ХАЛЫҚТЫҢ АЛҒЫСЫН АРҚАЛАДЫ

0 94

Бір аптаға созылған аудан әкімдерінің халыққа есеп беру кездесуі аяқталуға таяу.
Сейсенбі күні Сарыарқа ауданының әкімі Ермек Оспанов С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да 350-ге жуық тұрғынның алдында есеп берді.

Жиынға Жеңіс даңғылы, Бейбітшілік көшесі және Көктал кентінің тұрғындары қатысты.

Әкім әдеттегідей ауданда атқарылған негізгі жұмыстар мен қол жеткізген табыстарға тоқталды. Көз алдында атқарылған шаруаны халық қашан да ескерусіз қалдырған емес. Алғаш боп сөз алған көкталдық ардагерлер әкімге рахметін жеткізді. Ақсақалдың айтуынша, бүгінде Көкталда оң өзгерістер жетіп артылады. Айталық, кенттегі Сұлукөл көшесінде жаңа мешіттің құрылысы аяқталып келеді, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында жаңа тұрғын үй кешендері бой көтеріп, кенттің сәулеті артты. Инженерлік жүйелер мен жол тартылды. Кей көшелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ермек Сабырбекұлы бұл жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.
Бірнеше жылдан бері қозғалып келе жатқан №3 Студенттер жатақханасындағы орын жетіспеушілік мәселесін аудан әкімі осы жиында шешіп берді. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мен С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ басшылығының қолдауымен алдағы уақытта университет жанынан студенттер емханасы ашылатын болды. Бұл хабар барша студенттер мен оқытушылар қауымын қуантып тастады.

Аудан әкімінің соңғы кездесуі М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында өтті.

Республика, Бөгенбай батыр, Сарыарқа даңғылдары мен №187, 188 көше тұрғындары қатысқан жиында да маңызды мәселелер көтерілді.

Өткен жылы ауданның 4 орталық көшесін қайта жөндеуден өткізудің арқасында көлік қатынасы біршама жолға қойылған болатын. Бейбітшілік көшесі, Бөгенбай батыр даңғылынан Есенберлин көшесіне дейінгі жалпы ұзындығы 1,27 шақырым жол жөндеуден өтті. Осындай игі шаруаларға мұрындық болған аудан әкімі Ермек Оспанов кездесуде халықтың шынайы алғысына ие болды.

Шынар ДОСАН

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 1 =