Халқымыздың қара шаңырағы

0 33

Тәуелсіздігіміздің айғағына айналған игілік мекені – астана жыл санап, он төртінен туған айдай ажары тасып, ақ манардай толықсып, ерекше нұрланып, ерке Есілдің жағасында жайқалып өсіп, келешегі кемел, өрісі ырысты, болашағы жарқын халқымыздың қара шаңырағына айналды.

Елорда тарихы – Елбасының ерен тұлғасын, қайраткерлік, саясаткерлік, санаткерлік қасиетін айқын сипаттайды. Астананың бас сәулетшісі Нұрсұлтан Назарбаев жас шаһардың архитектуралық, философиялық-эстетикалық тұжырымдамасын жасады. Жаһандық сәулет өнерінің ғажа­йып құбылыстарына, үздік үлгілеріне жүгінді. Себебі саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық мәні өзгеше жаңа елордаға лайық қайталанбас ою-өрнектер, ұлттық нақыштар, сан алуан бояулармен құбылған бейнелі суреттер қажет еді.
Елбасы жүрегінің миуа-жемісіндей, жанының бөлшегіндей ардақты астанасы туралы көкейтесті, жүрекжарды ойын былайша өрнектейді: «Астанасына қарап елін таниды. Астанасының қайда орналасып, қалай өркендеп жатқанынан әр елдің өзінің өткені мен ертеңіне деген көзқарасын аңғарып, өзгелерге деген пейілін сезінеді. Сондықтан да астана – ұлт келбеті, мемлекет дидары, халық мерейі. Күллі әлем атын енді жаттай бастаған жаңа астана біздің жас мемлекетімізге деген назарды екі есе арттыра түсері сөзсіз. Оның біз жетпек биіктердей өрелі, біз орнатпақ қоғамдай тартымды болып, көркейіп, өсуі жолында күш-жігерді аямаймыз» дейді.
Елбасы елорданың әр ғимаратын, әрбір мекемесі мен ауласын көзбен көріп, даналықты зердемен бақылайды. Тіпті ой-санасын, сезім дүниесін тұтас билеген қаланың сұлу тағдыры мен тарихына, сәулеті мен құрылысына, рухани-мәдени өрлеуіне қатысып, көшелі ой-пікірлер өрбітіп, ғибратты кеңестерін аямайды.
– Мен қаланың негізгі бөлігіндегі әрбір ғимаратқа да тікелей назар салып жүремін. Өзегімнен өткізіп, жан-жүрегімді жарып шыққан бұл идея – Қазақстан мемлекетінің астанасын елдің ортасына алып бару, елордаға қай өңірден де бірдей жететіндей ету идеясы тәуелсіздіктен кейінгі менің өмірімнің ең мәнді мақсат-мұраттарының біріне айналды. Ендігі жер бетіндегі барша қазақтың назарында тұратын, қазақтың асқақ рухы сән-салтанат құратын бас қаламыз – осы астана, ардақты ағайын! – деп ағынан жарылады Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев ұлы байтақ даланы құштарлық, іңкәрлік сезіммен сүйеді. Жер байлығы, кен байлығы, ел байлығы, рух байлығы бар деп шабыттанып, шаттанады.
«Еуразия жүрегіне, қазақ жерінің кіндігіне Ақордасын тіккен Астана – Қазақ елінің өз қалауымен жасаған дербес таңдауы. Біз оны байтақ даланың шын иесі кім екендігін алыстың да, жақынның да есіне салу үшін жасадық. Бұл арқылы біз қазақтың осы бір құйқалы өңіріндегі ұлттық дәстүрді, тілді, өнерді жойылудан сақтап қалу үшін жасадық. Біз оны болашақ ұрпақ үшін, еркін еліміз үшін жасадық» дейді халықтың бағына туған ел ардағы.
Елбасы еліміздің бас ордасын ­Сарыарқа төсіне, қазақ жерінің төріне көшіргені бекер емес. Халқымыздың данасы, көреген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы:
Салтанатты Сарыарқа,
Сәулеленген Сарыарқа,
Кең қойның кен Сарыарқа,
Сан жеткісіз Сарыарқа,
Суың шекер бал Арқа,
Майда шөбің бал Арқа,
Күрделі биік бал Арқа,
Малы-басың сай Арқа,
Төрт түлікке бай Арқа,
Маңырап тұрған мал Арқа,
Төңірегі төл Арқа, – деп жырлаған қасиетті өлкенің діңгегі – Ақмола. Бұл өңір кезінде өркениеттің бесігі де болды. Елорданың іргесіндегі терең тарихты қойнауына бүгіп жатқан, Ұлы Жібек жолының бо­йында қоныс тепкен Бозоқ қалашығы – соның дәлелі. Қысқасы, Сарыарқа жерінен ықылым замандардағы жәдігерлердің жұрнақтары ұшырасады. Түгін тартса майы шығатын осынау топырақта мыңдаған баһадүрлеріміздің қаны төгілген.
«Атаным сай, атым сай, көшсем нуға жетемін, Кетпенім сай, шотым сай, қазсам суға жетемін» дегендей, елорданың керемет ғимараттары да анадайдан көз тартып тұрады. «Жапырағын жайған жас шынардай жарқыраған» Бәйтерек, бірі – «сабыр­лы, салқын ақылындай» даналық ордасындай Ақорда, Елбасы кітапханасы, Хан Шатыр, Бейбітшілік және келісім сарайы, Ұлттық академиялық кітапхана секілді бірегей ғимараттар жасампаздықтың куәсі секілді жарқырайды. Иә, Сарыарқаның сайын даласында осындай алтынмен апталған, күміспен күптелген сұлу шаһар орнайды деген кімнің ойында болды дейсіз. Замандар бойы ата-баба­ларымыздың азаттық үшін күресі еш кетпей, ғасырлардың сын-тезінен аттап өтіп, сәулетті, құтты-қайырлы күнге жеттік.
Елбасының тарихи зерделілігі, кең құлашты дүниетанымы айрықша. Әрбір құбылысты сабақтастық тұрғысынан түсіндіреді. Елорданы республикамыздың дәл географиялық кіндігіне көшіру идеясы Тұңғыш Президентіміздің мемлекет тағдырын ойлағандықтан туындаған. Елбасының «Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың мемлекеттік дәрежеде кемеңгерлікпен ойлай білуі осыдан жарты ғасыр бұрын Қазақстан астанасын Ақмола қаласына көшіруге кеңес беруінен айқын көрінеді» деген пікірінен оның адамгершілік, кісілік келбетін, әділеттілігін көруге болады. Бұл түйінді ойды әрі қарай тереңдетер болсақ, поляк саяхатшысы Адольф Янушкевич 1846 жылы «Ақмола, мәселен, бүкіл даланың болашақ астанасы» деп жазыпты.
Осындай тағылымды тарихпен тамырласып жатқан, бүгінде сәулеті мен дәулеті асқан бас қала – сан саласы дамыған экономикалық, қаржы орталығы ғана емес, аз жылда руханияттың да құтты ордасына айналып үлгерді. Соның бірі ретінде былтыр қала әкімі Алтай ­Көлгіновтің қолдауымен Тәуелсіздік күні шаһардың әдемі бір көшесінен «Жазушылар аллеясы» ашылып, онда қазақ әдебиетінің алыптары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлинге ескерткіш орнатылды. Қаламгерлер бас қосып тұратын Жазушылар үйі ашылды. Ұлы Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына тарту ретінде «Абай әлемі» орталығы салынатын болды. Міне, осындай жаңашыл істер жүрекке жылылық ұялатады. Астанамыздың абыройы асқақтай берсін!

