«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Халықаралық автошеру – Астанада

0 202

17 сәуір күні Ресейдің Нижневартовск қаласынан «Жеңіс барлығына ортақ» атты автошеру басталды. Ханты-Мансийск автономды аймағы Думасы жанындағы Жастар парламенті ұйымдастырған халықаралық медиаэкспедиция бағыты Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан аумақтарын қамтиды.

Өткен жексенбі күні Газ-М-20 «Победа» көліктерін мінген медиаэкспедиция мүшелері Астанаға жетіп, Отан қорғаушылар монументіне гүл шоқтарын қойды. Астаналық Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерімен кездесіп, әңгімелесті.
«Медиаэкспедиция 2012 жылдан бері өтіп келеді. Осыған дейін біз батыр қалаларға барып, Берлинге дейін жеттік. Биылғы бағытымыз да, мақсатымыз да өзгеше. Автошеру барысында барған елдердегі тыл еңбеккерлері туралы, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары жұмыс істеген кәсіпорындар жөнінде мә­ліметтерді жинап жатырмыз. Кейін бұл материалдарды жастарға таратамыз. Себебі, шынымен де Ұлы Жеңіс барлығымызға ортақ. Келесі жылы жобамызға қазақстандық жастар да қосылатынына сенімдімін» деді медиаэкспедиция жетекшісі Николай Заболотнев.
Автошерушілер Петропавл, Көкшетауда болды. Астанадан Қарағандыға жол тартты. Жалпы медиаэкспедиция одан әрі еліміздің Балқаш, Шымкент, Қызылорда, Байқо­ңыр, Қостанай қалалары мен Бішкек, Ташкент, Самарқан арқылы өтіп, 9 мамыр күні Ресейде мәреге жетеді.
Медиаэкспедиция жетекшісінің айтуынша, қазір қоржындарында соғыс жыл­дарындағы Қазақстан туралы біраз мәлімет жиналған. Ақмоладан шыққан Кеңес Одағының Батырлары, жалпы осы өңірден шыққан бірқатар соғыс ардагерлері туралы бейнеролик жасалды. Жоспарда тылдағы еңбек жөнінде фильм түсіру де бар.
Медиаэкспедиция мүше­лері Астананың көрікті жерлерін аралап, елорда әкімдігі атынан автошеруге қатысушыларға Қазақстанның бас қаласы туралы кітаптар тапсырылды.
«Бұған дейін Астананы осыдан үш жыл бұрын бір көргенім бар. Содан бері қалаларыңыз өсіп, көркейе түсіпті. Ғажайып ғимараттар мен көпірлер көркіне көз тоймайды. Астанаға биыл 20 жыл толады екен. Осынау мерейтоймен барша қазақстандықтарды, астаналықтарды құттық­таймын» деді Н.Заболотнев.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды