ХАЛЫҚ ЫНТЫМАҒЫНЫҢ ФАКТОРЫ

0 106

Қазақстан-Ресей университеті, Инновациялық технологиялар кол­леджі қалалық Қазақстан халқы ассам­блеясының қолдауымен Астананың 15 жылдығына және «EXPO-2017» тақырыбына арнал­ған «Егеменді Қазақстанның қа­лып­тасуы және ғылымдағы жас ұрпақ­тың рөлі мен жетістіктері» ІІІ ғылыми-практикалық форумы өтті. Оған елорда білім ордаларында оқып жүрген жүзден астам талапты жас қатысып, ойларын ортаға салды.

Адамзат қоғамының мәдени құнды­лық­тарына құрметпен қарайтын, заманауи тұрғыда ойлайтын мамандарды, жаңа ұр­пақ­ты даярлау барысында жастардың тыр­нақалды ғылыми ізденістерінің орны бөлек. Сол себепті де форумның басты тақырыбы ретінде Астана қаласы таңдалып алынды. «Астана – халқымыздың ынтымағының факторы» деген атпен талапты жастар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ғылыми еңбектерін қорғады.

«Сарыарқаның төрінде тәуелсіздігіміздің тұғыры, арман қала – Астананың бой кө­теруі бүкіл қазақстандықтар үшін тарихи уақиға деуге болады. «Астана» сөзі қазақ ті­ліне парсы тілінен енген. Ол «киелі орын», «бо­саға» деген мағынаға ие. Бү­гінде бұл қала Есіл өзенін жағалай ел қон­дырған, баянды болашағымызға қол соз­дырған Ақ ордаға айналды. Бәріміздің мақтанышымыз – әсем Астананың 15 жылдық тарихын зерделеу арқылы ота­нымыздың әлеуетін таныдық» деп тол­ғанысын білдірді «Барбанг» күрд этно­мәдени бірлестігінің мүшесі Оджалан Абишов.

ДОСТЫҚТЫҢ  ЖОЛ КАРТАСЫ

Қазақстан халқы ассамблеясының 20-сыншы мерейтойлық сессиясы қар­са­ңында еліміздің барлық аймақтарын ара­лап келе жатқан «Достықтың жол кар­тасы» кітабы әкелінеді. Кітаптарды эстафета бо­йынша қаладан қалаға ауыстыру «Бей­бітшілік пен келісімнің жол картасы» рес­публикалық мега жобасы аясында жүзеге асырылуда. Халықтар арасындағы достық нышанының салтанатты шеруі Астанада аяқталады. Бұл туралы astana.kz сайтына Қазақстан халқы ассамблеясының қалалық филиалынан мәлім етті.

«Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» республикалық мега жобасы 2012 жылдың 1 мамырында Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен іске қо­сылған болатын. Акция Шығыс Қазақстан облы­сынан бастау алды. Өткен жылы ол рес­публикамыздың шығыс, солтүстік және орталық аймақтарын аралап, 2013 жылы батыс және оңтүстік облыстарға сапарын жалғастырды. Соңғы аялдама енді 24 сә­уірде Қазақстан халқы ассамблеясының ме­рей­тойлық 20-сыншы сессиясы өтетін Астана қаласы болғалы тұр.

Республикамыздағы бейбітшілік пен ұлт­аралық татулықтың бейнесіндей кітап осы атаулы датаға орай Қазақстан астанасына 23 сәуір күні беріледі. Эстафетаны Алматыдан Астанаға қорытынды кезеңде келетін делегация тапсырады.

Жобаның талаптары бойынша әрбір ай­мақ қонақтарды қарсы алып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Ағаштар отырғызып, об­­лыс орталықтарының көрікті жерлерін көр­сетеді. Концерттер мен флеш-мобтар, дөңгелек үстелдер, фестивальдар, конференциялар ұйымдастырады.

Астана қалалық ҚХА-дан astana.kz сайтына хабарлағандай, кітапты қарсылап ала­тын Астанадағы делегация құрамына 40-қа тарта адам еніп отыр. Олардың қата­рында ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттары, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері мен елорда басшылығы бар. Ережеге сәйкес екі жақтың да депутаттары «Достықтың жол картасы» кітабына өздерінің тілек­тері мен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­­тың мемлекеттік саясатын қолдайтын, атап айт­қанда, ұлтаралық татулық пен саяси тұрақ­тылыққа байланысты лебіздер жазып қал­дыруы қажет. «Бейбітшілік пен тату­лықтың жол картасы» жобасының қо­рытындысы туралы Елбасына Қазақстан халқы ассамблеясының 20-сыншы сессиясында баяндалады.

«ҚАЗАҚСТАН – 2050» CТРАТЕГИЯСЫ: БІР ХАЛЫҚ – БІР ЕЛ – БІР ТАҒДЫР»

Он сегіз жылдық тарихында ассамблея елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Қазіргі таңда ол құқықтық тұрғыдан Н.Назарбаевтың үлгісі деп аталуда. Қазақстандық үлгі Біріккен ұлттар ұйымында, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдерде, Копенгагенде, Венада, Женевада, Нью-Йоркте өткен халықаралық форумдарда таныстырылып, оң бағаға ие болды. Ол әлемнің 56 тіліне аударылып, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердегі ҚР дипломатиялық өкілдіктеріне таратылады.

Қазақстандық үлгінің негізінде елді ұйыстыруды көздейтін «Әралуандықтың бірлігі» қағидасы жатыр. Мәдени әралуандықты сақтау мен дамытуға мемлекеттік этностардың тілдері мен мәдениетіне қолдау көрсету жөніндегі салиқалы саясаты оң ықпалын тигізуде.

АСТАНА ХАРТИЯСЫ ҚАБЫЛДАНДЫ

Барлық этностардың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін Ассамблея жанынан «Тіл­дарын» тілдерді оқытудың инно­ва­циялық әдістемелік орталығы» құрыл­ған. Әлемге белгілі лингвист Дмитрий Пет­ровтың әдістемесі негізінде жаңа біре­гей әдістеме әзірленді. Осының негізінде «Тілдарын. Қазақ тілі» А1 деңгейлі оқу құралы жарық көріп, таратылуда. Сонымен қатар, 16 сабақтық аудио және видео форматындағы электронды оқулық, онлайн курстар, қашықтықтан оқыту, ұялы байла­нысқа арналған қосымшалар әзірленіп, жұ­мыс істеуде.

Барлық этностардың тілдерін дамытуға қажетті жағдайлар жасалған. Бү­гінде 88 жалпы білім беретін ұлттық мек­тепте білім беру этнос тілдерінде жүргізілуде. 195 этно-ағарту кешені мен лингвистикалық мектептер ашылып, жұмыс жасауда. 108 мектепте 22 этностың тілдері жеке пән ретінде оқытылуда. 14 орыс және ұйғыр, кәріс, неміс (ТМД бойынша бірден-бір театр), өзбек ұлттық театрлары жұмыс істеуде. Бірнеше тілде өнер көрсететін «Самұрық» Қазақстанның ұлттық театры» жұмыс жасайды.

Ассамблея қызметінің тағы бір маңызды бағыты шекарааралық әріптестік, Қазақ­станда тұратын этностық топтардың тарихи отандары болып табылатын мемле­кеттермен қарым-қатынас орнату. Осы бағытта Ассамблея халықаралық «БІРЛІК – ЕДИНСТВО.KZ» шекаралас аймақтар ынтымақтастығы жастар этномәдени форумына қолдау білдіреді.

Достастыққа қатысушы елдердің мем­лекетаралық гуманитарлық қоры мен Қа­зақстан халқы ассамблеясының «Тарихтан тағылым» атты 12 мемлекеттің өкілдері қа­тысқан бірлескен халықаралық жобасы іске асырылды. Онда тарихты сақтау және қастерлеу жөніндегі әріптестік туралы Астана хартиясы қабылданды.

Айгүл Уайсова

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − 5 =