Хакім Абай – әрі би, әрі заңгер

0 117

Абайды ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы ретінде әлем таныды және мойындады. «Соның барлығымен қатар Абайдың ел ішінде ең үлкен, ең іргелі биі болғанын да еске алу керек» дейді Мұхтар Әуезов. Абайды ұлы би ретінде зерттеуді Салық Зиманов, Шыңғыс Андабеков, Сәкен Өзбекұлы, Сұлтан Сартаев, Нұролла Өсерұлы және басқа да отандық заңгер-ғалымдар бұған дейін де қаламдарына арқау еткен.

Заң ғылымдарының докторы, академик С.Зиманов ХХ ғасырдың 50-60 жылдары Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық академиясының құрамындағы Философия және құқық институтының директоры болған кезінде ел арасынан, соның ішінде тобықты, онымен аралас-құралас көрші тайпалардың қарияларынан ауызша сақталған Абайдың билік үлгілерін әдейі жинаған. Іздену жұмысына Абайдың ағасы ­Құдайбердінің баласы Ахат, тобықты топырағынан шыққан қариялар С.Қасиманұлы, Ә.Қайнарбайұлы сияқты басқа да ақсақалдарды тартқан. Өкінішке орай, түрлі себептермен зерттеу жұмысы аяқсыз қалып, арада 50 жыл өткеннен кейін ғана қайта қолға алынып, С.Зимановтың басшылығымен қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде құжаттар, деректер мен зерттеу­лер жинақталған 10 томдық «Қазақтың ата заңдары» деген еңбегі жарық көрді.
С.Зимановтың келер ұрпаққа мұра ретінде қалдырған таптырмас дүниелерінің бірі – осы жинағы. Жинақтың ІІІ томында «Абай – ұлы билердің соңғысы және оның бітім-биліктері туралы» бөлімінде Абайдың би ретінде қалыптасуы, Семей облысының қариялары Малдыбайұлы Берікбол, Кеңгірбай ұрпағы Ахметбек Мұртаза және тағы басқаларының айтуы бойынша жазып алынып, Ғылыми кітапханаға тапсырылған естеліктер негізінде Абайдың жер дауы, жесір дауы, мал дауына қатысты қылған бітім-биліктеріне талдау жасалған.
Абай туралы естеліктерден, оның әділдікке келгенде өзінің туғандарына да қатысты билік шығарып, жүгініске шақырғанын көре аламыз. Оған Абайдың өзінің інісі Оспанға тарттырған айыбы, ағасы Тәңірбердінің баласы Әзімбайға қатысты билігі, інісі Оспанның әйелі, кейін әмеңгерлік жолымен өзіне тоқал болып тиген Еркежанға қатысты айтқандарын дәлел ретінде келтіруге болады.

