Халыққа қызмет – басты міндет

0 50

Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елордадағы әлеуметтік маңызды нысандардың жұмыс барысымен танысты.Бірінші кезекте «IKOMEK109» және жедел әрекет ету орталығына барды. Қалалық iKOMEK109 мониторинг орталығының басшысы Жаннат Дүбірова 2019 жылдың басынан бері 1 670 918 өтініш түскенін, бір азаматқа бір мәселе бойынша қызмет көрсету 20 минуттан аспайтындығын, орталық 700 ұйыммен тығыз байланыс орнатқан жағдаяттық орталықтың жүйелі жұмысын баяндады. ҚР Премьер-министрінің орынбасары жұртшылықты әлеуметтік саланың қай түрлері алаңдататыны туралы сұрады. «Негізінен, әлеуметтік мәселелер бойынша өтініштер мен шағымдар медицина қызметкерлерінің сапасына, дәрі-дәрмектің жетіспеуіне, балабақшаларға және бірінші сыныпқа кезек бойынша түседі» деп жеткізді Ж.Дүбірова.
Бердібек Сапарбаев қалалық мемлекеттік органдар, министрліктер бірыңғай байланыс орталығымен тығыз байланыста болуы тиіс екенін, әрі Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінен олардың жауапты адамдары орталыққа келіп, әріптестік байланыс орнату жөнінде тапсырма беретіндігін айтты.
Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев орталық қызметкерінен балалардың жоғалып кету оқиғасы, оны іздеу жұмыс­тары қалай жүргізілетіні, сол сияқты бұзақылық тіркелгенде қандай әрекеттер жасалатыны жайында сұрады. «Мектеп оқушыларында каникул енді аяқталғандықтан әзірге мұндай оқиға тіркелген жоқ. Бірақ өткен жылдың желтоқсан айында мектеп оқушысының жоғалып кеткені туралы қоңырау түскен болатын. Тәртіп сақшылары бірден іске кіріскендіктен, сол күні 17:30-да сыныптасының үйінен табылды. Ал қоғамдық тәртіпті бұзып, төбелес болған жағдайда полицейлер оқиға орнына дереу жетеді. Қаладағы түнгі клубтар, демалыс орындары, әлеуметтік маңызды нысандар 24 сағат бойы бақылауда тұрады» деді Полиция департаментінің капитаны Гүлбану Мұқатаева.
Ал орталық басшысының орынбасары Берік Ахметов МӘМС пен жаңа жүйедегі АӘК туралы жұртшылық тарапынан сұрақтар жиі түсіп жатқанын, оларға арнайы даярланған операторлар дереу жауап беретінін жеткізді.
Осыдан кейін Үкімет басшысының орынбасары 237 мың тұрғыны бар Есіл ауданы әкімдігінің «Open akimat» тұрғындарға «бір терезе» қағидаты бойынша қыз­метінің жұмысымен танысты.
Елордалық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина жылдың басынан АӘК алу мәселелері бойынша 2800 отбасы кеңес алып, оның ішінде 480 өтініш қабылданғанын және одан әрі учаскелік комиссияға жіберілетінін айтты.
Бердібек Сапарбаев, сондай-ақ №2 қалалық көпбейінді ауруханаға, №9 қалалық емханаға, «Жағалау» отбасылық денсаулық орталығына, Астана қаласының орталық жол ауруханасына барып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жүзеге асырылу барысымен танысты.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − 6 =