққа шығара қоймас. Тек әр кез рулық сананың құшағында қалып, ұлттық сана деңгейіне көтеріле алмаса, қиыны сонда. Нарықтың рулық санаға оң өзгерістер әкелгені де белгілі. Кеше ауыл шаруашылығы жаппай жекешелендіріліп, бұрынғы ұжымшар мен кеңшарлар бөлініп жатқанда мынадай бір жағдайды байқадық. Қатардағы кісілердің көбісі жеке шаруашылық болған шаңырақтың астына рулық санамен жиналған жоқ. Олар шаруашылық иелерінің іскерлігіне, көпшілікке пайда келтіре алатын қабілетіне қарады. Былайынша айтқанда, рулықтан көрі іскерлік, жеке адами принциптер алға тартылды. Әрине, рулық пен іскерліктің астасып жатқан мысалдары да болды. Рулас іскер де болуы мүмкін ғой.

Реті келгенде тағы бір мәселе туралы айта кетсем. Кейінгі кезде рудың бас көтерерлері шежірелермен ғана айналысып қоймай, әртүрлі қауымдастықтардың да басы-қасында жүр. Ағайынның бірлігін, тірлігін ойлаған, айналып келгенде елдің қамын жеген қауымдастықтардан пайда болмаса, зиян жоқ. Ондай ресми емес бірлестіктердің ел қамы бағытында белсенді іс-әрекеттері құптарлық. Өйткені осындай жағдайда ағайын-туыс араласып, адамдардың бауырмалдығы артып, бір-біріне деген ықыластары күшейеді. Жалпы қоғам тиісті құқықтық нормаларға сәйкес өзін-өзі басқарып жатқаны әр уақытта тиімді.

Соңғы кездері жер-жерде рулық, тайпалық шежірелер шығарылып жатқанын жоғарыда айттық. Бірақ қарапайым халықтың қолында сонау «ұлы тамырлар» жөнінде мәліметтер аз. Осындайда жалпы басшылыққа алатын, отыз ойланып, тоқсан толғаныстан туған, жан-жақты ойластырылған шежірелер тарихы жасалса, жаман болмас еді. Ертеректе «Ана тілі» газетінде мұндай жоба жасауға ұмтылыс болды. Алайда ол қалың көпшілікке мәлім емес.

Сөз соңында шежіреге қайта оралып, мына ойды айтқымыз келеді. Шежірені басынан оқып, төменнен жоғары қарай түсініп, ұғынуымыз керек. Сонда біз түбіміздің бір екенін, оның осындай алып аймақты сан ғасыр иемденіп келе жатқан қазақ екенін, оған бүгінгі күні қоғамымызда қастерлі де күрделі тарихи миссия, бүкіл қазақстандықтарды ұйыстыру, топтастыру миссиясы жүктеліп отырғанын біліп қана қоймай, мақтаныш ете аламыз.

Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдарының докторы, профессор

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + eight =