ОСПАНҒА ТАРТТЫРҒАН АЙЫБЫ

1960 жылы Жалғыз Төбе селосының тұрғыны, қарт Исақов Айыздың айтуынша жазылған Абайдың інісі Оспанға тарттыр­ған айыбы.
Кенжесі ретінде Құнанбайдың қарашаңырағына ие болған Оспан содыр мінезді, дандайсыған, сотқарлау болыпты. Жазда Оспан жайлауға көшіп кеткенде қыстау, қора-қопсыны бағып қалған 12 үй жатақтар ой-ойдағы тың жерлерге ағаш соқаға сауын сиырларын жегіп, бірлесіп 20-25 десятина жерді жыртып, азды-көпті тап­қан бидайларын, арпаларын шашып, егін егеді. Оны тұяқтыға таптатпай қорып өсіреді. Маңдай терлері зая кетпей, егіндері бітік өседі. Бірде Оспан жайлаудан жылқысын айдатып, көшіп келе жатқан кезінде жатақтардың жайқалып өскен егісін көріп жылқышыларына:
– Ой-ойдағы жатақтардың егініне жайыңдар! – деп әмір береді.
Жатақтардың егіндерін Оспанның жылқысы аузымен орып, тұяғымен таптап, күйе жегендей етеді. Сорлы жатақтар зар жылап, күркелерінің түбінде жер шұқып, іштері күйіп өкінеді де қалады. Бұл кез Қоянды жәрмеңкесіне елдің жүрер қарсаңы екен. Қоян­дыда билердің төтенше съезі де тағайындалады. Абай осы съезге шақырылады. Ол Қояндыға бара жатып, жатақтардың үстімен жүріп, жол-жөнекей әрбір ойпаңда құрым жапқан олардың күркелерін көріп, сусын ішелік деп аттың басын бұрып, бір күркеге тіреледі. Алдынан бір бүкірейген шал шығады, сәлем бергеннен кейін Абайды танып: «Қуыс үйден құр шықпа» деп, Абайды күркеге кіргізіп, сусын ұсынады. Сол жерде Абайға Оспанның егінді таптатқанын, соның салдарынан шиеттей бала-шағаның қатықсыз көжеге зәру болып қалғанын айтады. Абай шалдың сөзін үндемей отырып тыңдайды да:
– Ал ақсақал, қасыңа серік ерт те, қос атпен маған еріп жүр, мен ертең жолдағы Оспанның үйіне барамын, сонда осы әңгімені жалғастырайық, – дейді.
Шал:
– Біздің 12 қос жатақтың аяқ ылау қып мінері жалғыз сабау бұт, жауыр дөненнен басқа біздің көлігіміз жоқ, – дейді.
Бұдан кейін Абай өзінің жеккен шеткі атын доғарып, шалға береді де:
– Менің атыма біреуің, дөненге біреу мініп, ертең сәскеде, мен Оспанның үйіне барар кезімде келіңдер, – деп тапсырады. Келесі күні түске таман шал, қасына тағы бір жатақ, Оспанның ауылына түсіп, Абайдың шақыруымен інісімен бас қосқан үйге кіреді. Болған оқиғаның растығына көз жеткеннен кейін Абай Оспанға:
– Қазір өзін бар да, жылқыдан құнан-тайы бар, маған 24 жылқы айдап әкел, – дейді.
Оспан аң-таң, қапелімде орнынан тұра қоймайды. Абай Оспанға зәрін тігіп, қадала қарайды. Оспан үйден шығып, жылқыға кетеді.
Жылқыға кетіп бара жатып Оспан қиялданады:
«Егер Абай осы жылқыны жатақтарға беріп айдатса, қайтар жолына 3-4 жігіт жіберіп, жылқыны қайта үйіріне қостырайын» деп, әдіс-айла құрады.
Оспанның үйден қитығып шыққанын жаратпаған Абай: «Бұл содыр, соқтықпа неме, жылқыны айдап үйіріне бір әкелер, бірақ жатақтарды ауылына жеткізбей, өзінің сойылын соғатын көңілдес­терін жіберіп, «ана екі жатақтың жұлынын үз де, жылқыны айдап үйіріне қос» деп те әрекет жасар» деп іштей топшылайды. Оспан 12 ірі жылқы, 12 құнан-саяқтарды айдап келіп, Абайға:
– Ал жылқы келді, тілегіңді орындадым, әкеңнің малын қайда, неге жаратқан қызығына қарауға рұқсат етіңіз, – деп кекете сөйлейді.
Екі жатақтың қасына өзінің қасына еріп келе жатқан шабарманын қосып:
– Мына 24 жылқыны айдасып, жатақтарға барып, 12 үйге біріне қиянат етпей, бір ірі, бір құнаннан бөліп бер. Бұл менің Оспаннан әперген әрі төлеуім, әрі айыбым деп айтыңыздар, қорықпай малдансын, қажетіне ұстасын, – дейді де Оспанға:
– Бері кел, «құлдық» де,– деп бұйырады.
Оспан ашуланып:
– Тағы қандай әкеңнен қалған малға мырзалық етесің? Тек шаңырақты қорлама, – деп зіл айтады.
Сонда Абай:
– Әкеңнің шаңырағының қасие­тін сақтасаң, көлеңкеде жүрген, жайлауға көшсең, қыс­тауыңды күзететін, әйелдері іркітіңді – құрт, жүніңді – киіз, малыңның көңін – отын ететін жатақтарда әкеміздің құны кеткен жоқ, сен неге оларды қорлайсың? Алты ай жаз ауруға дем салғандай етіп күтіп, бәйек болып өсірген 12 үй жатақтың егінін әкеңнің жылқысына неге жегіздің? «Жер ортақ, өсімінде менікі-сенікі жоқ» деуің жатақ елінің табанының етін, маңдайының терін бағаламау, ел дәстүрінің ата заңында бар ма? Білмесең бар, ана Нұрсейіттен сұрап біл… жерді, суды сен жаратқан жоқсың, жер-су құдайдікі, соны кім пайдаланып, игілікке үлес қосса, соныкі. Сен жерге малыңды жайып өсімін алсаң, жатақ күш-қуатын жұмсап, жерден өнім алуға тиіс. Әкеңнің дәулетінде менің де үлесім бар. Мен сол өз үлесімнен емес, сенің үлесінен жатақтарға айып әпердім. Менің шешіміме қарсы болсаң, Қояндыда болатын съезіне жүр. «Әдепсіз өскен ұл-қыз өлген ­ата-анасының сүйегіне тіл тигізеді» деген бар. Сен өзіңді олардың қатарына жатқызбаудың амалын ойла, – депті.

