«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Халық бюджет процесіне қатыса алады

0 153

Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбектің тұрғындарға кезекті есеп беру жиналысы «Көктал-2» тұрғын алабындағы №68 орта мектепте және «Агроқалашық» аумағында орналасқан №20 орта мектепте өтті. Шара барысында жұртшылық өздерін алаң­дататын бірқатар мәселені көтерді.

Көлік те, бала да бір жолмен жүреді

Көкталдықтар үшін жиі кездесетін проблемалардың бірі тротуар мәселесі екен. Аудан тұрғыны Бексұлтан Ахметжановтың айтуынша, Ақсу көшесінде тротуар жоқтығының кесірінен көліктер мен жүр­гіншілер бір жолдың бойымен жүруге мәж­бүр. Бұл, әсіресе, кішкентай балалары бар ата-аналардың уайымына айналған. Осы жайтты Баршын көшесінде тұратын ақсақал да растады. Ол тротуармен қоса, аталмыш көшеге әлі асфальт та төселмегенін, былтыр қазып тастаған шұңқырлардың бүгінге дейін сол күйі жатқанын айтты:
– Шұңқырлар көктем мен күзде жаң­бырға, қыстыгүні қар суына толады. Жарайды, ересектер айналып өтер, бірақ сол маңда бала-шаға да көп жүреді ғой. Абайсызда бірі болмаса бірі түсіп кете ме деп қорқасың, – деп қынжылысын білдірді атай.
Жоғарыдағы сұрақ бойынша әкім былтыр 41 көшеге жол салынғанын, биыл да осы істің жалғасатынын жеткізді. Сол кезде бұл көшелерге де тротуар салу мәселесі шешімін табатынын айтты.

Жаңа автобус бағыттарын қосуды өтінді

Өзін Жолдасбек Кәрібаев деп таныс­тырған азамат «Көктал» жақтағы «Саянұр» базары жаққа қатынайтын тағы бір қосымша автобус керектігін айтты. «Қазір ол жерден №102 бағыттағы автобус жүреді. Алайда ол аздық етеді. Халыққа қызмет көрсету орталығына немесе вокзалға барғысы келетіндерге біраз көшені жаяу жүріп өтуге тура келеді. Сондықтан №81 автобустың жүретін бағытына «Саянұр» базарын да қосып берулеріңізді сұраймын» деді ол. Осы орайда тағы бір тұрғын №71 автобустың бағытын Наурыз көшесінің бойымен жүретіндей етіп өзгертуді ұсынды.

Балалар қауіпсіз жүрсін десек…

Жолға қатысты түйткілдердің қатарында «Көкталда» жылдамдық бәсеңдеткіш төмпешіктердің (лежачий полицейский) жоқ екендігі де көтерілді.
– Қалада бір-бірімен жарысып келгені аздай, автобус жүргізушілері «Көкталдағы» соңғы аялдамаға дейін 70-80 км/сағ жылдамдықпен жүйткіп жетеді. «Жай жүр» деп қанша айтқанмен, оныңды автобус рөлінде отырған жап-жас балалар құлағына да ілмейді. Ертеңгі күні біреулердің баласын қағып кетуі де мүмкін ғой. Олардың тәртібін реттеу үшін «Көкталдағы» көшелерге жыл­дамдық бәсеңдеткіш төмпешік жасаған дұрыс, – деді Ақмола көшесінің тұрғыны.
Мұнымен қоса, ықшам ауданда беті ашық құдықтар көп екен. Азаматтар Ақсу және Ертіс көшелерінде сондай қақпақсыз құдық­тардың бар екенін айтты. Аудан әкімі тиісті органдарға жиналыстан соң әлгі жерлерге барып, жағдайды анықтауды тапсырды.

«Цивилизациядан қалып қойғандай сезінеміз»

«Агроқалашық» тұрғын алабында да автобус бағыттарының жеткіліксіздігі мен асфальт төселмеген жолдар мәселесі жиі сөз болды. Бұдан бөлек, тұрғындар ауызсу проблемасынан да көресіні көріп келеді екен. «Мен Чехов көшесіндегі жеке секторда тұрамын. Менің ауламда су тартқыш (водопровод) бар. Бірақ маңайымдағы көршілер сусыз отыр. Балалар қыстың қақаған суығында шелекпен су тасиды. Бұдан кейін өзімізді қалай елордада тұрып жатқандай сезінеміз?» деді бір келіншек. Бұл сұрақ жөнінде «Астана су арнасының» өкілі «Агроқалашықта» 16 су тартқыш құбыр бар екенін айтты. Аудан әкімі оның бүкіл тұрғындар үшін аздық ететінін, алдағы уақытта жаңадан су тартқыш құбырлар орнату қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ ­Татьяна есімді әйел №19 мектеп айналасын жөндеуден өткізуді ұсынды.
– Тіпті осыны айтудың өзі күлкілі. Мектепке кіреберіс жердегі ойпаңда шалшық су жиналып қалады. Келім-кетім кісілерге ыңғайлырақ болсын деп оның үстіне ағаштан өткел жасап қойдық. Өзімізді құдды цивилизациядан қалып қойғандай сезінеміз. Осы мәселені неге әлі ешкім көрмейді? – деді ол.
Қалалық Білім басқармасы қызметкерінің айтуынша, мектепке жөндеу алдағы сәуір айының соңында басталады.

Жаңашыл жоба

Айтпақшы, Сарыарқа ауданының тұр­ғындары енді ауданды дамытуға қатысты өз бастамаларын ұсынып, бюджеттің ақшасын қалай және қайда жұмсауды шеше алады. Бұл үшін аудан әкімдігі 500 млн теңге бөліп отыр. 22 қаңтардан бастап іске қосылған бұл жоба 1 наурызға дейін жалғасады.
– Жобаға ауданның 16 жастан жоғары кез келген тұрғыны қатыса алады. Қатысушы Сарыарқа ауданының қолайлылығын жақсартуға бағытталған идеясын және оның құнын көрсетуі тиіс. Үздік жобаларды аудан тұрғындарының өздері дауыс беру арқылы анықтайды. Іріктеудің қалай өтетіні туралы ақпарат аудан әкімдігінің сайтында көрсетілген, – деді аудан әкімі Арман Тұрлыбек тұрғындармен өткен кездесуді түйіндеп.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды