Гүл көмкерген астана

0 27

Биыл елордада 6 млн-нан астам гүл мен 100 мыңға тарта тал-­көшеттерді егу жоспарланған. Жақын күндері қала алаңдары, саябақтар, желекжолдар, гүлзарлар мен көшелер көздің жауын алатын қызылды-жасылды гүлдермен және жасыл желекпен көмкерілмек. Коммуналдық кәсіп­орын­ның қызметкерлері гүл мен ағаш тұқымдарын жергілікті жылыжайларда өздері өсіреді. Бүгінде «Астана-көгалдандыру құрылысы» ЖШС пен «Жасыл жер» ЖШС-ның жылыжайларында 4,5 млн астам гүл өсіріледі. Барлық тұқымдар тиісінше стандарттарға сәйкестігі бойынша зертханалық зерттеулерден өткізіледі. «Астана-көгалдандыру құрылысы» ЖШС-ның аумағы 350 гектар жерге орналасқан орман питомнигінде 300 мың ағаш және 60 түрлі тал-шілік егіледі. Ал «Жасыл жер» ЖШС өсіретін гүл тұқымдарының түрлері 100-ден асады. Олар компанияның аумағы 8000 ш.м жылыжайында өсіріледі. Өзінің арнайы техникалармен жасақталған автопаркі бар.
– Биыл бір жылдық және көп­жылдық гүлдер егіледі. Бұл шара астананы көгалдандыру бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Кәсіпорын ағаштар мен бұталарды отыр­ғызу, гүл егу ісінде заманауи технологияларды пайдаланамыз. Осы жұмыстар агроном-ғалымдардың кеңесімен, қажет болса тікелей қатысуымен жүргізіледі. Жасыл желектің тұқымы зертханалық зерттеулерден өткізіледі, – деді «Астана-көгалдандыру құрылысы» ЖШС директоры Руслан Мейрамбайұлы.
Серіктестік гүлдермен жасалатын ерекше флоралық шешімдер арқылы астананың ландшафтық дизайнын жақсарту үшін айтарлықтай жұмыс жасап жатыр. Ал қызылды-жасылды гүл көмкерген алаңқай мен адамның тынысын кеңейтетін жасыл желектің талай көңілдерге қуаныш сыйлайтыны – өз алдына бір ғанибет.
Қазіргі күні «Астана-көгалдандыру құрылысы» ЖШС-ында 600 адам жұмыс істейді. Президент тапсырмасы бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына сәйкес жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. Бүгінде кәсіпорынға гүл-тал егумен айналысқысы келетін адамдарды жұмысқа қабылдау жүріп жатыр.
Жоғарыда аталған екі компания да тек гүл-ағаш отырғызып қоймай, сонымен бірге олардың күтіміне, сақталуына да жауап береді. Сондай-ақ дер кезінде агротехникалық шаралар өткізіп, бүлінген, зақымдалған өскіндерді емдеп, қалпына келтіріп отырады. Ұжымдардың құрамында білікті агрономдар, флорашылар, энтомологтар көптеп жұмыс істейді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × five =