Халыққа қызмет – мерейлі міндет

0 41

Nur Otan партиясы атынан Нұр-Сұлтан қалалық мәслихаты депутаттығына үміткерлер елордадағы Сауран көшесі, 7 мекенжа­йындағы Есіл ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығында кездесу өткізді.

Кездесуде орталық өкілдері халыққа қызмет көрсету түрлері бойынша ақпарат беріп, негізгі мәселелерді де атап өтті. Орталық басшылары кейде техникалық ақауларға байланысты халыққа электронды қызмет көрсету істерінің кедергілерге тап болатынын, осыған байланысты тұрғындардан жиі шағым түсетінін жеткізді. Сонымен қатар, кейбір мемлекеттік органдардың әлі күнге дейін қызмет көрсету түрлерін толықтай электронды форматқа көшірмегенін алға тартқан орталық өкілдері бұл мәселенің пандемия кезінде жұртшылықтың үйден шықпай отырып, онлайн жұмыс бітіруіне көп кедергі болғанын айтты. Кездесуде тараптар қызмет көрсету түрлерінің «үйге дейін» нұсқасын енгізудің тетіктерін талқылады. Үміткерлер кездесуде айтылған мәселелердің алдағы күндерде оң шешім табуына атсалысатынын айтып, орталықтың қызмет өтеу сапасын жоғарылата түсуіне септігі тиетін ұтымды ұсыныстарын да ортаға салды.
Аталған кездесуден кейін үміткер «Нұрлы жол» вокзалында ашылған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барды. Жұрт арасында «АвтоЦОН» деп аталып кеткен бұл орталық сол жағалаудағы тұрғындарға қызмет көрсетеді. Орталық, негізінен, көлік тіркеу, тіркеуден шығару, көлік жүргізушісі куәлігін алу және тағы да басқа бағыттар бойынша қызмет көрсетеді. Кездесуге №17 мектеп-гимназияның директоры Рамзия Фаатқызы, ҚР грэпплинг қауымдастығының президенті Қанат Алин, Nur Otan партиясы өткізген праймеризге ең жас үміткер ретінде тіркелген Жандос Ақтаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» басшысы Шыңғыс Тілеулин, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің менеджері Мәдина Ажикенова және жеке кәсіпкер, блогер Құралай Ошақбаева қатысты.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Nur Otan партиясы сайлау қорының қаражатынан төленді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 5 =