Халық. Жер. Әділет

0 34

Жуырда «Қазақстан халық партиясы» құрылтайын өткізіп, алдағы сайлауға «Халық. Жер. Әділеттілік» атты ұранмен қатысатынын жариялады.

«Алдағы сайлауда міндетті түрде жеңеміз. Бұл жеңісіміз биліктегі позициямызды нығайтып, әлеуметке бағытталған бастамаларымызды жылжытуға мүмкіндік береді. Жеңіске жетіп, Парламенттен орын алып қана қоймай, парламенттік көпшілікке айналамыз» деп мәлімдеді партия жетекшісі Айқын Қоңыров. Партия мүшесі Ирина Смирнова «халықтықтар» сайлауға 10 нақты бастамасымен баратынын жеткізді. «Ең алдымен білім беру мен денсаулық сақтаудың қолжетімділігі аса маңызды. Біз әлеуметтік сақтандыру қорын таратып, өнімдердің сапасы туралы жаңа заң қабылдауға мұрындық боламыз. Сондай-ақ біз азық-түлік және дәрі-дәрмек бағасын бұрмалауға қатысты қатаң жаза қолдануды жақтаймыз. Баспана мәселесін шешу үшін қазақстандықтарға 10 сотық жер беріп, қажетті инфрақұрылым салуды ұсынамыз» деп түсіндірді И.Смирнова.
Партиялық тізімге барлығы 125 адам кірген, соның ішінде 89-ы – ер адам, 36-сы – әйел. Үміткерлердің орташа жасы – 46 жас. Ең жасы – 25-те, ең үлкені – 67 жаста. Тізімге партияның бұрынғы жетекшісі Владислав Косарев, Тұрғын Сыздықов, Галина Баймаханова енбей қалған. Үміткерлер арасында қазіргі Мәжіліс депутаттары Айқын Қоңыров, партия хатшысы Жамбыл Ахметбеков, Ирина Смирнова, Магеррам Магеррамов, бұған қоса, «Кипр» сараптама тобының жетекшісі Ерлан Смаилов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің деканы Әлия Масалимова, қарағандылық азаматтық белсенді Василий Климаков бар.
«Біз партиялық тізімді жасағанда саяси шоу өткізуден бас тарттық. Сол себептен үміткерлердің есімдерін атамадық. Тек өзіміз сенім артқан жандарға дауыс береміз. Біз өз кадрларымыздың кәсіби шеберлігіне, озық тәжірибесіне, нақты еңбегі мен жетістіктеріне сүйенеміз. Ал бұл тізімдегі адамдар – партияның жұмысында өзін-өзі көрсетіп, халықтың ең түйткілді мәселелерін білетін жандар» деді жиын соңында Жамбыл Ахметбеков. Таңғаларлығы, құрылтай бар-жоғы 45 минутқа созылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − nine =