Халықаралық байқауда топ жарды

0 80

Елордадағы №60 мектеп-лицейдің 8-сынып оқушысы Ақерке Зәрубай Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай мұрасы – қазақтың қасиетті қазынасы» атты білім беру ұйымдарының педагогтары мен оқушылары арасындағы халықаралық байқауда 1-орынды жеңіп алды.Байқауда Түркия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстаннан 500-ге жуық үміткер бағын сынаған. Білім додасында оқ бойы озып шыққан Ақеркенің «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген тақырыптағы шағын эссесі үздік деп танылып, эсселер жинағына енді. Ұлы ақынның өлеңдеріне деген баланың қызығушылығын оятып, білім әлеміне бағдар көрсеткен ұстазы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айзада Ғаппарқызы екенін айту ләзім. Төменде Ақеркенің эссесін толық жариялап отырмыз.
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»
(Абай өлеңдерінің
ерекшеліктері)
Абай Құнанбайұлы – қазақтың көрнекті ойшылы, ақын, адамзат тарихындағы дана тұлғалардың бірі. Абай атамыз келер ұрпаққа мағынасы терең қара сөздерін, ғибратты өлеңдерін қалдыр­ды. Жастайынан әжесінің аузынан қазақтың батырлар жырымен, ертегілерімен сусындап өскен бала 35-40 жасына жеткенде өзіндік ақындық қабілетін таныта бастайды. Ақын өлеңдерінің мағынасы терең, тәрбиелік мәні зор. Абай атамыз XIX ғасырда өмір сүргендіктен қазақ жеріндегі теңсіздік, биліктегі қайшылықтар туралы жазды. Одан бөлек, адамның бойындағы ақыл, сана, білім, достық, ғашықтық сезім жайында жазып, артына мол мұра қалдырды. Ақын кейбір өлеңдерінде болашақты болжаған сияқты. Келер заман жастарының қандай болатынын да дәл айтып кетті.
Абай атамыздың адам бойындағы жағымсыз мінез-құлық, ғашықтық сезім, ғылымның пайдасы туралы философиялық өлеңдері көп. Менің ойымша, өмірде өзінің орнын табуды қалайтын адам ақын өлеңдерін оқып шықса, өне бойына қайрат пен сенім ұялайтынына толық сенімдімін. Абай атаның өлеңдерінен өмірдегі барлық сұрақтарға жауап таба аламыз. Өзіме қатты ұнайтың ақынның мынадай өлең жолдары:
«Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелт­пек».
Өлеңнің алғашқы жолдары адамға терең ой салады. Қысқаша мағынасын ашатын болсам, адамның жүрегінде қайрат болмаса, әлі оянбаған ойды кім оятады деген ақын бұл жерде қайрат деп адамның өзін қолға алуын, тәубеге келуін айтып тұр деп ойлаймын. Ал ақылына сәуле ұшқыны қонбаса, ол адамның хайуанша өмір сүретінін меңзейді. Яғни бұл жерде ақыл – жүректің суаты екенін айтып отыр.
Абай Құнанбайұлы өлеңдерінің ерекшеліктері неде? Менің ойымша, барлық өлеңдері өнегеге толы, өміршең. Оны мына өлеңінен де байқауға болады:
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін».
Осы өлеңнің алғашқы төрт жолымен-ақ өзінің өлеңдерін не үшін жазатынынан хабардар етеді. Өлеңдерінде жастардың мәселелерін айқын ашып көрсетеді. Абай атамыздың өлеңдерін оқып отырып, бір түсінгенім: өмірден өз орнымызды табу үшін бала күнімізден бастап пайдалы білім алып, санамызды оятуымыз керек. Білім – адамның көркі. Жастайымыздан білім-ғылымға көңіл бөлмесек, есейген соң өкініп қаламыз.
Ең бастысы, «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» деп ақынның өзі жырлағандай, әр өлеңінің мағынасына терең үңіліп, әр сөзінен үлгі ала білуіміз қажет.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − eleven =