ӘЗІМБАЙДЫҢ БАСЫНУЫ

Абайдың туысы, Тәкежанның баласы Әзімбай күшіне, сүйемеліне сеніп аз жігітек руының егініне 30 жылқысын жіберіп, жайдырады. Бұны басынғандық деп санап, жылқыларды егін иелері ұстап алады. Әзімбай ашуланып, 150 адам қол жинап, бірақ жылқыларын қайтара алмайды. Енді ол 300 қол жинап жатқанда оған қарсыласудың қиындығын білген жігітектің бас адамдары Базаралы мен Дәркенбай түн ішінде Абайға кісі жібереді. Абай ертеңіне егін басында Әзімбайдың, жігітектен Базаралының шағымдарын тыңдап келіп, желінген, тапталған егін үшін, сойылдасқаны үшін жігітектердің қолында ұстауда тұрған 30 атты да жатқызады. Әзімбай Семей қаласындағы орыс сотына шағым түсіреді. Сот Абайдың билігінен асып түсе алмайды. Бұл оқиға 1962 жылы маусым айында «Горный» совхозының тұрғыны Едіжанұлы Әбіштің айтуынша жазып алынды. Туған жері Семей облысы, Шұбартау ауданы.

АБАЙДЫҢ ЕРКЕЖАНДЫ ЖҮГІНІСКЕ ОТЫРҒЫЗУЫ

Абайдың інісі Оспан өзімен аралас-құралас жүрген әрі сенімді құрдасы Көтібайға (керей руының тобықтыға сіңген Құнанбай кезіндегі бір бөлігі):
– Менің көзімнің тірісінде Көтібай, сен менен енші алып, бөлек шықшы, – деп оның еншісіне бір сиыр, бір бие, бір түйе, он қозылы саулық, оның үстіне әкесі «Құнанбай шиі» аталатын қорықтан Майтүбек дейтін жерді шабындыққа бөліп береді.
Оспан өлген соң, үш жылдан кейін, ел бауырға, яғни күзгі жайлауға көшіп келіп, шабылған шөпті қораға тасу басталғанда шаруаны аралап жүрген Еркежанның (бұл кезде Абайға атастырылған) көзіне Майтүбекте үйюлі-үюлі шөмелер түседі де:
– Мына шөпті неге қалдыр­дыңдар? – деп тасушыларға сұрау салады.
– Бұл шөп – Көтібайдың шөбі.
– Ешқандай шөпті арқалап әкелген жоқ. Шөпті қораға тасыңдар, – деп Еркежан бұйырыпты.
Көтібай бата алмай жүріп-жүріп, Абайға барады. Сөз де айта алмай, үнсіз отырып кетейін деп тұра бергенде, Көтібайдың көзінен сорғалап аққан жасты Абай сезіп қалады да:
– Әй Көтібай, бері келші, отыр­шы, сен неге жыладың?
– Әншейін.
– Әншейін емес, бері кел, сенің көзінің жасында бір сыр бар. Үш түрлі жылас бар: шын жылас, біреуді мадақтап жылау, сонсоң біреуді алдап жылау… Сенің көзіңнің жасы шын жыластың жасы. Сырыңды айтшы, неге жыладың? – деп Абай тежеген соң Көтібай:
– Кенже Оспан есіме түсіп кетті, – дей салды. Сонда Абай: – Әкем бір, шешем бір, ең жақсы көретін кенже бауырым Оспанға бұл күнде мен жыламағанда, сен жылайтын себебің не? – дейді.
– Өзіңіз білесіз, Оспан маған енші беріп еді. Сонда маған шабындыққа Майтүбекті ұсынған. Биыл шауып қойған шөбімді Еркежан бәйбіше қораға тасыттырып, үйіп алыпты.
– Шөп сенікі екенін біле ме?
– Тасушылар айтқан екен, оған қарамапты Еркежен бәйбіше.
Далада шаруашылықпен жүрген Еркежанды Абай шақырт­тырып алыпты. Үйге кіріп келген Еркежанды Абай өзінен жоғары, ең төрге отырғызыпты. Оған Абай:
– Кәдімгідей жүгініп отыр, – дейді.
– Болды емес пе?
– Енді екі қолыңды салалап, тізеңнің үстіне сал. Бәрін орындағаннан кейін Абай Еркежанға:
– Мына Көтібайға сенің қыздай алған байың Оспан марқұм, менің туған інім кезінде шабындық берген, оны өзің білесің. Сонша тарлық жасап, сол шабындықта үйген шөбін қораға неге тасытып алдың? Осының артын аңғардың ба? Көрген-білген әділдікті Абай алдымен үйінде орнатып алсын деп көзімізге шұқып, жүзімізге таңба салмай ма? – деген Абай сұрауына Еркежан тіл қатпай, үндемей, өң-түсі қашып отырып қалады. Көтібай бұның бәрін тыңдап, үнсіз отырады.
Шөп тасушыларды Абай шақырып алып:
– Көтібайдың шапқан жерінен қанша шөп тасып алдыңдар? Енді сол қораға тасыған шөпті Көтібайдың шөбінен екі есе артық етіп, оның қорасына тасып, үйіп беріңіздер, – деп билігін айтыпты. Бұл билікті естіген Еркежан үнсіз жүгініп отыра беріпті. (айтушы Қасен Балғабайұлы, Абай ауданы, 1958 жыл).

