Хакімнің ізі қалған жер

1 90

Ұлы Абайдың 175 жыл­дық мерейтойы әлем­дік деңгейде аталып өтпек. Осы айтулы ша­раға байланысты ел көлемінде қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Осы орайда біз филология ғылымдарының кандидаты, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Жандос ӘУБӘКІРМЕН Абай және оның мұрасы төңірегінде әңгімелескен едік.– Сөз ұлы Абай туралы болғандықтан, сұхбаттың бісмілләсін өзіңіз басқарып отырған ұлы ақын музейінен бастасақ.
– Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі 1940 жылы қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезовтің бастамасы бойынша ақынның 95 жылдық мерейтойы қарсаңында, мереке үстінде ашылған болатын. Әлі күнге дейін сол Әуезов бастамасы бойынша Абайға қатысты жәдігерлерді, ескі әңгімелерді жинақтау бағытында жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді. Қазақ даласында мұндай сан-салалы қорық-музей жоқ десем артық айтқандық, дәлелсіз мақтанға ұрынғандық болмас. Музейдің бір ғана Абайдың қара шаңырағы болғандығының өзі неге тұрарлық?! Бүгінде ұлы Абайға арналып ашылған Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби музей тарам-тарам жеке құрылымдардың басын біріктірген іргелі мәдени кешенге айналды.
Әрбір мерейтойлық кезеңмен қарайтын болсақ, музейдің өсу деңгейін көруге болады. Даму үстінде келе жатқан музейіміз ең алғашында Абайдың өз заманында келіп тоқтап жүрген Б.Байысовтың, Әнияр Молдабаевтың үйлері болған. 1967 жылы Абайдың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында мұражай қаладағы сәулет ескерткіштерінің бірі саналатын, ұлы ақын өмір сүрген дәуір үлгісімен салынған көпес Роман Ершовтың үйіне көшірілді. 1995 жылы жаңа ғимарат қосылып, бас ғимаратымыз үлкейді. Қазіргі таңда музей бірнеше филиалдардан тұрады. Мысалы, Семей қаласының өзінде бас мұражай және «Алаш арыс­тары – М.Әуезов музейі» болса, Жидебайдағы Абайдың музей-үйі, Шәкәрімнің саят қора музейі, Әуезовтің Бөрілідегі музей-үйі, Көкбай Жанатайұлының Тақырдағы музейі, Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлының музейі, Елбасымызға тұңғыш бата берген Құндыздыдағы Шәкір Әбенұлының музей-үйі және 16 тарихи ескерткішті қамтитын 6400 гектарлық қорық аймағымыз бар. Бұл музейдің ерекшелігі мерейтойлық сәттермен өмір сүрмейді. Яғни күнделікті тыныс-тіршілігіміздің барлығы – осы Абай мұрасын насихаттау.
– Музейде қанша жәдігер сақталған? Ең айрықша жәдігерлерді атай кетсеңіз.
– Ғасырлар қойнауынан сыр шертіп, Абай мұрасын тереңдей танытатын, ұлы тұлғалармен олар өмір сүрген ортаны елестететін тарихи жәдігерлердің орны орасан зор. Қазіргі таңда 80 жылдық тарихы бар музейдің қорында сақтаулы жәдігерлердің әрқайсысының өзіндік алар орны ерекше деуге болады. Бүгінгі таңда музей қорындағы жалпы экспонаттардың саны – 21747 дана. Біз үшін Абайға, оның заманына қатысты әрбір дерек көздері өте қымбат, баға жетпес асылымыз болып табылады. Ең айрықшалары қазақтың ұлы ақыны Абайдың өзі өлкетану музейіне тапсырған заттар экспозициямызда ерекше орын алады. 1885 жылы ақын ауылына орыс досы Н.Долгополов қымызбен емделуге келеді. Осы Долгополов арқылы Абай Семейдің 1883 жылы ашылған өлкетану музейінің қазақ бөлімшесіне 60-тан астам этнографиялық зат жібереді. 50-жылдары сол музейден Абай музейіне жиырма шақтысы берілген. Абай тапсырған заттардың ішінде қазір экспозицияда тұрғандары: Абай ер-тоқымы (тоқымы жоқ, ердің өзі ғана), еттабақ (ағаштан ойылған), күміспен әшекейленген ағаш құты, тері торсық, піспек, қымыз тегене, қымыз ожау, кісе белбеу, шоқпар, айбалта. Абай заманын көрсететін заттар: ағаш тостағандар, жиектері күміс жіппен зерленген бет орамалдар, киіз аяқап және Жидебайдағы өзі қолданған әрі туыс-туғандары пайдаланған жәдігерлер – музей қорының баға жетпес құнды мұралары.
