Гүлнәр ДАНБАЕВА, мәслихат депутаты: Мен үшін депутаттық мансап емес

0 152

– Гүлнар Аманжолқызы, сіз үшін де­­путаттық қызмет қанша­лық­ты маңызды?
– Мен үшін  ол бірінші кезекте ха­­лыққа етене жақын болу. Сені­мін артқан адамдармен бірлесе жұмыс істеп, ең бастысы мыңдаған адамның үдесінен шығу. Маңызы шашам келгенше сол адамдардың тілгені орындап, алғысына бө­ле­­ну.Халықпен жұмыс істеп, со­ған біртабан жақын болғанға не жет­сін?! Әйтпесе, мен үшін депутаттық мансап емес.
– Сіз бұған дейінгі шақырылым­да депутат болдыңыз. Сол кездегі сайлауалды бағдарламаңыз толы­ғы­мен орындалды ма?
– Бұл сұрақты жиі естимін. Ша­ма-шар­қымызша орындауға тырыс­тық. Кейбір мәселені шешу үшін төрт жылдың өзі аздық етеді. Неге? Себебі, қала күн сайын өсіп, үл­ке­йіп келе жатыр. Соған сәй­­кес ондағы проблемалардың қатары да толыға береді. Кейбір проблеманың шешілуі тек қаржыға ғана емес, уақыт пен жұмыс күшіне де тәуелді.
Менің округімнің үштен екісі жеке меншік үйлерден тұрады.  Міне, күрмеулі мәселенің бәрі содан. Жолдарға асфальт төселмеген, кейбір көшелерде жарық жоқ, қоқыс салатын жәшіктер орнатыл­маған, тіпті, сол қоқыс уақытымен шығарылмай жатады. Тізе берсек, шыға береді ғой. Ең бас­тысы, әре­­кетсіз отырған жоқпыз. Тұр­ғын­­­­­­дар­­мен сол проблемалық ау­мақ­тарға бірге барып, көзбен көр­генімізді тиісті мекемелерге жазып, шешімін тауып жатырмыз. Тағы бір алаңдататын жәйт 50-60 жылдары салынған үйлер құлаудың алдында тұр. Сондай-ақ, жертөлесі суға толып кете беретін көпқабатты үйлер де бар. Солардың бәрін жүйелі түрде шешуге жұмыстанып жатырмыз.
– Нәтиже бар ма? Нақты мысал келтірсеңіз…
– Нәтижесін округті аралап, көзбен көрген дұрыс қой. Мы­­са­­лы, жылдар бойы жөндеу көр­ме­­ген Молдағұлова мен Мәскеу көшелерін абаттандырдық. Сол маңайдағы жекеменшік үйлердің  арасындағы жолдарға асфальт тө­селіп, бір жаңарып қалды. Депу­тат­­тық қызметіме кіріскеннен бері қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға белсене араласып ке­ле­мін. Ешбір мереке елеусіз, қарт­­тар мен мүгедектер ескерусіз қал­ған емес. Қалмайды да. Айта берсек көп…
– Мәслихат атынан  бірнеше қа­­ла­лық комиссиялардың құ­ра­­мы­­на ендіңіз. Соның бірі мүгедек­терге қатысы бар. Айтыңызшы, жарымжан жандарың құқы бұ­зыл­ған жағдай кездесті ме?
–  Аталған комиссияның құра­мына енгеніме біраз жыл болды. Сол аралықта бірнеше көкейтесті мә­се­лелені анықтадық. Соның ішін­де жылдар бойы айтылып, әлі күнге дейін шешімін таппай ке­ле жатқандары да бар. Мәселен, мүге­­дек­­тер кейбір әлеуметтік нысан­дарға, яғни, ғимараттарға пандустың жоқтығынан кіре алмай жатады. Пандус бар болған күннің өзінде тым биік, арбаға танылған адам өздігінен көтеріле алмайды. Ал бұл – олардың құқығын шектеу деген сөз. Сол сияқты кейбір қоғамдық көліктерде мүгедектердің арбасына арналған орын жоқ. Жарымжан жандарды протезды-орто­педиялық жабдықтармен қамта­ма­сыз ету, санаториялық-курорттық емделуге қатысты мәселелер жиі көтеріледі.
Тағы бір жайт, ҚР «Жұмыспен қамту туралы» заңында көрсетіл­гендей, 50-ден астам адам жұмыс істейтін кәсіпорындардағы жұмыс ор­­ны­­ның 3 пайыздайы кво­та­мен мүгедектерге бөлінуі тиіс. Алайда, заң бар да, оны орындамағандарды жауапқа тарту тетігі қарастырыл­маған. Бүгінде Астана әкімдігі жанындағы мүгедектерге көмек көрсету жөніндегі комиссия осы мәселемен айналысып жатыр.
– Балабақша орындарын бө­­­­лу жө­­нін­дегі комиссияның қа­­та­ры­н­­да да барсыз. Тап, осыған қа­­тыс­­­ты шағым да көп…
– Балабақшадағы орын тапшылы­ғы – қаладағы күрмеулі мәселенің бірі ғой. Астанада жыл сайын шамамен 15 мың сәби дүниеге келеді. Демо­­графияның өсіп жатқаны қуанышты, әрине. Дегенмен, осы та­биғи өсімге сәйкес әлеуметтік қам­ту жайы қарқынды болуға тиіс қой.  Басқа қалаларды білмеймін, бізде кезек бойынша балабақшаға орналастыру дұрыс жолға қойылған. Кез келген ата-ана интернеттің кө­­ме­гімен, үйден шықпай-ақ бала­сының кезегін қадағалай алады. Әрі орынды бөлетін комиссия құ­­ра­мында мемлекеттік мекемелер мен саланың білікті мамандары бар. Шағым көбінесе, кезекке кеш тұрғандықтан, орынның жетіспеушілігінен туындап жатады. Қала басшылығы бұл мәселеге бей-жай қарап отырған жоқ. Оған соңғы жылдарда атқарылған жұмыстың нақ­ты көрсеткіші дәлел бола алады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 2 =