Халқымның рухын көтерсем…

0 68

«Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтайдың YouTube арнасында жеке концерті өтіп, операны сүйіп тыңдайтын жұртшылықты әсерлі сезімге бөледі.

 

Дарынды опера әншісі бұл тамаша кешті – Ұлы Абай атамыздың 175 жылдық торқалы тойына тарту ретінде ұсынды. Сондықтан да ол бағдарламаға тыңдармандардың көңілінен шыққан сүйікті әндерін енгізген. Дәлірек айтқанда, ұлттық классиканың жауһары саналатын Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан үзінді орындап, оның ішінде Ажар мен Айдардың дуэ­тін шырқады. Сонымен бірге кештің ажарын ашқан эстрадалық композиция да көрермен көңілінен жол таба білді.
– Қазір елге өз шығар­машы­лығымызды онлайн-форматында ұсынып жүрміз. Музыка бар­­шамызға да керек, ол – өмір­дегі серігіміз. Осы концертім арқылы мен халқымыздың рухын көтерсем деп ойладым. Өнерді сүйетін, бірақ карантин кезінде онымен қауыша алмай жүрген жандарға бір жұтым таза ауадай нәр бергім келді, – дейді Жаннат Бақтай.
Сондай-ақ концерттік бағдарламаның бас-­аяғы жинақы шығуына «Астана Опера» опера труппасының бас концертмейс­тері Елена Сахно мен танымал композитор Әліби Әбдінұров айтарлықтай үлес қосты. Сахна төріне күміс көмей әншімен бірге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Чотабаев пен болашағынан зор үміт күттіретін талант Нарұл Тойкенов шығып, өнер көрсетті. Кештің соңғы композициясы опера әншісі үшін арнайы жазылған «Сүйікті қалам» деген туындымен қорытындыланды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − 1 =