ХАЛІҢ ҚАЛАЙ, ХАЛАЛ ИНДУСТРИЯ?

0 316

43cd6665ae05c360dffd1e17bec9a7b1

Халал. Бүгінде қолданысымызға дендеп еніп кеткен сөз. Ислам дінінде «халал» рұқсат етілген нәрсе деген ұғымды беретіні баршамызға аян. Құран Кәрімде «Бақара» сүресінің 173-аятында «Шынайы түрде сендерге өлексені (арам өлген малды), қанды, доңыз етін және Алладан басқаның атымен бауыздалғанды арам қылды» деп жазылған. Негізгі айтпағымыз діни пәлсапа емес, еліміздегі халал индустриясы еді. Өйткені, халық арасында халал өнімдерді тұтынушылар саны жыл санап артып келеді. Бұл Қазақстандағы халал өндірісінің көлемі ұлғайып, қанатын кеңге жая бастағанын аңғартады. Ислам рұқсат еткен өнімдерге тек мұсылмандар ғана емес, өзге де дін өкілдерінің сұраныстары артқан. Десе де, аталған жайт еліміздегі халал индустрияның қарқынды дамып келе жатқандығын білдіре ме?..

Адал асқа сұраныс артуда

Бүгінде «халал» деген жазуы бар түрлі өнімдер дүкен сөрелерінде сіресіп тұр. Әсіресе, ет, шұжықтардың сыртқы қаптамаларында осындай жазулардан көз сүрінеді. Әрине, еліміздің жетпіс пайыздан астамы Ислам дінін ұстанатындықтан, тұтынушылардың көбісі халал өнімдерді алғысы келеді. Бұл – Жаратқан иеміздің бұйрығы әрі адал астың денсаулыққа кері әсері жоқ. Тұрмыста біз «халал» деп пайдаланып жүрген өнімдерді шығаратын кәсіпорындарға сертификатты «Қазақстан Республикасының халал индус­триясы» қауымдастығы береді. Әлбетте, ол кәсіпорынның өнімдері халал стандарты талаптарына сай болуы шарт. Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, қара базардағы самса сататын орындарға сертификат берілмейді. «Біздің стандарт әлемдік үлкен зауыттарға, ет өндірісіне, халықаралық талаптарға сай келетін мейрамханаларға негізделген» дейді олар.
Осылай десек те, кейбір арам ойлы пысықайлар ет, нан өнімдерінің сыртына «халал» деп жазып, нарықтық сатылымға шығарып жатқаны жасырын емес. Және мұндай кәсіпкерлер көп-ақ. Шындығында, сауда дүңгіршектеріндегі ет, нан өнімдеріне, сыртында «халал» деген жазуы бар шұжық пен самса өнімдеріне мән беріп, тексеріп, таразылайтын ешкім жоқ. Халал деп сатылатын шұжық өнімдерінің құрамынан оңай табылатын доңыз майының түйіршіктері осының дәлелі.

Заңсыз өнімдердің зардабы көп

Әлемде тамақ өндірісінің дамығаны сонша, бұл салада жаңа бастаманы іске асыру өте қиын. Елімізде халал өндірісі енді ғана аяғынан тұрып, қалыптасу үстінде. Сондықтан болар, оның жолына кесе-көлденең тұрып, түрлі кедергілер жасаушылар жетерлік екенін айтады кәсіпкерлер. Мемлекет тарапынан нақты бақылау мен қадағалаудың жоқтығы халал индустрияның дамуын тежеп, ел экономикасына зардабын тигізуде. Осының салдарынан халал нарығы тұтынушыларынан айырылса, кәсіпорындар пайдадан, мемлекет кіріс салығынан қағылуда. Мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін әр өңірде халал өнімдерді сарапқа салып, заңсыз өндірістерге қадағалау жүргізетін аймақтық филиалдардың болғаны жөн сияқты. «Қазақстан Республикасының халал индустриясы» қауымдастығының төрағасы Марат Сәрсенбаевтың айтуынша, елімізде көптеген зауыттар, ет комбинаттары, қызмет көрсететін орындар халал стандартына көшті. Бүгінде 500-ден аса үлкенді-кішілі кәсіпорын осы стандарт бойынша жұмыс істеуде. Бұл қатарды толықтырғысы келетін кәсіпорындардың да қатары жыл сайын артып келеді. Бір қызығы, халал стандартына көшкен кәсіпорындардың елу пайызға жуығының басшылары еуропалықтар көрінеді. Бұл да халал индустриясы болашағының зор екенін көрсетеді.

Сапаға көшетін сәт жетті

Тіршілігіміздің өзі танытып отырғанындай, әлемде, соның ішінде елімізде адам денсаулығына пайдалы әрі қауіпсіз халал тағамға тиісінше мән беріле бастады. Көпшілік тамақ өнімдерін сатып алғанда, оның құрамына көбірек мән береді. Осылай болғаны дұрыс. Өйткені, адал тағам – денсаулық кепілі. Тағы айта кетерлігі, дамыған мемлекеттер тек халал азық-түлік саласына ғана емес, жеңіл өнеркәсіп, парфюмерия мен фармакология және басқа да салалардың халалдығына айрықша ден қоюда. Қазақстан бәсекеге қабілетті дамыған елдердің қатарына қосылу үшін жаңа бастамалар мен озық технологияларды іске асырып, ел азаматтарының мейлінше жақсы өмір сүруін қамтамасыз етуі керек. Осы орайда, мамандар халал өндіріске өзіндік дем беруші кәсіп иелерін мемлекеттік қолдау қажет екенін алға тартады. «Халал өнім өндірушілерге салықтық жеңілдіктер, қаржылық қолдау, қаржы айналымын бақылау, қадағалау – барлығы мемлекеттік ретте болғаны жөн» деседі олар.

