Халық атын қолжаулыққа айналдырмайық…

0 151

Қазір «халық» сөзі, шетелше айтқанда, «тренд» (trend), қазақша айтсақ, «қолжаулық» болды. Өзінде  жоғын, қол жетпейтін кем жағын түгендегісі келгендер «халық» деп атау қойып, ұпай жинағысы келетін сияқты.

Олай дейтінім, жақында ғана «Халық алғысы» деген төсбелгі көпшілікті бір жарылқап тастады. Қолы жеткендер мәз. Шынымен де. Жай емес, мұқым халықтың алғысын арқалап жүр екен. Бұл, әрине, сондай «алғыс» тимей қалғаннан тарылып айтып отырған өзімнің жеке пікірім ғой. Алайда маған салса «Халық алғысы» мемлекеттің ең биік, екінің бірінің қолы жетпейтін, ерен еңбегімен, маңдай терімен, ел алдындағы адал қызметімен алатын марапаттың бірегейі болғанын қалар едім. Халқымның нарғасқаларының жүрегінің тұсында халықтың шын алғысы жарқырағанда пенделіктен мен де арылып, қуанар едім.
Мүфтият «Халық арна» ашқалы жатыр. Құп, әйтсе де, атынан ұлық дініміз аңғарылмайтын арнаның болашағы қалай болар екен деп тағы ойға кеттім. Енді «Асыл арна» арна атын емес, мұрағатын жаңадан ашылатын «Халық арнаға» береді дейді. «Асыл арнаның» Құран сөзі, хадистері мен сол Құранды оқып-үйренуге арналған бағдарламалары құптарлық еді. Мүфтият та осы арнаны атымен де, затымен де алып, асылын қалдырып, жасығын тастағанда не болар еді?! Себебі халықтың ішінде діні бөлек, ділі бөлектері де бар ғой…
Трендтен қалсын ба, кешегі қызыл империяның көзіндей болып жүрген большевиктер (коммунис­тер) партиясы да «халық» атын жамылып шыға келді. Кең ұғыммен алып қарасақ, мына сіз бен біздің – баршамыздың партиямыз. Сіз бен біздікі. Айта кетейін, бұл үдерістің қызығы, бізден хал сұрамайды, көптің тілегіне қарамайды. Сонда оның қай жағы халықтікі?! Жаңа атауларды, ұйымдарды тіркейтін құзырлы орындар қайда қарап отыр? «Халық» деген қасиетті ұғым емес пе? Халық не істей алады? Білмеймін.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × one =