АБАЙДЫҢ «ҚАРАМОЛА ЕРЕЖЕСІ»

Абай өзінің беделін, білімі мен би атағын қуғын, жәбір көрген, бас бостандығын тілеген қыз-келіншектерге көмекке жұмсады. «Әкем жесір әйелге, жетім балаға қатты қарайласатын» дейді келіні Камалия.
Абайдың кейбір биліктері, мысалы, Салиқа қыздың дауы, жатақтардың пайдасына шешілген Тәкежан, Ысқақтарға қатыс­ты билігі және тағы басқалары ­М.Әуезовтің «Абай жолы» романында шебер сипатталады.
Жинақтың Ү-томында 1885 жылдың мамыр айында Қарамола жәрмеңкесінде өткен бес дуан елінің Кереку, Қарқаралы, Семей, Өскемен, Зайсан билері мен құрметті адамдары бас қосқан төтенше съезде қабылданған «Қарамола Ережесі» қазақ және орыс тілдерінде берілген.
Қарамола съезі жайында Абаймен бірге болған Мүсірәлі ақсақалдың естегісінен осы съезде Абай Төбе би болып сайланып, жиылған дүйім жұртты аузына қаратады. Съезде Абай оязға орыстың қазақ ортасындағы дау­ларын бітіру туралы шығарған заңының қазақтың әдет-ғұрпына қайшы келетінін айтып, ояз Абайға қазақ әдет-ғұрпына қолайлы заң жаз деп тапсырған. Үш күннен кейін ояз барлық елді жиып алып, Абайдың жазған жаңа заңын оқытты. Көпшілік түгел мақұлдады, бір ауыз сөз қосқан жан болмады. Ояз Ибраһим Құнанбайұлының заңын бекітіп, бұдан бұлай билер осы заңмен билік айтсын деген екен.
Осы съезге қатысқан уақ руы, Көкен болысына қарайтын Қандар дейтін ауылдан шыққан, уақ, керей, матай ортасына қадірлі ақсақал Әлімхан да «Абайды заңнан, қазақтың жолынан жеңетін біздің Орта жүзден ұл туған жоқ» деген екен.
«Ереже сол кездегі ресми, кеңсе араб, парсы, ноғай тілдерімен жазылған – оны орысшадан аударған Айтбакин деген Қарқаралы дуанының тілмашы, тәрізі Абай заңды орыс тілінде жазған да, билерге қазақша өзі түсіндіріп оқып берген. Заңның мұсылманша мәтінін Қазаннан тауып әкелген – академия қызметкері Қарта Қаңтарбаев. Алайда орысшадан оны аударған Айтбакин сол кездегі ресми тілмен жазғандықтан қазіргі әдеби тілге көшіріп жаздық» дейді С.Зиманов.
Бұл қазақ даласында тұңғыш жарық көрген құқықтық құжат. Далалық өлке мен Семей облысының губернаторлары ереже мәтінінің басқаларға үлгі болуы үшін және Петербургтық билік инстанцияларына есеп беруі үшін екі тілде көбейтілуіне мүдделі болды.
Бұл құжаттың 1886 жылы Казан университетінің баспаханасында араб әрпімен басылып шығарылған, мұқият түптелген шағын кітапша түріндегі бір данасын белгілі жазушы ­Ғ.Мүсірепов ғұмырының соңғы кезінде Қазақстан Орталық мемлекеттік архивіне табыс еткен. Құжатпен бірге мұрағат директоры, белгілі қаламгер Сапар Байжановқа төмендегідей хат жолдайды: Сапар, 1885 жылы Қарамолада бес дуанның съезінде қабылданған ережені беріп жібердім.
1. Ескіше білетін біреуге түгел жаңа алфавитпен көшіртіп аларсың да, бастырып шығарарсың (көшірмесін мұқият қарау керек болар)
2. Ереже әуелі орысша басылған, Қазан университетінің архивінен сол түпнұсқасын да алдырғаның дұрыс болар.
