Халида ШӘРІПОВА, Астана қаласы №1 перзентхана бас дәрігерінің орынбасары: ҚАУІПСІЗ АНАЛЫҚ ҚАҒИДАЛАРЫН ҚАТАҢ САҚТАЙМЫЗ

0 188

Болашақ ана мен баланың денсаулығы жүкті әйелдердің уақытында есепке тұрып, үнемі дәрігер бақылауында болуы­мен тығыз байланысты. Сондықтан, емдеуші дәрігердің ескертпелеріне құлақ асып, оны­мен кеңесіп отырған абзал. Газетіміздің оқырмандарымен болған тікелей тілдесуде №1қалалық перзентхана бас дәрігерінің орынба­сары Халида Шәріпова осы мәселе төңірегіндегі сұрақтарға жауап берді.

– Сәлеметсіздер ме, мен – Майра Қуанышқызы, жас маманмын. Еңбек өтілімнің болмауына байланысты еш жерге жұмысқа орналаса алар емеспін. Сіздерде бос орын бар ма?

– Мамандығыңызды білуге бола ма?

– Медбикемін.

– Арнайы сертификатыңыз бар ма?

– Әрине, бар.

– Онда мекеменің бас дәрігеріне түйіндемеңізбен барып, жолығуыңызға болады. Бос орын болса, жұмысқа орналасуыңызға мүмкіншілігіңіз бар. Сонымен бірге өз түйіндемеңізді қалалық денсаулық сақтау басқармасының кадр бөлімшесіне де тапсырыңыз.

Жалпы, біз әр жыл сайын жас мамандарды жұмысқа қабылдаймыз. Мәселен, биылғы жылы перзентханамызға бір дәрігерді қызметке алдық.

– Қазір серіктес босану деген пайда болды. Сол медбикелердің жұмысын жеңілдетіп жіберген жоқ па? Олар бар ауыртпалықты серіктесіне қалдырады да, өздері бұрынғыдай емес, босанғалы жатқан әйелдің қасына көп бара бермейді. Жал­пы, осы серіктес босану туралы көбірек білгім келеді. Онымен келіспейін десем, туу кезінде өзім қиналам ба деп қорқам. Қандай кеңес бересіз?

– Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымының нұсқауы бойын­ша серіктес босану қазіргі кезде Қазақстанда кеңінен қолданылуда. Бүгінгі таңда босанушы әйелдердің 50-70 пайызы серіктес босану­ды қолдайды. Себебі, босанудың бұл түрі босанушыға моральдық-психологиялық демеу және күш-жігер беруге нақты көмектеседі. Сондықтан, серіктес босануды ме­дицина ұжымы дұрыс деп есептейді. Ал, сіз айтқандай, серіктес босану кезінде дәрігерлер мен медбикелердің жұмысы жеңілдейді дегенмен мүлде келіспеймін. Мұндай жағдайда медициналық қызметкерлер де серіктеспен бірігіп босанушы әйелге психологиялық көмек көрсетеді.

Жалпы, біздің перзентхана­да күніне 25-28 әйел босанады. Олардың үшеуіне бір акушер тағайындалған. Нәресте дүниеге келгеннен бастап анасымен бірге болады. Медициналық процедура анасының немесе серіктестің көзінше жасалады және артық манипуля­циялар азаяды. Барлық босанудан кейінгі палаталар ана мен бала бірге болу палаталары болып табылады. Перзентханада болған уақытта ана­лар нәрестені күту әдістерін, оның ішінде емшек сүтімен қоректендіруді үйренеді.

– Тікелей тілдесу ме екен? Бір перзентке зар болып жүргеніме он жылдың жүзі болды. Сіздер арқылы бала асырап алуыма бола ма? Естуімше, сіздерде тастан­ды балалар көп болады екен. Хали­да Көбентайқызы, айтыңызшы, сол рас па?

– Бала асырап алу жөніндегі мәселені қалалық әкімдіктің жанындағы арнайы комисиия шешеді. Сондықтан, осы мәселе бойынша қалалық әкімдікке хабарласқаныңыз дұрыс.

Биылғы жылы біздің перзентха­нада 8 тастанды бала тіркелді. Оның саны бұдан да көп болуы мүмкін еді, бірақ перзентхананың әкімшілігі және дәрігерлер мен медбикелердің табанды жұмысының арқасында көп әйел нәрестелерін тастап кету жөніндегі пікірлерін өзгертіп, бала­ларын үйлеріне алып кетті.

– Босанған әйелдер жақсы біледі, әрине, алдымен Жаратқан, сосын осы ақ халатты абзал жандар ғой біздің жаны­мызды арашалап қалатын. Де­генмен, кейде сол дәрігерлердің дөрекілігін сөзбен айтып жеткізу қиын. Әсіресе, жаңа босанған аналардың мейірім мен махаббатты қажет ететіні белгілі. Бұл ретте дәрігерлермен және медби­келермен қандай да бір жұмыстар жүргізіле ме?

– Әлбетте, ай сайын әрбір бөлімшеде және перзентханада медицина қызметкерлерінің этикасы және деонтология туралы семинарлар өткізіліп тұрады. Онда денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің пациенттермен әдебі, олардың өзін ұстауы туралы кеңінен әңгіме қозғалады. Бұл бағыттағы жұмыстар бізде жыл бойы жалғасуда.

– Жасым отыздан асып кетті. Екінші балаға аяғым ауыр. Жолдасыммен осыдан он бір жыл бұрын ажырасқанмын. Енді қызыма серік болсын деп едім, бірақ, ата-анам менің шешіміммен келісер емес. Не істеуім керек?

