«Халық алғысына» бөленген

0 343

Өткен жылы наурызда пандемияға байланысты төтенше жағдай жарияланған кезде Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері де елордада аурудың таралуына жол бермеу үшін тынымсыз қызмет етті. Нұр-Сұлтан қалалық Алматы аудандық полиция басқармасының кадр саясаты бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Алмас Жаппаров Қарағанды-Теміртау тас жолындағы блок бекеттер ашылғаннан жабылғанға дейін осы жердегі жұмыс пен тәртіпке жауапты болған. Алмас Саттарұлының осы еңбегі еленіп, ҚР Президентінің 2020 жылғы 14 қыркүйектегі Жарлығы бойынша «Халық алғысы» медалімен марапатталған.

Сырттан келген адамдар блокпосттан өтетін болғандықтан, маңызды сақтық шараларының сақталуы өздеріне байланысты екенін түсінгендіктен де блокпосттар қатаң тәртіпте жұмыс істеді. Алматы аудандық полиция басқармасының кадр саясаты бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Алмас Жаппаровтың қарамағында учаскелік полиция, полк қызметкерлері, тергеуші, анықтаушы, әскерилер, арнайы батальоннан құралған елу шақты қызметкер болған. Қарағанды-Теміртау тас жолындағы бекет қала айналасындағы ең үлкен бекет саналады, мұнда күніне 3000-5000 автокөлік тіркеліп, автокөліктерді рұқсат қағазбен ғана кіргізіп отырды. Оңтүстіктен солтүстікке, солтүстіктен оңтүстікке бару үшін осы тас жолы бекетінен өтуге тура келетіндіктен, автокөліктердің көбі транзиттік болып саналады, сондықтан оларды қалаға кірмей айналма тас жолымен арнайы автокөліктермен шығарып салып отырған. Бұл орайда қаланың бас санитарының бұйрығын негізге алып қызмет еткен осындағы азаматтар үлкен жауапкершілік сезінген. Ішкі істер органдарында 23 жылдан бері қызмет істеп келе жатқан Алмас Саттарұлын әңгімеге тарттық.
– Блокбекетте тұрған кезде әртүрлі жағдайлар болады. Адамдар әрі-бері өтуге рұқсат сұрайды, әр жағдайды әртүрлі қарастыруға тура келеді. Қандай да бір шешім қабылдаған кезде арнайы құрылған штаб басқармасына жүгінеміз, арнайы байланыс құралдары бар. Ол жерде талап өте қатты болды, жақын туыстары қайтыс болған жағдайлар болса алдын ала өтініштер беріп тіркеліп, «жасыл дәліз» базасына енгізіліп, жүргізушісі жолаушылармен бірге жеке ЖСН-дерімен тіркелген болады, кім тіркелген болса соларды ғана өткізіп отырдық. Ерекше талаптарды түсінбей тығылып өтпек болған азаматтар да кездесіп жатты. 100-ден аса азамат блокбекеттерді жаяу айналып өтпекші болған, көлікпен айналып өтуге әрекеттенгендердің жолы кесіліп жатты, бәрі қатаң бақылауда болды. Заңсыз өтпек болғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Блокбекетте жұмыстар жақсы ұйымдастырылды. Азық-түлік, санитарлық заттар, канцелярлық құралдар уақытымен жеткізілді. Жұмысымыз басшылық құрам жағынан еленді, блокбекет жабылғаннан кейін департамент басшылығы атынан, әкімшілік атынан, мақтау қағаздар табыс етілді. Соның ішінде блокбекеттің 3-4 қызметкері «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Әсіресе, анам бұған қатты қуанды, – дейді Алмас Жаппаров.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − six =