Серік НЕГИМОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор

 

Несіпбек АЙТҰЛЫ,
ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, С.Сейфуллин музейінің директоры:

ЕЛОРДА  ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ

– Құлпырып елорданың қос қапталы,
Биікке «Бәйтерегім» асқақтады.
Басына бақыт құсы қонған елдің,
Білінбес табанына тас батқаны.
Қызыл тіл – құдай берген қолқанатым,
Кезім ғой түптен тартып толғанатын.
Бәлкім, мен бостандықты жырлау үшін,
Болармын мына өмірге келген ақын, – деп жазып едім.
Мен өзімді елорданы шын жүрегіммен жырлаған ақынмын деп есептеймін. Елорда жайында «Бәйтерек» деген поэма жаздым. Елорданы жыр­лау – басқа емес, өзіңді жырлау, өз тағдырыңды жырлау, әркімнің басына қонған бақытын жырлау. Ақындар ерлік пен рухты жаңаша жырлауы қажет. Тәуелсіздік қайдан бастау алды, қалай пайда болды деген ойды жас ұрпақтың санасына сіңіру керек. Өзімді тәуелсіздікті бір кісідей жырладым деп айта аламын.
Тұтас елорданың осылай қалыптасуына Назарбаевтың сіңірген еңбегі орасан зор. Елбасының бар еңбегін жиып қойып, ел астанасын Сарыарқа төсіне көшіргені үшін де алтыннан ескерткіш қоюға болады. Себебі қиын-қыстау заманда ел астанасын ауыстыру оңай шаруа емес. Бұл шешімнің нағыз көрегендік екеніне енді көзіміз жетіп отыр. Жиырма жыл бұрын жазық далада жаңа қала бой көтереді дегенге ешкім сенбеп еді. Кезінде Петр І солтүстіктен жаңа қаланың іргетасын қалап еді, сол Петрден мұра болып қалған әсем Санкт-Петербург бүгінде тұтас Ресейдің мақтанышына айналды. Сол сияқты жаңа астана да біз үшін ұлттың ортақ бақытына айналып отыр. Елдің тыныштығы, берекесі, болашағы үшін бәріміз көк тудың түбінен табылуымыз керек.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × three =