«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Халыққа жасалған қамқорлық

0 209

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін олардың салық жүктемесін 10 есеге (1%-ға дейін) азайтуды ұсынды. Бұл ай сайын ең төменгі айлық есептік көрсеткіштің (АЕК – Т.Т.) 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындардың жеке табыс салығына (ЖТС – Т.Т.) қатысты. Салық жүктемесін 10 есеге азайтудың нәтижесінде еліміздегі жалдамалы жұмысшылардың кемінде үштен бірінің, яғни 2 млн-нан аса адамның салықтық алымдары төмендеп, жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ жалақылары өсетін болады.

Жалақы көбейеді

«2018-2020 жылдарға арнал­ған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Респуб­ли­касының Заңына сәйкес, жәр­демақыларды және өзге де әлеу­­меттік төлемдерді есептеу, сон­дай-ақ еліміздің заңнамасына сәйкес, айыппұл санкцияларын, салық­тарды және басқа да төлемдерді қолдану үшін айлық есеп­тік көрсеткіш 2405 теңге болып белгіленді. Айына 25 еселенген айлық есептік көрсеткіш 60125 теңгені құрайды. Енді қазіргі жағдай мен жеке табыс салығын азайтқан жағдайдағы жалақы қалай көбейетінін салыстырмалы таблицамен көрсетейік.
Аталған шара жалдамалы жұмысшыларға жеке табыс салығын төлейтін жеке кәсіпкерлерге өз қаражатын үнемдеу­ге мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, жұмыс берушіге шығын келтірмей, салық жүктемесін азайту бейресми, «көлеңкелі» кәсіппен қамтуға қарсы күрес­ті оңтайландырады және салық төлеуден жалтарып жүргендерді анықтап, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды заңдастыруға мүмкіндік туғызады. Бұл бас­таманы жүзеге асыру үшін еліміздің салық заң­намасына тиісті өзгерістер енгізіледі.

Жаңа механизм 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа салық кезеңінің басталуына байланысты күшіне енуі тиіс. Жеке табыс салығы бойынша бюджетке түсетін түсімдердің төмендеуі шамамен 28 миллиард теңгені құрайды деп болжанып отыр.

