ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТР КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

0 259

Изображение 2223(1)

«Адам бүгін театрға ертең адам болып қалу үшін барады» деген канадалық режиссер Робер Лепаждың пікірімен толықтай келісуге болады. Себебі, сан түрлі өнердің басын қосқан театр әлемінен жан дүниемізді мазалайтын өмірлік сұрақтардың жауабын табатынымыз рас.

1961 жылы Халықаралық Театр институты Вена қаласында өткен IX конгресінде 27 наурызды «Ха­лықаралық театр күні» (World Theatre Day) деп бекітті. Жыл сайын көктемнің алғашқы айында бұл мерекені Халықаралық Театр инс­титуты мен дүниежүзіндегі театр қауымдастықтары жоғары деңгейде атап өтеді. Аталмыш мереке біздің елордамызда да осымен үшінші рет дәстүрлі түрде тойлануда.

Конгресс-Холда актерлар қауымын төл мерекесімен құт­тық­таған Астана қаласы Мә­дениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов елорда әкімі Иман­ғали Тасмағамбетовтің арнайы құт­тықтау хатын оқып, гүлшоғын табыстап, осы жылы ерен еңбегімен үздік танылған бірқатар театр саң­лақтарын алғыс хатпен марапаттады. Бұл тізімде Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Бақыт Исабекова, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық Орыс драма театры­ның актрисасы Наталья Матвеева, «Наз» би театрының актері Алмат Шәмшиев, «Жастар» театрының белді актері Азамат Есқұлов, «Қуыршақ» театрының жас актері Аманжол Темірханұлы мен «Терра» би театрының бишісі Ольга Тахирқызы бар.

Әшірбек Сығай бастаған театр өнерінің тарландары әріптестерін құттықтап, жас дарындардың мере­келік кешке арнайы дайындаған сах­налық қойылымдарымен танысты.

«ЭКСПО-2017» актерлар көз­қа­расымен» тақырыбында әр театр ұжымы өзіндік қойылымдарын сахналады. М.Горький атындағы Орыс драма театрының актерлері Астанаға жаңа жастар театрының қажет екендігін, Қаллеки театрының ұжымы өз қойылымдары арқылы ұлттар достығы мен татулығын көрсетсе, «Қуыршақ» театры сахна­да мың бұрала билей алатын алып қуыршақтарымен тек балаларды ғана емес, үлкендер қауымын да тәнті ете алатындарын көрсетті.

Тұрсынбек Қабатов бастаған «Әзіл әлемінің» жігіттері пародия­ларымен залды думанға бөледі. «Дала театрынан бас­тап, қазіргі заман және  болашақтағы театр қандай болмақ?» деген идеяны сахналаған «Жастар» театры озық технологиялар санамызды қанша жауласа да, театр рухы өшпейтінін қалың көрерменге жеткізе білді.

Нұргүл АХАНҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × one =