Халал индустрияның дамуы жолында өнім сапасына баса назар аударғанымыз дұрыс. Бұған қатысты биолог ғалым Мұрат Ғылмановтың былай дегені бар: «Бүгінде ет және ет өнімдерін өндіретін отандық кәсіпорындарда малды электр тогымен өлтіру, пышақпен ұрып өлтіру тәсілі қолданылатыны бар. Ал, мұндай жолмен өлтірілген малдың бойында қан ұйып қалатыны, бұл тәсіл қоршаған ортаға инфекцияның тез таралуына жол ашатыны әлдеқашан мәлім болды. Зерттеулер бойынша мұндай жолмен өлтірілген жануар алдымен қорқып қалады. Мал қорыққан сәтте бүйрек тұсындағы бездері шошынады. Айналып келгенде, осы іспетті әдіспен сойылған малдың етін жеген адамның ағзасында қатерлі ісік ауруының қоздырғышы пайда болады. Бауыздалмаған малдың етінен жасалған тағамдар харам тамақтар болып саналады».

Сапа жайында әңгімелегенде, будан өнімдердің харам екенін айтпай кетуге болмас. Айталық, АҚШ-та кәдімгі күріштің тұқымына адамның бауырынан алынған ДНҚ-ны қосып, құрт жемейтін етіп шығарды. Картоп пен бәйшешекті будандастырды. Ал, будан өнімге зиянды жәндіктер жоламайтын көрінеді. Қазақстанда өсірілетін бидайға мысықтың ДНҚ-сы қосылғаны жазылған БАҚ беттерінде. Бұл бидайдың ұнынан пісірілген нанның өзін тышқан тістемейді екен. Ең көп будандастырылған, халық көп тұтынатын дақылдардың қатарында соя, жүгері, арахис, бидай, қызанақ, картоп бар. Құс өсіруші фермерлер сойылған тауықтың бас-сирақ, тұмсық-тұяқ, жүн-жұрқа, қалдық етін ұнтақтап, химиялық зат қосып, тірі тауықтарға жем қылып береді-міс. Бұл халал индустрияда будан өнімге мүлде жол бермеу қажеттігін айғақтайды.

СҮБЕЛІ СӨЗ

Марат Сәрсенбаев, «Қазақстан Республикасының халал индустриясы» қауымдастығының төрағасы:

«Біздің елде де халал индустриясы дамып келеді. Нарықта 30 пайызға дейін жетіп қалдық. Халал өнімдермен айналысатын агенттік құрылса да жақсы болар еді».

Халал нүктелердікөбейту керек

Әйтеуір, қуантарлығы, бүгінгі халал сөзінің мәні діни шеңберден шықты. Қазіргі таңда Қазақстан ТМД аумағында халал тағам өндіруден көшбасшы болып тұр. Бұл орайда, «Қазақстан Республикасының халал индустриясы» қауымдастығының төрағасы Марат Сәрсенбаевтың сөзіне тағы құлақ түрсек: «Малайзия елінің «Халал фармация» туралы стандартын еліміздегі сала мамандары дамытуға кірісуде. Спортта «Халал туризм» саласы жанданып келеді. Яғни, демалу орындары мен тамақтануы да тек адал астан дайындалатын болады. Жеңіл өнеркәсіпті де алдағы уақытта халалға өткізу ойымызда бар. Шыны керек, 15 миллион халқы бар Қазақстан үшін 500 кәсіпорын аздық етеді. Өйткені, елімізде халал өнімдеріне деген сұраныс үлкен. Бұл кәсіпорындардың өнімдері тек дүкендерге ғана түсіп қоймайды, олардың өнімдерін дәмханалар мен мейрамханалар, қонақүйлер және басқа да қызмет көрсету орындары тұтынады. Сондықтан, еліміздің ішкі сұранысын толық қамтамасыз ету үшін халал мәселесіне мемлекеттік деңгейде назар бөлінгені жөн» дейді ол.

Жуырда «Астана – халал аймағы» тақырыбымен дөңгелек үстел жиыны өткен еді. Онда елордадағы «Дуслик» татар этно-мәдени орталығының басшысы Яннат Низамутдинова «ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында халал өнімдерін сату орындарын көбейту қажет деген ұсынысын білдірді. «Біз өндірушілерді халал өнім шығаруға ынталандыруымыз қажет. Себебі, бұл өнімдер сұранысқа ие және ауқымды нарыққа айналып үлгерді, ол – әлемдік бренд» деді Я.Низамутдинова. Жиынға қатысқан мамандар да 5 миллион шетелдіктің басын қосатын халықаралық шара барысында халал өнімдердің көп тұтынылатынын және үлкен сұранысқа ие болатынын қуаттады. Қазақстан оған дайын болуы тиіс.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 5 =