Халил АҚЫНЖЫ, Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы: МҰНДАЙ БАСТАМАНЫ ӘРКІМ ИГЕРЕ АЛМАЙДЫ

0 112

Бүгін басталатын Астана экономикалық форумына қатыспаққа халықаралық дәрежедегі көптеген белгілі сарапшылар келді. Олардың арасында тәжірибелі дип-ломат, Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Халил Ақынжы да бар. Мәртебелі мейманға газетіміз атынан бірер сауал қоюдың сәті түскен-ді. Блиц-әңгіме былайша өрбіді.

– Ақынжы мырза, өзіңіз Бас хатшылығына бекітілген ұйым 2009 жылы Нахчыван келісімшарты негізінде құрылғанынан хабардармыз. Алайда бұл халықаралық инс-титут жұмысы туралы ақпараттық кеңістікте мағлұмат әлі жеткіліксіз секілді көрінеді?

– Мұндай оймен келісуге болатын шығар. Біздің кеңес хатшылығының құрылғанына екі жылдай болса да, әлі ұйымдастырылу кезеңінде жүргенімізді айта кеткен жөн. Халықаралық деңгейдегі кеңесті аяғынан нық тұрғызу үшін бұл тіптен көп уақыт еместігіне түсіністікпен қараған ләзім. Осынша қысқа мерзім ішінде біз бағыт-бағдарымызды анықтау мақсатында айтарлықтай шаруалар тындырғанымызды жоққа шығара алмаймын. Қазірдің өзінде Түркі кеңесінің жұмысына өзге халықаралық ұйымдар тарапынан қызығушылық аз емес. Ал ақпараттық қолдау жайына келсек, мәселе алдағы уақытта мүше-мемлекеттер медиа-кеңістігіне сын боларлықтай деп білемін.

– Ауызекі қолданыста «Түркі кеңесі» аталып жүрген алқаның негізделуі, мүшелері жөнінде, қысқа қайырғанда, не біле аламыз?

– Аталған істе Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығы, бастамашылдығы талассыз. Кеңеске бүгінде төрт мемлекет – мүше. Олар – Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия. Ұйымға мүше түп-тамырлас елдер түркі тілдестерге ортақ жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету, мәдени мұраларды жаңғырту және танытуды көздейді. Іс-қимылдарымыздың мазмұны, мақсат-мүдделеріміз, негізінен, Нахчыван келісімінде нақтыланған. Құрылымдық механизмдері мынадай: Мемлекет басшыларының кеңесі; Сыртқы істер министрлерінің кеңесі; Ақсақалдар алқасы; Аға лауазымды қызметкерлері комитеті; Хатшылық. Мұның сыртында ТҮРКСОЙ, ТүрікПА, Түркі іскерлер кеңесі, Түркі академиясы сынды тығыз байланыстағы құрылымдар бар.

– Тарихтан мәлім: түркілер түп-тамырлас. Әйтсе де бүгінгі әлем дамудың әлдеқайда басқа дәуірінде. Ендеше ынтымақтастық жөніндегі әңгімеміз әдеткі пафос қана емес пе?

– Дұрыс-ақ. «Біз туысқанбыз, түбіміз – бір» дегендей жалынды сөзді кез келген адам айта алады. Шындығында сол жақындық іс жүзінде көрініп тұруы тиіс. Түркілер бір болуы керек. Біз ғаламдық дәрежедегі алапат құбылыстарға күш біріктіре кіріскеніміз абзал. Дүниежүзіндегі тәуелсіз мемлекеттерде 130 миллион шамасында түркі тілдес бауырлар тұрып жатырмыз. Әрқайсымыз өзімізді саны 130 миллион халықтың өкілі ретінде мақтан тұтатындай болуымыз шарт…

– Астана экономикалық форумына делегатсыз. Жиын жөнінде, елордамыз туралы нендей ой түйдіңіз?

– Форумның жай-жапсары қамтылған жоба-жоспарының өзі жетпіс бет екен. Осыған қарап-ақ Қазақстан қандай ауқымды шараны ұйымдастырғанын шамалаймыз. Мұндай бастаманы екінің бірі игере алмайтыны – шындық. Астанадай жайқалған жас шаһарды дүниежүзіне таныта түсуде халықаралық жиындардың рөлі ерекше.

Ерболат ҚАМЕН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × two =