3. Бұл өте мағыналы нәрсе ғой, екі тілде де басылып шыққаны үлкен еңбек болар еді (Басқа көршілес бауырларымызда бұндай заң қабылданбаған ғой). Көшіргенде татарша тексттің өзін қазақшалаған дұрыс болатын шығар. Ғ.Мүсірепов, 21.11.1985 ж.
Ереже Қазақстан Орталық архивінің қызметкерлері ­Б.Байғалиев пен Ж.Ахмадиевтің күшімен қазіргі қазақ әрпі мен әдеби тіліне икемдей көшіріліп, 1992 жылы Абай журналының №3 санында тұңғыш жарияланған.
Ереженің орыс тіліндегі мәтіні 74 баптан, ал қазақ тіліндегі мәтіні 73 баптан тұрады. Осы екі мәтінді салыстыру арқылы ереженің қазақ тіліндегі мәтінінде 15-бап аударылмай түсіп қалғандығын көреміз, соның салдарынан кейін­гі баптар автоматты түрде көтеріліп қазақ мәтінінде 73 бапты құрайды.
Ереже процессуалдық және материалдық нормалардан құралған.
Процессуалдық нормалар ретінде билердің құрамы (1,2-бап); сырттай билік шығару (3-бап), шағым беру (7-бап), істі қараусыз қалдыру, шығын төлеу (4-бап), бас тарту (6, 20 баптар), бидің өздігінен бас тартуы (5-бап); мерзімдерге арналған баптарды (16, 23 баптар) т.б. көрсетуге болады.
Жоғарыда аталған институттар бүгінгі күнгі өзіміз басшылыққа алып жүрген азаматтық процестік заңнаманың негізгі институттары ретінде белгіленді.
Материалдық нормалар ретінде қылмыстық құқық, отбасы құқығы,мұрагерлік құқық нормаларын (50-бап) айтуға болады.
Ереже әдет-ғұрып нормаларына негізделген. Олардың кейбіреуі нақты бекітілген де. Мысалы: 49-бапта құдалық уағдасы бекітіледі – құда түсіп, құйрық бауыр жегеннен кейін делінген. Ереженің 51-бабында сойыс, қонағасы қазақ рәсімінде бар. Бермеген кісі бір ат-шапаннан бір түйеге дейін айыпты болады. Осы бапта сойыс беруден жол үстінде, жәрмеңке қасында, қайық аузында, съезд мекенінде, қала қасында тұрушылар босатылады деп көрсетілген. Ережеде «береке бітім», «салауат бітім», «сүйінші алу», «күмән» рәсімдері де кездеседі.
Кезінде Ұлы Абай 1206 жылы құрылған көшпенділер империясы туралы: «Моңғолдан Шыңғысхан шыққанда, қазақтан шыққан үйсін Майқы би оның заңдарын жасап, мемлекеттің құқықтық жүйесін қалыптастырған. Осындай еңбегі үшін «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген мақал қалған» деп жазған. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі негізінде дайындалған, қазақ даласында тұңғыш жарық көрген Абайдың «Қарамола ережесі» әлі де тарқатып зерттеуді талап ететін үлкен құқықтық құжат. Оның баптары мен қағидаларын зерделеп, келер ұрпаққа насихаттап, болашақта «Майқының Жасасы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолымен», Абайдың жазған «Қарамола Ережесі» деп айтылатындай етіп, бір қатарға қою мына біздің заңгерлердің еншісінде.

Гүлдана ШАРАПАТОВА,
Нұр-Сұлтан қаласы
Сарыарқа аудандық
сотының судьясы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 4 =