– Жидебайдағы Абай музейі­нің қазіргі күйі қандай? Музейдің маңайында қажетті инфрақұрылым: жол нұсқағыштар, маңдайшалар, тарихи тақталар бар ма? Жай қарапайым адам музейді қалай тауып барады?
– Жидебай жері Семейден шамамен 180 шақырымды құрайды. Әрине, барлық белгілер орнатылған. Абайдың жолы адастырмайды. Қала сыртына шыққаннан бастап «Абай жолы» деп жазылып тұр. Әрбір бұрылма тұста нұсқаушы қойылған. Сол нұсқаушы арқылы діттеген жерге қиындықсыз барады. Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай музейінде жұмыстар қызу атқарылуда. Семей қаласындағы бас музейде жөндеу жұмыстарын жүргізу, экспозициясын жаңартуды, Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешеніндегі «Ұлылар мекені» музейін жасақтауды, өзге де түрлі бағыттағы шаруаларды жоспарлап отырмыз. Музейдің қазіргі жағдайы жақсы. Үлкен абаттандыру жұмыс­тары жүргізілмек. Президентіміздің мақаласында айтылғандай, «Абай мұрасы» деген үлкен орталықтың құрылысы қолға алынды.
– Жидебайдағы музейге жылына қанша адам келеді? Олардың арасында шетелдік туристер көп пе?
– Музейге келушілер саны жылдағыдан артпаса, кеміген жоқ. Яғни шетелдік туристер және қазақстандық келушілердің барлығын қосқанда 100 мыңға тарта адам келеді. Әрине, өте үлкен нөпір болмаса да, бір ерекшелігі – шынайы Абай деп келетін адамдар. Табиғат ерекшеліктеріне қарай қыс мезгілінде келушілер азаяды. Жаз мезгілінде келушілерге шағын тұрақтайтын мәдени кешен қарастырылған. Ал күн суытқан уақытта осы жағы қиындық тудырады. Енді, міне, үлкен орталығымыз салынса, бұл мәселе өз шешімін табар. Биыл да халық назары Семейге, Абай музейіне, дала данышпандарын тудырған киелі мекенге ауатыны анық.
– Музейде қанша кітап қоры бар? Жидебайдағы кітапхана жайында не айтасыз?
– Музейде Абайдың бай кітап қоры бар. 14520 кітаптың 911 кітабы және қордағы 358 кітабы – 1917 жылға дейін басылған көне басылымдар. Қор бөлімінде сақтаулы кітаптардың 300-ге жуығы – араб графикасындағы кітаптар және 252-сі Абай оқыған Ахмет Риза медресесінің кітаптары. Сондай-ақ Абайға қатысты шыққан жазбалардың барлығы осы жерде орналасқан.
Ал Жидебайдағы кітапханаға келсек, бұл жоба бастапқыда кітапхана болады деп басталып, кейіннен іске аспады. Өз басым оның себебі келушілер сұранысы мен табиғат ерекшеліктеріне байланысты деп ойлаймын. Биыл сол кесененің кітап­хана болмай қалған жерді «Ұлылар мекені» деген экспозиция­мен ашпақпыз. Келген адамдар ұлылар мекеніне қатысты тарихи жерлерді макеттер, суреттер, әрқилы жәдігерлер арқылы көретін болады.
– Жидебайдағы Абай үйінің маңына кешенді құрылыстар салып, ақын өмірімен қоса, қазақ ұлтының сол замандағы тұрмысын, мәдениетін насихаттауға мүмкіндік бар ма?
– Иә, әрине, ол да дұрыс нұсқа. Абайдың музей үйі құрылысы қалай болды, сол қалпында тұр, қасында Шәкәрімнің саят қора экспозиция­сы жасақталған. Осы екеуі музейлік қызметті атқарып тұр. Ал өзге үйлер қазіргі таңда сақталмаған. Сондықтан сақталмаған ескі үйлерді қайтадан жапсармалатып салып қою­дың аса қажеттілігі жоқ. Себебі біз Абайды әлемдік дәрежеде насихаттап жеткізуде барлық үйлерді қою міндет емес деп ойлаймын. Керісінше, осы өлкенің Абай үйінің тарихи қалпын сақтай отырып насихаттай аламыз.
– Абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай «Астана ақшамына» берген сұхбатында: «Абайдың зираты қазір бітеу. Сол бұрынғы ескі зират бұзылып кетті ме деген күмәнім бар. Сондықтан Абайдың Жидебайдағы ескерткішін қайта жөндеу – аса ыждаһатпен, сол кезде жұмыс істеген жұмысшыларды тарта отырып атқарылатын шаруа. Жидебайға ресторан салып, бизнес-жоспар жасап жатқандар бар, ал Абайдың жердің астында тұншығып жатқанында ешкімнің шаруасы жоқ» деген еді. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Абайдың 150 жылдық мерейтойы кезінде Абай-Шәкәрімге арналған кесенесі арнайы комиссияның шешімімен жаңадан салынды. Бұл кесенеге жылда жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп отырады. Ал Абайдың қабіріне қарай арнайы жол салу – бұл уақыттың еншісінде.
– Музейдегі экспонаттарды халыққа насихаттауда елордаға және өзге өңірлерге апарып көрме жасауға мүмкіндік бар ма?
– Әрине, халық 175 жылдықтың аясында ұлы ақынға қатысты барлық дүниені көргісі келеді. Барлығы бірдей Семей жеріне келе алмайды. Міне, сол себепті Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі ұжымы, яғни біз өз тарапымыздан алдағы уақытта республикамыздың Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Талдықорған және тағы басқа бірнеше қалаларда, Ресейдің Новосібір, Омбы, Барнаул қалаларында музейдің негізгі және қолжазбалар қорынан, жәдігерлерден көрмелер ұйымдастырмақпыз.
– Сіздің ойыңызша, Абай атамыз­дың 175 жылдық мерейтойының жас ұрпаққа ғибраты мол болуы үшін қандай іс-шаралар жүзеге асырылуы тиіс?
– Жалпы, Абайды жастар түгіл, үлкендер біле ме деген сұрақ туындайды. Себебі қазіргі уақытта ақынның 2-3 өлеңін оқып алып «Абайды білемін» дейтіндер де кездеседі. «Алла өлшеусіз, адам өлшеулі. Өлшеу­лі мен өлшеусізді танып-білу мүмкін емес» деп ақынның өзі айтып кеткен. Ендеше Абайды танып-білу зор ілім мен білімді қажет етеді. Бірақ Абайды оқу, сөздерінен ұлағат алу – ол бүгінгі жастардың басты міндеті. Абай өлеңін жатқа білетін жастар көбі басында жаттап, кейіннен өз дәрежесінде түсініп, арасында белгілі дәрежеге жеткендерін көріп жүрміз. Сондықтан қазіргі жастардың, халықтың қолында ұстаған кітабы Абай болуы керек. Өйткені Абай – бізге бағдаршам. Абай – бізге темірқазық. Абайды оқыған адам өз жолынан ешқашан адаспайды. Оқысаңыз адам болу, толық адам болу, ғылым, білім, табиғат, қандай дүние керек – адам өміріне қатысты барлығы ақын шығармаларында тұр.
– Архивтермен мұражайды байыту жағында қандай жұмыс атқарылып жатыр?
– Жылма-жыл осы Қазақстаннан ғана емес, өзге елдердің де архивтеріне барып отырамыз. Мысалы, Омбы қаласындағы архивтен Абайдың 3-рет болыс болғандығы жөнінде нақты құжатты таптық. Сол сияқты архив қарау жұмыстары күні-түні тоқтамауы керек. Тікелей архивпен жұмыс істейтін ғалымдар қазір сирек. Кезінде сол заманда қаралды. Бірақ ол заманнан бері қанша уақыт өтті. Кейбір жабық архивтер ашылып жатыр. Сондықтан Абайды зерттеп, мәліметтерді табу бағытында жоспарларымыз бар.

  1. Aikowa88 :

    Абай тойына нақтылы жоспар күні бүгінге дейін жоқ. Бұл мырза ауызбен орақ орғалы қашан. Ақын мұрасын сақтап отырсыздар. Ұлы Абай деп жарқ етіп бір көрінген жоқсыңдар не шара. Бір сарында барлығы. 175 жылдықтың аясын музей әлі күнге дейін түсінбеген сынды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + 13 =