Халің қалай, «Қырқыншы»?

0 34

Елордада шет аймақтарды дамытуға ерекше көңіл бөліне бастағанына біраз жыл болды. 2008 жылы осыған арнаулы тұжырымдама да қабылданған. Қаламызда сондай аймаққа жататын 20 тұрғын алабының ішінде «Қырқыншы» стансасы да бар. Оны ел ішінде Теміржолшылар ауылы деп те атайды. Себебі станса өткен ғасыр басында бұрынғы Ақмола, қазіргі Нұр-Сұлтан стансасы теміржолының жүктемесін азайту үшін ашылған. Әкімшілік аумақтық бөлініс бойынша Алматы ауданына қарайды және «Железнодорожный» тұрғын алабы деген ресми атауға ие. Қала шетіндегі осы елді мекеннің де шешілмей жатқан өзекті мәселелері жетерлік.

Алматы ауданындағы 6 тұрғын алапта 95 мыңнан астам адам тұрса, соның ішінде «Железнодорожный» алабындағы халық саны – 10500 адам. Көлемі 263 га болатын алап аумағында 4 білім беру нысаны – техникалық колледж, №29 орта мектеп, 2 балабақша бар. Денсаулық сақтау саласынан 3 нысан – қалалық фтизиопульмонология орталығы, қалалық инфекциялық орталық және №11 қалалық емхана филиалы осында орналасқан. Сондай-ақ №10 полиция қосыны, мешіт, №68665 әскери бөлім және басқа да коммерциялық нысандар мен өндіріс орындары жұмыс істейді. Мектепте 1213 бала оқиды.
– Мұнда оңтүстіктен келгеніме біраз жыл болды. Қазір жағдайы жасалған, яғни санитарлық торабы ішінде орналасқан 4 бөлмелі сарайды 40 мың теңгеге отбасыммен жалдап тұрамын. Қаланың ішінде мұндай арзан бағаға жалдайтын пәтер де, үй де таппайсың. Содан болар, жалға берілетін үйлерге мұнда сұраныс көп. Ақша жинап алдағы уақытта елордадан баспана аламыз ба деген оймен Қырқыншыда тұрып жатырмыз, – дейді орта жастағы Жанат есімді әйел. Бұл осы алапқа қатынайтын №15 автобуста алғаш сөзге тартқан тұрғын еді. Оның айтуынша мұнда үй жалдау арзан болғанмен, бас қала аумағына кіретіндіктен жылжымайтын мүлік бағасы қаламен бірдей. Газға толық көшкенде жер үйлер жалдау және сату құны одан сайын көтеріле түсе ме деген уайымы да жоқ емес.
Қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі теміржол үстінен үлкен көпір арқылы асып өтетін қоғамдық көлік кент шетіне 10 минутта ілігіп үлгерді. Көлік жүргізушісі Ағабек осы бағдармен күніне әр рейсті 2,5 сағаттан жүре отырып, қаланы 4-5 рет айналып шығады екен. №15 және №22 екі қоғамдық көлік қатынайтын кенттен мінетін жолаушылар тығыздығы орташа.

Тарихы терең станса

Алапқа кірген беттегі әл-Фараби, Ж.Жабаев және Н.Төреқұлұлы сынды басты көшелерінде ең алдымен көзге өндірістік мекемелер түседі. Арғы шеті Малотимофеевка ауылына бастайтын жолға барып тірелсе, оң бөлігі теміржолды бойлай орналасқан. Тарихи шығу себебі теміржолмен байланысты болғандықтан, стансадағы теміржолшылармен тілдестік. Қырқыншы стансасында бүгінде 120-дан аса адам теміржолшы еңбек етеді. Олардың ішінде егде жастағы қызметкерлер – жергілікті жердің байырғы тұрғындары болса, 70 пайыз жастар – басқа жақтан келгендер.
– Бірінші класты Қырқыншы стансасының нақты қай жылы құрылғаны туралы деректерді біз мұрағаттарға сұрау жіберсек те, анықтай алмадық. Бірақ болжамымыз бойынша бас қаламыздың теміржол стансасы құрылған жылдары шағын бекет ретінде ашылған. Демек, оның тарихы 80-90 жылға жуықтап қалды. Жалпы бұл станса елорданың жүк айналымындағы жүктемесін азайту мақсатында ашылған. Төрт бағыттағы пойыздар қозғалысын қамтамасыз етеміз. Жолаушылар пойыздары тоқтамайды, тек жүк вагондарын қабылдау, жөнелту, құрастыру жұмыстары жүргізіледі. Тәулігіне орташа жүк айналымы 300-400 вагонды құрайды. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан стансасына соқпайтын, мәселен, Павлодардан Алматыға бет алған жүк пойыздары бізге келіп кетеді, – дейді стансаның техникалық оқыту жөніндегі инженері Азамат Ибраев.

