Ғылымның жағып шырағын…

0 20

Өткен аптада Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың 60 жасқа толуына арналған «Әлемдік тарихи кеңістіктегі далалық Еуразияның археологиялық-­этнографиялық ежелгі ескерткіштері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға алыс-жақын шет елден келген қонақтар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.Жамбыл аға – еліміздегі тарих ғылымында өнімді еңбек етіп жүрген ғалым. Былтыр ғалымның көп жылдардан бері зерттеп жүрген тақырыбы бойынша төрт томдық жинағы оқырмандар қолына тиді. Оның сыртында ұлт тарихында ерекше орны бар тұлғалар – Абылай хан, Бұхар жырау туралы еңбектері Мәскеуден жарық көрді. Ұлттық этнография туралы жазып жүрген дүниелерін де жұртшылық қызығып оқиды.
Жиынды ашқан академик Дихан Қамзабекұлы белгілі ғалымның ұлт руханиятына қосқан үлесі туралы салиқалы ой қозғады.
– Жамбыл Омарұлы – қазақ халқының тарихы мен этнографиясының түрлі мәселелері бойынша көптеген елеулі зерттеулерімен ғылыми қоғамдастыққа бұрыннан танымал. Оның осы бағыттағы еңбектері – отандық тарихнамадағы қазақ қоғамы туралы тұтас түсінік беруге алғашқы талпыныстардың бірі, – дей келіп, мерейтой иесіне университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен «Күлтегін» медалін және ҚР ЖОО қауымдастығының «Ахмет Байтұрсынов» алтын медалін табыс етті.
Конференция барысында филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов «Ж.Артықбаев шығармаларындағы қазақтың хандары мен билері» тақырыбында сөйлесе, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Әбдеш Төлеубаев «Сақ-скифтер мен қазақтарды жерлеудегі өзара ұқсастықтар», тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынхан Қайыркен «Ойраттардың этникалық тегі мен қоныстанған аймағы», филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұлов «Ж.Артықбаевтың Алаш қайраткерлері хақындағы жазбаларындағы жаңашылдық» туралы байыпты баяндама жасады.
Сондай-ақ жиында қатысушылар ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнефильм тамашалап, алыс-жақын шетелдерден келген жылы лебізге толы құттықтаулар оқылды.
Ғалым бірде газет бетінде жарық көрген Мұса Шорманұлы туралы мақаласына «Ғылымның жағып шырағын» деп тақырып қойыпты. Жамбыл ағаның өзі де – «ғылымның шырағын» жағып жүрген азамат.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды