ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫ АРТАДЫ

0 288

Астанадағы халыққа мемлекеттік қызмет көрсету

Қалалық мәслихатта өткен көпшілік тыңдауда Астанадағы халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасы туралы сөз болды.

Елордада осы бағытта атқарылып жатқан игі істер жетерлік. Бұл жөнінде Астана қаласы Әділет департаментінің заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің басшысы Әлия Нұғыманова мен Астана қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтерді ұсыну сапасы сақталуын бақылау бөлімінің басшысы Руслан Бешеев баяндады. Ал, Астана қаласы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны филиалының директоры Гүлмира Бабенова қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұсынылатын мемлекеттік қызмет түрлері көбейгенін, соның ішінде жұртшылық жылжымайтын мүлікті тіркеу және оған қатысты келісімдер жасау, азаматтарды құжаттандыру және тіркеу, азаматтық жағдай актілерін тіркеу, электронды ақпараттық қызмет түрлерін алуға жиі жүгінетінін жеткізді. Жалпы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК үстіміздегі жылдың бес айында тұрғындардан 1 091 833 өтініш қабылдап, оларға 1 123 318 дайын құжат берген.

Гүлмира Айтбекқызының айтуынша, бүгінгі таңда бас қалада республикалық ХҚО-ның 6 жетілдірілген бөлімшесі жұмыс істейді. Олар Есіл ауданына қарасты Достық және Сауран көшелерінде орналасқан №1 бөлімшесі мен «Сауран» секторы, Алматы ауданындағы №2, №3 бөлімшелері мен Сарыарқа ауданындағы№4, №5, №6 бөлімшелері екен. Сондай-ақ, «Аружан», «Азия парк» ойын-сауық орталықтарында , Министрліктер үйі, Көлік және коммуникация министрлігінің ғимаратында және «Нұрсая-2» ТЖК Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық орналасқан ғимаратта жылжымалы шоу-рум жұмыс істесе, электронды үкімет порталын көпшілікке насихаттау мақсатында қаладағы №1, № 2, №3 перинаталдық орталықтарда, «Нұр Отан» ХДП, Астана қаласы «Жылжымайтын мүлік орталығы» РМКК, Алматы ауданындағы Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықта электрондық үкімет секторлары қойылған. Осы күні де азаматтардың үйде отырып-ақ жаңа жүйе игілігін пайдалануына мүмкіндік бар. Оның ішінде «электронды үкімет» порталы арқы¬лы некеге тұруына болады. Мекен-жай, соттылығы, жылжымайтын мүлкінің бар-жоғы, заңды тұлғалар, тұрғын үйдің кепілдікте тұрғаны туралы анықтамаларды алуына барлық мүмкіндіктер қарастырылғанымен, салада орын алған проблема да жоқ емес екен. Бұл ретте директор қаладағы ХҚО ғимараттары жалдамалы екендігіне әрі жалақының аздығына байланысты мамандардың тұрақтамайтынына тоқталды.

Отырысты қорытындылай келе, қалалық мәслихаттың хатшысы С.Есілов халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы тұрғындардың күнделікті көңіл-күйіне әсер ететінін ескеріп, азаматтар өздеріне қажетті құжаттарды еш кедергісіз және дер кезінде алуы үшін жиынға қатысушыларды саладағы жұмыс сапасын арттыруға бірлесе атсалысуға шақырды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + six =