Жол жағдайын түзеу керек

Алапта жалпы ұзындығы 16 км болатын 19 көшенің сегізіне тас жол төселмеген. Тұрғындармен тілдескенде, мұнда да ішкі жолдарды жөндеу, жылы аялдамалар салу, автобустардың жиі қатынауы керектігі көп айтылды. Әсіресе, жол жөндеу мәселесі күрделі екенін былтыр желтоқсанда қалалық Қоғамдық кеңес отырысында Алматы ауданының әкімі Бектенбай Есполов та атап өткен болатын.
– Осы алапта екі жылдан бері 18 көше жөнделеді деп айтып келе жатырмыз. Алайда бұл жұмыстар қаржы бөлінбегендіктен, жүзеге аспады. Халық соған наразылық танытып жатыр. Келесі жылы бюджеттік тапсырыстарымызды қолдауларыңызды сұраймыз, – деген еді ол.
Қалалық жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және көлік басқармасы мәліметтері бойынша бүгінде «Тұрғын алаптарындағы инженерлік желілер мен жолдар құрылысы және қайта құру. «Железнодорожный» тұрғын алабы» жобасы әзірленіп жатыр. Сол жоба шеңберінде аталған алапта жол, тротуар салу, жарықтандыру, электрмен жабдықтау, су құбыры инженерлік желілерін жүргізу, шаруашылық-тұрмыстық және нөсер кәрізін салу, көгалдандыру жұмыстары жүргізілмек. Өткен жылы әл-Фараби даңғылынан Иманақ көшесіне дейінгі учаскеде жол салынып, «Ас-Салам» мешіті алдындағы жалпы ауданы 1 300 м2 жерге тас жол төселді. 3 жерде жылы аялдама орнатылған.
Әкім кент мәселелерін шешуге қомақты қаржы керек екенін жасырмай айтып жүр. Себебі мұнда жолдар салу мен жөндеу, инженерлік инфрақұрылым мен электр желісін ретке келтіру мәселесі өте өзекті. Алаптағы электр желілері өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынғандықтан, әбден тозған. Бұл жұмыстарға аудан әкімдігі ғана емес, тиісті басқармалар да жауапты болғандықтан оны шешуде бірлесе атқарар шаруа көп.

Қоғамдық кеңістіктер дами ма?

Орталықтағы медициналық оқу орнына қатынап оқитын Әнел есімді студенттің айтуынша алапта бұрын жалғыз кітапхана болған еді, ол да жабылып қалды. Мектептен басқа жерде жастардың бос уақытын өткізетін орындар жоқтың қасы. Былтыр мәслихат депутаты Аман Аюпов кенттегі жалғыз мектеп жанынан дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жайы не болып жатқанын сұрағанда қалалық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Макишев нысанды салуға конкурстық жұмыстар әлі жүргізіліп жатқанын айтқан. Ол жерде медициналық бөлмелер, спорттық және қоғамдық блоктар, халыққа қызмет көрсету орталығы орналасу керек еді.
Бұл мәселе аудан әкімдігінің биылғы жоспарында қарастырылғанға ұқсайды. Соған сай әкім аппаратының күшімен СМУ-9 тұсында жаяу жүргіншілер, ойын және спорт аймақтарын абаттандыра отырып қоғамдық кеңістік салу көзделген. Бүгінде ҚР ІІМ-ге қарасты милиция мектептерін балабақша және Оқушылар сарайы етіп ашуға беру мәселесі оң шешімін тауып отыр. Оңынан оралған жұмыстар қатарында екі шағын бақтың салынып, Шалкөде, 2/1 және Маяковский, 7 мекенжайларында екі үйді жаңғырту жұмыстары жүргізілгендігін айтуға болады. Ал биыл Маяковский көшесінің 3, 3А үйлері жаңғыртылмақ.

Газ келіп, көңіл жаз ба?

Газ мәселесіне келсек, қазір бұл тұрғын алапта жеке секторға жататын 654 үйдің 100-ге жуығы газға қосылуға дайын дейді әкімдіктегілер. Былтыр елордада ең алғаш болып осы алапқа газ келгеннен бері 35 үй газ тартып алыпты. Әлеуметтік нысандар бойынша Ж.Жабаев көшесіндегі қазандық, Тубдиспансер мен Covid орталық және «Аққанат» балабақшасында газ тартуға сыртқы желілер жүргізіліп, енді ішкі желілерді дәнекерлеу жұмыстары қалды. Газға қосылу мәселесін халыққа түсіндіру үшін екі кеңсе ашылған. Бірақ тұрғындар көшеге тартылған құбырды әр үйге жеткізу бағасы қымбат екенін айтады. Әзірге үйін бұрынғыдай көмірмен жылытып отырғандар бір қыста 5 тоннаға дейін көмір жағады. Көмірдің тоннасы 15 мың теңгеден асып кетеді. Сондықтан барлық тұрғын өз үйіне газ тартып алса, отбасы шығыны мен көмір жағу бейнеті азайғалы тұр.
Тарихы ғасырға жуықтаған елді мекен бұрын қаладан тым алыста еді. Жылдар өте, ел астанасы кеңейе келе Қырқыншыға жетіп, қазір ол қала аумағына кірікті. Елорданың 20 жылдығынан бері «Шет аймақсыз шаһар» жобасының аясында дамытылуына, әрі қаланың қазіргі өсу қарқынына қарап, алаптың аумақтық мәртебесі мен қазақшаланбаған атауы да болашақта мүлдем өзгеріп, қаламен тұтасып кетерін болжауға болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + twenty =