– Бұл сұрақтың жауабын тек қана өзіңіз шешесіз. Себебі, бұл сіздің отбасыңыздың жеке мәселесі. Жүкті болғаныңызға неше апта?

– 25 апта.

– Негізі, жүктіліктің мұндай үлкен мерзімінде түсік жасау мүмкін емес. Бұл аптада баланың барлық мүшелері дамиды және Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша егер балада қандай да бір ақау болған немесе ананың өміріне қауіп төнген жағдайда ғана біз болашақ ананы ерте босануға мәжбүрлете аламыз. Ал, сіздің жағдайыңызда өз шешіміңізбен ерте босануға ешқандай көрсеткіш жоқ.

Жалпы, мұндай мәселені жүктіліктің үш айына дейін шешу керек. Сол кезде сіздің де медициналық абортқа баруға мүмкіншілігіңіз болды. Ал, қазір ешқандай көмек көрсете алмаймыз. Бір ғана айтарым: өзіңіз тексеріліп жүрген дәрігермен үнемі байланыста болып, маманның кеңесіне құлақ асыңыз.

– Мен «Шипагер» ОДА-ға қараймын. Сонда тіркелгенмін. Дегенмен, Сіздердің әйелдер кеңесі жақсы жұмыс істейді дегенді естідім. Осында келіп тіркелуіме бола ма? Ол үшін қайда баруым керек?

– Ол үшін алдымен «Шипагер» ОДА-сының өзіңіз қаралып жүрген дәрігерімен кеңесуіңіз керек. Сіздің денсаулығыңызда қандай да бір ақау болса, олар сізді біздің кеңеске жібере алады. Яғни, осында келіп тіркелуіңізге әбден болады. Ол үшін өзіңіз қаралып жүрген отбасылық денсаулық амбулаториясынан жол­дама аласыз. Сосын осында келіп тіркелесіз.

– Он жыл бұрын сіздердің перзентханада босанғанмын. Дәрігерлер мен медбике­лерге айтар алғысым шексіз. Пер­зентханада бүгінгі таңда өзгерістер көп шығар, басты жаңашылдықтар туралы білгім келеді.

– Бұл бағытта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымы бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Оның ішінде серіктес босануды тәжірибемізге енгіздік. Сондай-ақ, ана мен балаға көрсеткішсіз дәрі-дәрмекті қолдану азай­тылды. Босану кезінде қандай да бір қиындықтар туындаған жағдайда шешім қабылдауды отбасы мүшелерімен ақылдаса отырып, бірге шешеміз.

2008 жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Бүгінгі таңда перзентханамыз заман талапта­рына сай соңғы технологиялар­мен жабдықталған. Сондықтан, қаламыздағы аналар бізге босануға шын көңілдерімен келіп жатады. Мұнда олардың босанулары үшін барлық жағдай қарастырылған. Қазіргі кезде біздің перзентхана қауіпсіз аналық қағидаларына сай жұмыс істейді. Жыл сайын перзентха­нада 5000-нан астам нәресте дүниеге келеді. 2005 жылы перзентханаға «нәрестені мейірлі күту аурухана­сы» атағы берілді.

ДДСҰ бағдарламасы ұсынған қауіпсіз аналық қағидаларын енгізгеннен бері жүктілік және босандыру барысы ана мен бала жарақаттануын, жаңа туған нәрестелер сырқаттануы жиілігін, бөбектердің шетінеуін төмендетті. Бұл ретте жаңа және тиімді технологиялар қоланылуда.

Біздің перзентхана босандыру алдында тиімді зерттеу әдістерін енгізіп, арқасында жүкті әйелдер қазір кесарь тілігінен кейін табиғи жолмен, өз бетінше босануларына мүмкіндік алды. Біз аналарға осындай мүмкіндік берген алғашқы перзентханалардың біріміз. 2001 жылдан бері осындай жолмен босанған әйелдер саны 300-ден асты. Акушерия және гине­кология кафедрасымен операциядан кейінгі асқынуларды азайтатын жа­тыр тілігін тігудің жаңа әдісі енгізілді. Дәрілік заттарды негізсіз қолдануды төмендету мақсатында әйелге анти­биотиктер, тіпті, кесарь операция­сынан кейін де бір рет қана беріледі.

Перзентхананың сайтында біз туралы толық мәлімет бар. Соны­мен танысып, сұрақ қоюларыңызға, алғыс білдірулеріңізге, ұсыныс-тілектеріңізді жеткізуге мүмкіншіліктеріңіз бар. Бізбен байланысқыларыңыз келсе, roddom1@mail.kz сайтына хабараласыңыздар.

– Ауруханадағы мамандардың біліктілігі туралы білгім келеді. Қазір дәрігерлердің сауатсыздығынан, яғни, дәріні дұрыс пайдаланбаудың салдары­нан қаншама адамның өміріне зиян келуде. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Бүгінгі таңда №1 перзентханада медицина ғылымының 2 кандидаты және барлығы 85 дәрігер жұмыс істейді. Олардың 15-і, яғни 17,6 пайызы жоғары санатты қызметкерлер болса, 22-сі немесе 25,8 пайызы бірінші және 8-і, яғни 9,4 пайызы – екінші санатты дәрігерлер. Біздегі орта медицина қызметкерлерінің саны – 150.

Сонымен бірге, үстіміздегі жылдың сегіз айында 32 дәрігер мен 12 медбике кәсіби біліктілігін арттыр­ды. Жалпы, мамандарымыз әр бес жыл сайын біліктілігін арттырып отырады. Олай болмаған жағдайда бұйрық бойынша жұмыстан шығарып тастауға мүмкіншілігіміз бар.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − 2 =