ХАЛЫҚ БІРЛІГІ – КЕМЕЛ БОЛАШАҒЫМЫЗДЫҢ КЕПІЛІ

0 189

Ассамблея

Бір кезде Израиль мемлекетін көп жылдар бойы басқарған Голды Меирдің естелігін оқыған едім. Оның: «Өмірдегі ең бақытты шағым – БҰҰ-ның шешімімен Израильдің өз алдына дербес мемлекет болып құрылғанын естіген қарапайым еврейлер көздерінің жасын тыя алмай, жерді аймалай құшып сүйгендерін көрген тұсым» деп ағынан жарылғаны есімде қалыпты. Отан сүйгіштіктің нағыз үлгісі емес пе бұл?! Еврейлердің осы қасиеті көлінен шөлі басым құмды аймақты бүгінде гүлденген алдыңғы қатарлы мемлекетке айналдырып отыр.

Тәуелсіздіктің тәтті дәмін татуды тағдыр Қазақ еліне де жазыпты. «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында мынадай тұжырым бар:­ «Ата-бабаларымыздың сан мың­ жыл­дан бергі асыл арманы – тұрмы­сы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұр­пағы ертеңіне сеніммен қарай­тын бақытты Ел болу еді. Біз арман­дар­ды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргетасын қаладық. Тәуел­сіз­дікпен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізе алды». Ендігі қасиетті де қастерлі міндет – Қазақтың Мәңгілік ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік болашағын баянды ету.
Әрине, осы түпкілікті мақсатқа қол жеткізудің сан алуан жолы, әр кезеңге лайық өзінің тактикасы бар. Сол көп жолдардың бірі әрі қарабайыры – тек қазақтың ғана жоғын жоқтау, «мен қазақпын, сондықтан, қазақты ғана қолдаймын. Өзге ұлттар қазақтың ыңғайымен өмір сүріп, жұмыс істеуі тиіс» деген принципке сүйену. Төменгі буында кей тұста ғана іске асыруға болатын бұл принцип мемлекеттік деңгейде үлкен қан төгіске алып келеді. Украинада болып жатқан қайғылы жағдайлар соның айқын бір көрінісі. Республикамыздағы халықтың қырық пайызға жуығын құрап отырған өзге ұлт өкілдері – тықсыруға, төмендетуге шыдап отыра беретін қарабайыр тобыр емес, қазіргі заманның білімді, қажырлы адамдары.

Сонымен қатар, қазір кейбір адамдар тек қазақжақтас (проказахский) саясат жүргізу керек дейді. Бұл әлі саяси сауатымыздың төмендігінен болу керек. Тек қазақтың ғана мүддесін есепке алу ниеті республи­ка­мыздың демографиялық, геосаяси жағдайларына сәйкес белгілі дәре­жеге дейін ғана орындалуы мүмкін екендігін де ұмытпағанымыз жөн.

Демек, бұл мәселені шешудің өзге жолдарын іздестіру керек. Мынаны да есте ұстаған ләзім: Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңіс­ті­гінде ғұмыр кешкен талай халық­тың басынан өткен тарихи шын­дық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Сон­дық­тан, біз өзгенің қателігінен, өткен­нің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз.

Ата-бабаларымыз ежелден ел бір­лігін, қара қазан, сары ауыз баланың тыныш­ты­ғын, ағайынның татулығын мақсат тұтқан. Бүгінде осынау игі ниет көне көз қарияларымыздың: «ымыра-бірлігімізден айырмасын» деген батасымен жалғасып жатқаны да тегін емес. Ендеше, еліміздің сырт­қы және ішкі қалыптылығын тұрақ­ты түрде қамтамасыз ету мәселесі Елба­сымыз­дың ұдайы назарында болуын кездейсоқ деп айта алмайсың. Осы тұста есіме «И» деп аталатын аңыз әңгіме түсіп отыр. Әңгіме желісі мына­ған саяды. Памир тауларында «И» деген бір әріп атауымен ата­ла­тын шағын тайпа мекендеп, олар тек өз тілдерінде түсінісіп, өз салт-дәстүрлерін ғана ұстанатын көрінеді. Ал, осы бір шағын тайпаны бар болмысымен сақтап қалу өздерін өркениетті қоғам санайтын ортаға үлкен сын әрі парыз екен.

Мүмкін, мұны соншама баяндайтын уақиға деп те айтуға болмас. Десек те, елімізде жүргізіліп жатқан ұлттық саясат тұрғысынан келгенде, бұл әңгіме қазір өз мазмұнын терең ашып отырғандай. Қазақстан тәрізді басым екі тілді, екі дінді, екі менталитетті елді басқару оңай емес. Олай болса, қазақ жерінде 140 ұлт пен ұлыстың өкілдері сүттей ұйып отырғаны төбеден топ етіп түсе қалған әлдеқандай сый-сияпат емес, керісінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың өте көрегендік саясаты­ның тікелей жемісі деп қабыл­да­ға­нымыз абзал. Өз бастамасымен өмірге келген Қазақстан халқы Ассамблеясының үстіміздегі жылғы 18 сәуірде болып өткен ХХІ сессиясы барысында Елбасы мына бір мәселелерге ерекше назар аударды. Ұлы Жамбыл ақынның «Жігерлі болса – ер болар, бірлікті болса – ел болар» деген ұлағатты сөзін тілге тиек ете келе, Мемлекет бас­шысы келісім мәдениетін дәстүр ретінде ұрпаққа мұра етуге тиіспіз деп атап өтті. Сонымен бірге, Президент ортақ ордамыз –Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру елдік мақсат екендігін ескерте отырып, сонда ғана «Қазақстан – 2050» стратегиясында айтылған үздік 30 елдің қатарынан табыларымызға назар аударды.

