Халық үніне құлақ асады

0 12

Елорда әкімі Алтай Көлгінов жыл басынан бері 170 сұрақ бойынша 123 азаматты онлайн қабылдады. 168 мың астаналыққа қаржылай және ақысыз көмек көрсетілді. Наурыз айында мұқтаж отбасыларға 4000-нан аса азық-түлік себеті табысталды. Бұл туралы қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов «Игі істер марафоны: әлеуметтік бастамалар және мұқтаж азаматтарға көмек» тақырыбында өткен онлайн брифингте мәлімдеді.

– Қала тұрғындарының мәселелері қашанда ескеріледі. Тұрғындар әкімдікке мәселелерін айтып қана қоймай, елорданы одан әрі дамытуға қатысты идеялары және ұсыныстарымен бөліседі. Тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, білім алу, медициналық көмек, әлеуметтік көмек алу, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу төңірегінде сұрақтарын қояды. Әкімдікке 70-рет келген азаматтарды білемін. Тіпті 80 рет келсе де қабылдаймыз. Ол үшін қаламызда барлық жағдай жасалған. Арнайы әлеуметтік қолдау орталықтары қызмет көрсетеді. Сол жерлерге барып мәселесін айтса, болмаса әкімдікке келіп түсіндірсе, шешімін табамыз. Себебі біз үшін халық үні маңызды. Жыл басынан бері бас қала басшысы Алтай Көлгіновтің жеке қабылдауында 170 сұрақ бойынша 123 азамат болды. Көп жағдайда мәселелері сол мезетте шешімін тауып жатады, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов.
2020 жылы «Bizbirgemiz» шарасы аясында әкімдік өкілдері, Nur Otan партиясының мүшелері мен еріктілер мұқтаж жандарға 17000 азық-түлік себетін табыстады. Сонымен қатар «Bırgemız-Nur-Sultan» қорынан бөлінген 2522,3 миллионға 50446 азамат 50000 теңгеден қаржылай көмек алды. Жалпы 168 мың азаматқа жан-жақты қолдау көрсетілген.
«Жанұя» орталығына жыл басынан бері 8833 сұрақ бойынша 8488 адам жүгінген. Оның ішінде 5234 мәселе бойынша жүйелі кеңес беріліп, 3599 мәселені шешу үшін тиісті шаралар қабылданды. Өткен жылы тұрғындардың түйткілді мәселелерін шешу үшін көпбалалы аналардың және ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отыр­ған отбасылардың бастамасымен қалада 8 әлеуметтік орталық ашылса, биыл олардың саны «Жібек» тігін салонымен толығады.
– Бүгінде бас қалада барлығы 2996 үкіметтік емес ұйым бар, оның ішінде белсенділер саны мыңнан асады. Биыл әкімдік қоғамдық сананы жаңғыртуға және салалық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың мемлекетпен ынтымақтастығын нығайтуға, мониторинг жүйесін дамытуға бағытталған 30-дан аса жобаны жүзеге асыруда. Себебі үкіметтік емес сектор мемлекеттің қоғамдық-саяси процестерінің дамуына тікелей әсер етеді. ҮЕҰ қазірдің өзінде әлеуметтік саланың өткір мәселелерін шешуге айтарлықтай үлес қосуда. Түрлі әлеуметтік топтар мүдделерінің көптүрлілігін көрсететін үкіметтік емес ұйымдардың тармақталған жүйесін қалыптастырып, нығайту еліміздегі азаматтық қоғамды орнықтырудың маңызды индикаторы. Қаламызда болып жатқан әлеуметтік, қоғамдық мәселелерде азаматтық қоғам шет қалмауы тиіс, – деді жиын соңында Д.Бабамұратов.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + 12 =