Гумилев және ұлы дала халықтары

0 271

«Өмірімнің мәні шын жүрегіммен сүйген Еуразия халықтарына тарих сахнасынан лайықты орнын алып беру болды» (Соңғы сұхбатынан, 1992 жыл)

Ғалымның жүректі шымырлатар осы бір соңғы сөздері өз өмірін сарп еткен зерттеулерінің басты мұратын көзі қарақты оқырманға ақтарылып айтқаны болатын. Сондықтан да болар, атақты ғалым Еуразиялық кеңістікте пассионарлық күш-қуат ықпалымен әлем тарихы мен мәдениетінің дамуына едәуір үлес қосқан халықтар мекен еткен киелі даланы «Ұлы дала» деп тарихқа енгізді.

Лев Николаевич Гумилевтің ғылыми шығармашылығын халықаралық дәрежедегі саяси-тәжірибелік мағынада алып сараласақ, жаһандану және аймақтық ықпалдастық жағдайында қазіргі заманғы әлемге деген толеранттық еуроазиялық тәсілдердің ғылыми-тарихи негіздемесіне айналды. Міне, осы тұстағы ғалымның ғылыми ұстанымдары Елбасы Н.Назарбаевтың еуразиялық идеяларымен үндесіп жатқанын байқаймыз. Л.Н.Гумилев гуманист-ғалым ретінде «Шын мәніндегі халықтар достығы олар тең дәрежеде өзара еркін қарым- қатынас жасай алғанда және әрбір халықтың ар-намысына, мәдениетіне, тілі мен тарихына құрметпен қарағанда, мүмкін екенін айта келе, ұлттық мәдени байланыстардың жан-жақты кеңеюіне, олардың өзара байып, өсіп-өнуіне жағдай жасауымыз қажет» деп айтып кетті.

ХХ ғасырдың екінші жартысында еуразияшылдықты Л.Н.Гумилев белсенді түрде үгіттей бастады. Ол Еуразиялық шығыс-батыс өркениетімен салыстырғанда шалғайдағы аймақ емес, қайта этногенездің, мәдениеттің, тарих пен қоғамдық дамудың негізгі кіндігі болып табылатын орталық деп қадап айтқан. Сіз өзіңізді тарих ғылымындағы еуразиялық мектептің өкілімін деп есептейсіз бе деген сұраққа Л.Н.Гумилев: Когда меня называют евразийцем, я не отказываюсь от этого имени по нескольким причинам. Во-первых, это было мощная историческая школа, и если меня причисляют к ней, то это делает мне честь. Во-вторых, я внимательно изучал труды этих людей. В третьих, я действительно согласен с основными историко-методологическими выводами евразийцев – деп жауап қатқан. Гумилев Г.В.Вернадскиймен хат алысып тұрған, ал 1966 жылы Прагада өткен археологиялық конгресте П.Н.Савицкиймен кездескен болатын. Л.Н.Гумилев үшін Еуразия құрлық қана емес сонымен бірге біртұтастылығы заңдылық болып табылатын Суперэтнос дей келе: «Бұл құрлық тарихпен зерделеу кезеңінде 3 рет бірікті. Басында оны Сары теңізден Қара теңізге дейін жайлап алып, қағанат құра отырып түріктер біріктірді. Түріктердің орнын Сібірден моңғолдар келіп басты. Сосын, бұл биліктің бәрі құлағаннан кейінгі және дезинтеграция кезеңінен кейін бастаманы Ресей алды: XV ғ. бастап орыстар шығысқа қарай жылжып, Тынық мұхитына шықты. Жаңа держава Түрік қағанаты мен Моңғол ұлысының мұрагері ретінде тарих сахнасынан көрінді».

Еуразия кеңістігіндегі пассионарлық толқындар ықпалымен біріккен кез келген империя Түркі қағанаты, Монғол т.б. ұстанған басты қағидасы қарамағындағы халықтардың тіліне, дініне, салт-дәстүрі сияқты басты құндылықтарына қол сұқпау болып табылатын. Бұған археологиялық, этнографиялық және жазба деректер дәлел бола алады. Мәселен, археологтардың қазба жұмыстары барысында ортағасырлық Қаялық қаласынан мұсылмандар мешіті, христандар шіркеуі, Будда монахтарының ғибадатқанасының табылуы, сол кездегі халықтардың бір-біріне төзімділігінің, толеранттылығының ынтымақтастығы мен бірлігінің керемет үлгісі болса керек. Алғашқы еуразияшылдардың бірі П.Н.Савицкийдің сөзімен айтсақ, «Природа евразийского мира минимально благоприятна для разного рода «сепаратизмов», будь то политических, культурных или экономических… Недаром в просторах Евразии рождались такие великие объединительные попытки как скифская, гуннская, монголская и др… Недаром над Евразией веет дух своеобразного «братсво народов, имеющий свои корни в вековых соприкосновениях и культурных слияниях народов различнейших рас..».

Кез келген қоғамда этносаралық келісімді нығайтатын және дамытатын «факторлар» жүйесінде үлкен орын мәдениетке беріледі. Мәдени қарым-қатынас ұлттық мәдениеттердің өзара баюының бастауы, құндылықтарды, тәжірибені берудің тәсілі ғана емес, сонымен қатар әртүрлі ұлт өкілдерінің жақындасуының, өзара сенімінің негізі болып табылады. Соның арқасында ынтымақтастыққа қызығушылық пен ұмтылыс қалыптасады. Біздің пайымдауымызша, мәдени өзара әрекеттесу үрдісінің терең әлеуметтік мазмұны да осында.

Еуразия кеңістігіндегі этномәдени қарым-қатынастар мен ықпалдастықтар өз бастауларын көне дәуірлерден алады. Сонау түркілерден XV ғасырдың ортасына дейін Еуразия құрлығындағы ықпалдастықта далалықтардың жетекші ролі сақталып қала берді. Еуразиялық мәден-рухани ықпалдастық пен қауымдастықтың бұл бірінші кезеңі еді. Бірінші кезеңінің мұралары Еуразия халықтарының материалдық және рухани мәдениеттерінен айқын байқауға болады. Мысалы, күні бүгінге дейін орыс тіліндегі тюркизмдерді, славян халқы мекендейтін Ресей, Беларусь, Украинадағы топонимнен, гидронимнен, ойконимнен көре аламыз. Өкінішке қарай, отарлық және кеңестік тоталитарлық өктемдік жылдарында осынау ақиқат көпе-көрнеу бұрмаланды. Ресми идеологияның сойылын соққан астамшыл тарихшы ғалымдар Еуразияның сайын даласынан Батысқа әлеуметтік ілгерілеу емес, қирату, бүлдіру, қасірет қана келді деген ойды дәлелдеумен әуреленді. Жалған түсінікті бұзуға қайрат қылған Л.Н.Гумилевтің адами және шығармашылық тағдыры қандай шырғалаңға түскені бүгінгі ұрпаққа аян. Ғасырлар бойы үстемдігін құрған көшпелілер қолдан келіп тұрғанда шығыс славяндарды неге түрік-монғол нәсіліне кіріктіріп жібермеді деген заңды сұрақ туады. Біздің ойымызша, мұның екі себебі бар. Біріншіден, түркі-монғол этностары ұстанған идеология, діни құндылықтар гуманизмге толы, адам қанын судай ағызуды мақсат тұтпады. Басы барды – идірдім, тізесі барды – бүктірдім, дейді Күлтегін. Қырдым, жойдым, көзін құрттым демейді. Тіпті, түркі қағанаты кемелденудің шарықтау шегіне жетіп тұрғанда оның аузынан: «Тату елге жақсылық қылдым, төрт бұрыштағы халықты көп бейбіт еттім, жаусыз қылдым, бәрі маған бағынды» деген мейірімді сөздер шығады.

Екінші кезең Ресей империясының отарлау саясаты барысында Қазақ даласына ағылған өзге этностармен мәдени-ықпалдастық дәуіріне сәйкес келеді. Бұл кезең мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі тұрмыс-тіршіліктің өзгеруімен анықталады. Ғасырлар бойына қалыптасқан Еуразия халықтарына тән ұжымдық менталитет, ынтымақта, тату тұра білетін дәстүрлі салиқалылығы, табиғат жаратқан кеңпейілділік пен көршінің мүддесіне бөлекше құрметпен қарайтын салты мәдени-ықпалдастық барысында жоғары деңгейіне жетті. Л.Н.Гумилев этностардың қарым-қатынасына ықпал ететін этникалық дәстүрлерді компилментарлық тетік деп анықтаған болатын. Нәтижесінде этнос өкілдері арасында бір-біріне еген мейірімділік күшейіп қана қоймай сонымен қатар ортақ өмірлік мақсаттары да қалыптасатын болған.

Этноцентризм этносқа көп мән беретін болса, ал еуразиялық жобада этникадан жоғары, өркениетті, геосаяси мүдде бірінші орында тұрады. Этностар – үлкен өркениетті біртұтастықтың құрамдас бөлігі, яғни Еуразиялық күрделі бірлестікке бірігеді. Бүгінгі күнгі саяси хал-ахуал көрсетіп отырғандай, геосаясатқа жүгінген кезде этнос пен этнизмнің өкілеттілігінен бұрын тарихи тағдыры, шаруашылығы, құндылықтары, менталитеті бір халықтардың ортақ мүддесі бірінші орынға шығатын болады. Сондықтанда алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаев еуразияшылдықты теориялық тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге қолданбалы саясаттың тармағы ретінде де белгіледі. Бұл еуразияшылдық ойдың тарихындағы маңызды бір белес болып табылды. Сондықтан да, дана халқымыздың жұмыла көтерген жүк жеңіл деген мақалы жаһандық тығырықтан тарихи тағдыры бір, рухани және материалдық мәдениеті бір-бірімен тоғысқан халықтарды дәл бүгінгі күні бірігіп жол табуға шақырып тұрғандай.

Асылхан БИКЕНОВ, 

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × four =