Халің қалай, қарттарым?!

0 145

Ғаламшар тұрғындары «қартайып» барады

Жастық өтіп, кәрілік келгенде талай ойшылдар адам жаратылысының бұл кезеңін ой елегінен өткізетіні анық. Адам баласының қартаю себептері алғаш рет антикалық дәуірде жазылған екен. Гиппократ қарттықты – табиғи жылудың азаюы және ағзаның кебуінің нәтижесі деп санаған. Сол дәуірде жасаған философ Платон, қартаюға әсіресе орта жастағы өмір сүру салты әсер етеді деп көрсеткен.
Қазіргі күнде геронтология деген ғылым осы қарттардың жасын ұзарту, тағы басқа физиологиялық биологиялық, психология­лық жақтарын зерттеп жатқан жайы бар. Зерттеуге негіз болғаны – егде жастағы адамдардың санының абсолютті өсуінің үрдіске айналуы. Яғни, ғаламшар тұрғындарының жалпы санында балалар мен жастар санының үлесі азайып, қартаң кісілердің санының өсуі алаңдатып отырған сыңайлы. БҰҰ-ның мәліметтері бойынша, 1950 жылы әлемде 200 миллион шамасында 60 және одан жоғары жастағы адамдар болса, 1975 жылға дейін олардың саны 550 миллионға өскен. Егер осы үрдіс тежелмесе, 2025 жылы 60-тан жоғары жастағылар саны 1 миллиард 100 миллион адамға, яғни 5 есе өседі.
Бұған дүние есігін ашатын сәбилердің кемуі, медицинаның дамуының арқасында егде тартқан адамдардың өмір сүруінің ұзақтығы, халықтың өмір деңгейінің көтерілуі де әсер етуде дейді.
Осы ретте, Бүкіл дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының топтастыруына сай «қартаң» адамдар деп 60-тан 77 жасқа дейінгілерді, «қарттарға» 75-тен 89 жастағылар, «ұзақ өмір сүрушілерге» 90 жастағы және одан үлкен жастағылар жатқызылған екен.

Зейнеткерлер туралы заң керек

Бойдан қуат кетіп, келін-баланың қолына қарап қалғанда қамыққан қазақтың «тоқсан жас жасайын деген жасым ба еді, быламық жейін деген асым ба еді» деп айтқанын білеміз. Бұл сөзді ойымыздағы болмай қалған сәттерде де тілге аламыз. Демек, аз жаса, не көп жасасаң да қадір-құрметіңмен, қоғамға да сүйкімің болып, өз жөнімен қартайған да бақыт екен.
Олай дейтін себебіміз, қазіргі күнде қоғамда қарттарды ешкімге керек емес ауыр жүктей қабылдайтындар аз емес. Тек мереке кезінде еске түсіп жайшылықта есептен шығарып жатамыз. Ал жасы келген аға ұрпақты құрметтейтін қоғамда шал – қартқа, қарт – ақсақалға, қария – абызға айналады. Бұл, әсіресе, айына елу адам зейнетке шығып жатқан елорданың барша қарияларына қатысы бар.
Осы күнге дейін зейнеткерлерге арналған заңның қабылданбауы олардың қоғамдағы орнын айқындап, қақысын анықтай алмай отыр.
Зейнетке шыққан күннен бастап құқығы мен жауапкершілігін, тұрмыс­тағы жеңілдіктері мен қалған өмірінің мәнін анықтап, қарттарын төрге шығарған заңды көрші елдер түгел қабылдаған екен. Алайда бұл істе Қазақстан парламентарийлері кешеуілдеп тұр. Егер мәселенің бір шеті қаражатқа тіреліп жатса, қарттарын жерге қаратпаған өзбек, тәжік, қырғыздардың байлығы бізден аспап еді ғой деген сауалдың туындауы – заңды нәрсе.
Ресей, Беларусь, тағы басқа Орта Азия елдерінде зейнеткерлер коммуналды төлемдерінің жартысын ғана төлейді, жүріп-тұруына да біршама жеңілдік берілген, дәрі-дәрмегіне де мемлекет біршама қаржы бөліп отыр. Бұл қабылданған заңның игілігі екені анық.

Астаналық ардагерлер жағдайы жаман емес

Айта кету керек, астаналық зейнеткерлердің жағдайы өзге өңірлермен салыстырғанда көш ілгері. Қоғамдық көлікте тегін жүреді, жылына бір рет демалыс үйінде тегін емделе алады, тағы басқа жеңілдігі жоқ емес. Қалалық Ардагерлер кеңесі жалғызілікті жандарға қамқор болып келеді. Алайда олардың да қолы қысқа, мүмкіндігі аз. Сонда да, сұранып жүріп, ардагерлердің шағын орталықтарын ашып жатыр. Олардың қолдары боста шахмат, дойбы ойнап, көңілдерін аулайтын шағын-орталықтардың жұмысы бір жөнге келіп қалды, бірақ бар болғаны бүкіл қала бойынша 28 орталық қана бар. Ал қарттардың уәжіне келсек, көп қабатты тұрғын үйлердің пәтер санына қарай төменгі қабатында зейнеткерлерге арналған бір-бір орын ашылуы керек дейді. Расында да, әр үйдің астында қос-қостан дүкен, шаштараз тағысын тағы халыққа қызмет ететін орындар жеткілікті. Ал зейнеткерлер үшін неге шағын жай ашылып, оның күтімін үй басқарушылардың міндетіне бөлмеске? Заңмен қарастырылса, қарттарды қайрайтын амал табылады.

Қасиетсіз шалға айналмасын

Біздің қазақы ұғымы­мыз­­да қарттықтың сипатына адамдардың қасиетіне қарай да болмысын бағалаған. Ол туралы Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөлген екен. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай үйелеп қалған қартты – шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария деп, тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айбынын асырып отыратын қартты ақсақал деп, бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атаған.
Меніңше, қазіргі күнде қазақтың әрбір отбасына ақсақал да, қоғамға абыз да керек. Қарттар қайраттанып қоғамның ағысын қолына алмаса, ұрпағына қалқа болмаса, қазақтың шаңырағы биік болмайды. Өкініштісі, қоғамға тек қана «шалдар» керек сияқты. Олай дейтінім, бүгінгі күні құдайдың қарауында ғана қалып, қоғамның тізімінде болмаған соң, осылайша ұсақтала береді. Төрінде қадірін білмеген соң қариялар шынымен де шөгіп, қасиетсіз шалға айнала бермек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − fifteen =