Тұрмыс түзеледі

Сенат депутаты Еділ Мамытбеков Президенттің бес әлеуметтік бастамасындағы жалақыны көбейтуге, салықты азайтуға бағытталған жаңалықты қоғам жылы қабылдағанын айтады. Оның пікірінше, жалақысы төмен жұмыскерлерге бұл өте үлкен көмек болмақ. «Әсіресе, мұғалімдер, соттағы мамандар, еден жуушылар аз жалақы алатыны анық. Мысалы, ауылдық жерлердегі жұ­мысшының айлығы 50 мың теңге, тіпті одан да аз. Жа­ла­қы­сы айына 60 теңге болып бел­гіленгенмен, қолына 40 мың теңге алып келген жұмысшылар бар. Ендігі жерде олар 45 мың теңге алады. Мемлекет оларға бюджеттен ақша бөлмес үшін корпоративтік табыс салығын 10 есеге қысқартады. Былайша айтқанда, бұрын 500 теңге төлейтін болса, енді 50 теңге төлейді. Сөйтіп, жалақысының көлемі ұлғаяды» деді сенатор біздің газетке берген түсіндірмесінде.
Қазіргі кезде қалада да, ауылда да аз жалақы алатын жұ­мысшылар көп. Мәселен, Ас­танадағы Сот-сараптама ор­­та­лығының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бастығы Самал Амантаеваның айтуынша, мемлекеттік мекемедегі ең төменгі жалақы мөлшері – 55 мың теңге. «Біздің мекемедегі кейбір қызметкерлер айына 60 мыңға жетпейтін жалақы алады. Мысалы, техникалық қыз­меткерлерге жататын көлік жүргізушісі, медбике, заң­гер-кеңесші ай са­йын 55 мың теңге айлыққа күн көреді. Бух­­галтериядағы кейбір қызмет­керлер де 60 мыңнан төмен жалақы алады. Мұндай жалақы Астананың тұрмысына сай келмейді. Бұлар – еңбек өтілі де аз мамандар. Президенттің бес әлеуметтік бастамасын біздің ұжымдағы жұмысшылар қуана қабылдады. Себебі жалақының мөлшері 5-6 мың теңгеге дейін көбейеді. Бұл қадам қоғамдағы тұрақтылықты нығайта түседі» дейді Самал Амантаева.
Әділет министрлігіне қарайтын «Сот-сараптама орталығы» мемлекеттік мекемесінің бас есепшісі Ыбырай Түзенов жалақының көбеюінен халықтың әлеуметтік жағдайының біршама жақсаратынын айтады. Оның пікірінше, Елбасының бас­тамасына қалада да, ауылда да зор үмітпен қарап отырғандар көп. «Бұл жерде ЖТС азайтуға қатысты өзгеріс болмақ. Бұрын ай сайын 60 мың теңге жалақы алатындарға 6 мың теңге көлемінде ЖТС салынатын-ды. Қолға алатыны 54 мың теңге болатын. Ал егер ЖТС 1 пайыз­ға қысқарса, онда жалақыдан 600 теңге ұстайды да, қолға алатыны 59400 теңге болады. Бұл – әжептәуір қосымша ақы» дейді Ыбырай Байтүгелұлы. Ол ауылдық жерлерде 30 мың теңге еңбекақымен өмір сүретін жұмысшылардың да әлеуметтік ахуалы жақсаратынына сенімді. «Ауылдық жерлерде ай сайын 30 мың теңге жалақымен күнін көріп отырғандар бар. Бұрын оларға 3 мың теңге ЖТС салынса, енді оның көлемі 300 теңгені құрайды. Демек, жалақысы 2-3 мың теңгеге дейін ұлғаяды деген сөз. Бұл ақшаға ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алады. Ауыл тұрғындарына әжептәуір ақша ғой» дейді ол өз ойымен бөлісіп.

Прогрессивті шкала енгізіледі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жариялаған кезде Үкіметке табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделеуге тапсырма бергені мәлім. Табыс салығының прогрессивті шкаласы дегеніміз – бұл салық мөлшерлемесі кірістің көлеміне байланысты болатын жүйе, яғни неғұрлым кіріс көп болса, соғұрлым салық мөлшерлемесі жоғары болады. Бұрын елімізде ЖТС мөлшерлемесін 5%-дан 20%-ға дейін белгілеген ЖТС бойынша прогрессивті шкала қолданылған болатын. Қазіргі уақытта Қазақстандағы барлық азаматтар үшін ЖТС 10%-ды құрайды және бұл әлемдегі (мысалы, Ресейде ЖТС – 13%) ең төмен көрсеткіш болып табылады.
Айта кетерлігі, әлемнің көптеген елдері табыс салығы кірістің көлеміне қарай ұлғайып отыратын «прогрессивті» жүйені қолдануда. Ең көп табыс салығының мөлшерлемесі, мысалы, Испания­да 48%-ды құраса, Германияда – 53%, Францияда – 56%. Швеция мен Жапония бұл салада үлкен табысқа жетті. Аталған елдердегі табыс салығының ең көп мөлшерлемесі жалақының 60 пайызына жетеді. Бұл мемлекеттерде «үстеме табыс» үшін «үстеме салық» қағидаты бар. Ал АҚШ-та жеке табыс­тың мөлшерін бағалау туралы біркелкі түсінік жоқ. Әр Штатқа байланысты табыс салығы 15%-дан 40%-ға дейін ауытқып өзгереді. Бұдан бөлек, салық салудың сатылы құрылымы бар, соған сәйкес барлық америкалықтар табысына қарай алты кіріс тобына бөлінген.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды