ГҮЛБЕГІ

0 164

Адам жанын жадыратып, көңілін көтертуде гүлден асқан сыйлық жоқ. Гүл жан-жағына жұ­парын шашады. Айналаға сұлулық, нәзіктік сыйлайды.

Алайда, гүл көңіл қуанышы тәрізді, оңай­лық­пен қол жеткізбейді.

Гүл өсіруде оған жан-тәнімен қарап, бүкіл ықыласын бөлетін жандар ғана жетістікке жетеді.

Бағбандықты өзіне серік еткен ару­лардың бірі – «Астана кө­гал­да­ндыру» АҚ-ның қыз­мет­кері Ұрқия Алпанова. Еңбек жолын 1999 жылы гүл егуден бастаған ол бүгінде елордамыздағы әсем саябақтар мен демалыс орындарындағы гүлзарларын күтіп, баптауда.
Көктем келіп, тіршілікке жан біткенде гүл өсірушілердің де жұмысы қыза түседі. Ақпан айында тұқымы себілген гүлдер де осы кезден бастап аялы алақан мен қамқор көңілді қажет ете бастайды. Иә, күннің нұры мен жылуы, жердің нәрі, су қажет болғандай гүлдерге нәзік көңіл де керек.

Дәл осындай кезде Ұрқия Ал­па­но­ва­ның да қуанышына қуа­ныш қосылып, бойына ерекше ме­йі­­рімділік біт­­кен­­дей бо­­­­­лады.

Мамырдың бас кезінде гүл өсірушілер көшелерге гүл отырғыза бастайды екен. Бұл жұмыс бір айға созылады. «Астана көгалдандыру» ме­кемесі жалпы қала бойынша бұл айда күніне бес мың түп гүл отырғызып үлгереді. Егі­­летін гүлдер әралуан. Олардың арасында бірнеше түстен тұратын гүлдің отыз алты түрі бар.

Ұрқияның ай­туын­ша, адамның ма­­мандығы мі­не­зі­­­не әсер етеді. Гүл­ өсі­­ру, расында да адам жанының ме­йі­­рім­­ді­­лігі мен нә­зік­тігін сақ­­тап­ қалады. Сезімталдық, сұ­лу­­лыққа, тазалыққа құштарлық – бағбандардың ортақ қасиеті. Бұл орайда «Әрбір еккен гүлім мен үшін қымбат, тіпті оларды кейде өз баламдай әлпештеп қарауға тырысамын», – дейді ол.

Гүл күтіп-баптайтыны өзіне ұнайды. «Ол көңіл-күйіме ерекше әсер береді. Гүлдер – тіршілік атаулының оянуы мен жақсылыққа деген үміттің нышаны. Сондықтан, гүл өсіруші болғаным үшін өзімді бақытты санаймын», – дейді Ұрқия апай.

Сыйлыққа гүл ал­­ған­­­ды ұнататын Ұрқия­ның­ сүйікті гү­лі – ла­лагүл. Ол – мей­­ірімділік пен жан ты­­ныш­­тығының бір белгісі іспетті.
Гүл өсіру Нидерланды, Германия, Жапония сын­­ды елдерде жақсы дамыған. Атал­­ған елдер бүгінде гүлдің арқасында қырғын пайдаға кенеліп отыр. Ата-бабамыз көшпенді тіршілік кешіп, көгалдандыруға аса көп мән бермегендіктен, бұл сала бізге кешеуілдеп келген. Дегенмен, қазіргі таңда гүл өсіру біздің елде де өркендеп келеді.

Әйел адамның бақыты – ана атану. Жаны жас баланың жанындай таза, көңілі нәзік арудың көңіліндей пәк Ұрқия Ілиясқызы бүгінде екі қызды мейірімділік пен имандылыққа тәрбиелеп, өсіріп келеді. Қыздары да анасы сияқты үйде гүл өсіргенді ұнататын көрінеді.

«Перзенттеріме ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді сіңіре жүріп, қазақылыққа тәрбиеледім. Ананың ең бірінші тілейтіні бала­ла­рының аман­ды­ғы.­ Менің де басты тіле­гім – осы. Көзімнің ағы мен қарасындай болған қыздарымның азамат болып өсіп, еліне адал қызмет еткенін қалаймын. Аналық ниетім – осы» – дейді ол.

Ұрқия Алпанова сүйікті кәсібін ары қарай дөңгелетіп, елордамыздың әсемдене беруіне мейлінше үлес қосқысы келеді. Оның жанарындағы гүлге іңкәрлігі, өз мамандығына деген махаббаты бізге осыны аңғартқандай болды.

Айнұр ҚАРАМЕНДИЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + twenty =