Халық санағы – бірегей іс-шара

0 33

Ағымдағы жылы елорда кезекті ұлттық халық санағын өткізу бойынша ауқымды іс-шараға дайындалуда. Астана тұрғындарының аталған іс-шараға барынша толығымен қатысуы, жиналған ақпараттық материалдардың сапасына тікелей байланысты болады, бұл ақпараттар қала экономикасының дамуы үшін, бюджетті жоспарлау үшін аса қажет.Заманауи қоғам әлеуметтік және өзге де салаларда әрі қарай даму мен үдеріс үшін өзекті цифр­лық деректерді пайдалануды қажет етуде. «2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы №419 қаулысына сәйкес, санақ өткізу мерзімі 2020 жылдың 1 және 30 қазан аралығы болып белгіленді және 2020 жылы Қазақстан Рес­публикасы халқының ұлттық санағын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.
2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу жөніндегі бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің 2019 жылғы 19 қарашадағы № 506-45 өкімі бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізуге жәрдемдесу жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында санақ өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Оған сонымен қатар Ведомствоаралық комиссия құрамына кіретін құзыретті органдардың қатысуы да маңызды.
Дайындық жұмыстарын өткізу барысында барлық жоспарланған іс-шараларды барынша толық орындау қажет, нәтижесінде халықтың санаққа деген белсенді түрде қатысуына бағытталатын оң мәнді қоғамдық пікір қалыптасады. Бұл санақшыларға қолайлы ахуал тудырады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті Нұр-Сұлтан қаласының Статистика департаменті қазіргі уақытта көшелердің атауларын, үй мен пәтер нөмірлерін реттеу, сондай-ақ ғимараттар мен үйлердің, көшелердің қиылыстарында аншлагтар мен маңдайшалар орнату бойынша әкімдіктер мен басқа да қала құрылымдарында кездесулер мен отырыстар өткізуде.
2020 жылғы 14 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновтің төрағалығымен, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Н.Айдапкеловтің қатысуымен, Нұр-Сұлтан қаласында 2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізуге жәрдемдесу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов, кездесуді ашып, сөйлеген сөзінде Қазақстан Рес­публикасындағы Ұлттық халық санағы – жалпымемлекеттік бірегей іс-шара екендігін атап өтті. Санақ мақсаты демографиялық, экономикалық және әлеуметтік үрдістер, соның ішінде халықтың білім деңгейі, неке-отбасы құрылымы, тұрғын үй жағдайы, елдің этно-лингвистикалық құрамы және басқа да қоғамда сұранысқа ие көптеген өзекті деректер туралы нақтыланған ақпарат алу болып табылады.
Кездесуде Нұр-Сұлтан қаласында 2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізуге дайындық және оны өткізу бойынша ұйымдастыру мәселелері қарастырылды. Жұмыстарды талдау, келелі мәселелерді қарастырып, оларды шешу жолдарын табу, оларды алқаласып талқылап, уақтылы шешімдер қабылдау сияқты бірқатар тапсырмалар берілді.
Санақты сапалы өткізіп, халықты толық қамту мақсатында санақтың жұмыс кезеңі екіге бөлінеді. Бірінші дайындық кезеңінде 2020 жылғы 1 және 30 маусым аралығында санақ қызметкері тұрғын үйлердің, ғимараттардың және тұрғын емес орын-жайлардың, сондай-ақ онда тұрып жатқан халық санын тіркеу бойынша планшетті пайдалану арқылы жұмыстар жүргізетін болады (белгіленген орташа шамаға сәйкес жүктелім бір тіркеу орнына 1200 үй). Тұрғын үйлердің, ғимараттардың және тұрғын емес орын-жайлардың мекенжайларын, сондай-ақ онда тұрып жатқан халық санын тіркеу бойынша атқарылған жұмыс нәтижелері Нұр-Сұлтан қаласының аумағын нұсқаушылық және есептеуіш аумақтарына бөлу үшін негіз болып табылады.
Содан соң, 2020 жылғы қазанның 1 мен 30-ы аралығында негізгі халық санағы өтеді. Белгіленген төрт нысан бойынша санақ парақшаларын толтырып, халық санағын өткізу мақсатында интервьюер-санақшылардың өз есептеуіш аймақтарын жаппай аралап жүруі қарастырылуда (белгіленген орташа жүктеме шамасына сәйкес бір есептеуіш аймаққа 833 адам). Халық санағы барысында тіркелген немесе орналасқан жеріне қарамастан, санақ уақытында Қазақстанда тұратын барлық респонденттер есептелетін болады.
Қазақстанның барлық тұрғындары: қазанның 1 мен 15-і аралығында өздері sanag.gov.kz сайтында онлайн тәртіп бойынша немесе қазанның 1 мен 30-ы аралығында интервьюерлер келгенде санақтан өте алады. Санақтан өткен барлық респонденттерге интервьюерлер санақтан өткендігі туралы анықтама береді, ал онлайн тәртіп бойынша санақтан өткендерге – электронды поштаға және ұялы телефон (смартфон) нөміріне санақтан өткендігі туралы СМС-хабарлама жіберілетін болады. Интернет желісі арқылы санақтан өткендігі туралы хабарламасы немесе анықтамасы бар респонденттер екінші рет қайтадан санақтан өте алмайды.
Нұр-Сұлтан қаласы Алматы, Байқоңыр, Есіл, Сарыарқа төрт әкімшілік-аумақтық бөліністі (аудан) қамтиды. Нұр-Сұлтан қаласының жалпы көлемі 79 733 га., 2020 жылғы 1 қаңтардағы статистикалық деректерге сәйкес халық саны 1 136 008 адамды құрайды. Тиісті дереккөздерді басшылыққа алсақ, елордада ай сайын орташа 4-5 мың адамға (туу және көші-қон есебінен) халықтың өскендігі тіркелуде, соған сәйкес 2020 жылғы 1 қазандағы жобаланатын халық саны 1 173 961 адамды құрайды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Төрағасының 2020 жылғы 12 ақпандағы №35 «2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу үшін 1 және 2 кезеңдердің интервьюерлер мен нұсқаушы-бақылау­шылардың саны мен орташа жүктелім шамасын бекіту туралы және өңірлер бойынша оларды бөлу туралы» бұйрығымен Нұр-Сұлтан қаласының санақ қыз­меткерлерінің саны анықталды, екі кезеңде олардың саны 1897 адамды құрайды, оның ішінде: 1 кезеңнің нұсқаушы-бақылаушылары – 38 адам, интервьюерлер – 272 адам, 2 кезеңнің нұсқау­шы-бақылаушылары – 191 адам, интервьюерлер – 1396 адам.
Нұр-Сұлтан қаласының Статис­тика департаменті қазіргі уақытта халық санағын өткізу кезеңіне санақ қызметкерлерінің құрамын іздестіру және іріктеу бойынша жұмыстар жүргізуде. Санақ қызметкерлерінің қызмет көрсеткені үшін ақы төленетін болады: дайындық кезеңінің интервьюеріне 30 жұмыс күніне –75743 теңге, негізгі кезеңнің интервьюеріне – 94678 теңге, нұсқаушы-бақылаушыға 45 күнге 113614 теңге төленеді.

Жанар СЕРІКБАЕВА,
Нұр-Сұлтан қаласы
Статистика департаменті
басшысының орынбасары

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + ten =