Иә, «дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» екендігі бәрімізге белгілі. Мұратқа жолын тапқан жетеді. Еңбегіміздің жанбағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барды мейлінше бағалай білуімізге байланысты. Әлгінде ғана айтқандай, біздің отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақса­ты­мыз – жалғыз. Ол – жері гүлденген, елі түр­лен­ген, дамуы жедел, ұрпағы кемел Мәң­гі­лік Қазақ­стан! Осы ойдың іске асуының басты кепілі – халық­тың­ бірлігі, елдің тыныштығы.

Сонымен қатар, әлемдік экономи­калық және саяси кеңістіктің бір бөлігі ретінде танылатын Қазақстан үшін қауіпсіздік мәселесі өте келелі де өзекті мәселе екендігін тағы айтпасқа болмайды. Сондықтан елдің қауіп­сіз­дік және тұтастық мәселе­лерінде біз үнемі қырағы болуға тиіспіз. Бұлайша тұжырым айтуға толық негіз бар. Білікті мамандардың арнайы зерттеулеріне сүйенсек, екінші дүниежүзілік соғыстан бері әлемде 170 рет соғыс өрті тұтаныпты. Бүгінгі күні төрт құрылықта 24 жерде соғыс сипатындағы қақтығыстар орын алуда. Алаңдатарлығы сол, қарулы қақтығыстар бізбен көршілес елдерден де бой көрсетіп жатқандығы, саяси және діни экстремизмнің елімізде бел алып кету қаупі жоқ емес екендігін ұмытпағанымыз абзал. Сондай-ақ, Қазақстанды есірткі тасымалдау алаңына айналдыруға мүдделі күштердің күн өткен сайын көбейіп отырғанын қаперде ұстағанымыз жөн. Сайып келгенде, осылардың барлығы таяу жылдарда біздің қауіпсіздігімізге салынар басты сынақ болары айдан анық. Ендеше, бәріне де дайын болуымыз керек.

Яғни, қалыптасқан мемлекеттік жүйені өркендету, рухани жағынан саналы көзқарас танытып, ақ пен қараны айыру жағынан келгенде өз ішімізде ықпалы мол жұмыстар жүргізе беруіміз керек. Әділдігіне жүгінсек, Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей басшылығымен осы ретте мемлекет тарапынан елдің болашағы үшін маңызы ерекше іс-шаралар жүзеге асырылуда. Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет Қытаймен заңды түрде бекітілген шекараға ие болды және ол достық шекарасына айналды. Ресеймен арақатынасымыздың сипаты да көңіл толарлықтай. Өйткені, Ресей бізге көп көршінің бірі емес. Тамыры тереңге кеткен байланысты жадымыздан шығармауымыз керек. Ресеймен серіктестік қарым-қатынасымыз қазір біздің елдің стратегиялық қауіпсіздігі шарттарының бірі болып отыр. Бұған бес ірі мемлекет державаларының Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге берген кепілдігін қосыңыз.

Елімізде ұзақ мерзімді инвес­тиция тарту үшін ыңғайлы жағдайлар жасалынуда. Мәселен, қазір Қазақстандағы инвестицияның үштен бірі АҚШ мемлекетіне тиесілі. Американдық бизнестің Қазақстанға қатысын кеңейте түсу, демократиясы дамыған елдермен сан салалы байланыс жасау да біздің ұлттық қауіпсіздігіміздің кепілі екенін айта кету абзал.

Дей тұрғанмен, бұл тұста барлығымыздың белді бекем буып кірісуіміздің керектігін де еске сала кетсем артық болмас. Бұған негіз де жоқ емес. Демократия берілді деп артық сөйлеп, ауыс қадамдар жасап жатқанымыз баршылық. Қазақ халқының белі көтере бермейтін талаптарға үндейтіндер табылып жатыр. Билік тарапынан небір атқарылып жатқан жұмыстарға тек сыни тұрғыдан ғана баға беретіндер де жеткілікті. Осындайда кейбір отандастарымыздың «өсер елдің арманы көп, өшер елдің жанжалы көп» деген ұлағатты ұғымды қаперлеріне ілмейтіні қынжылтады.

Тағы да қайталап айтар болсам, бізге сүттей ұйыған тыныштық, бекем тұрақтылық қажет. Бүгінгі таңдағы төзім мен сабыр, ертеңге жетелеген үміт пен сенім, бойымыздағы кісілік пен біліктілік тәуелсіздігімізді баянды етуге бағытталса игі. Олай болса, байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білейік, ағайын!

Кенжеболат Жолдыбай,
саясаттанушы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − fourteen =