ҒЫЛЫМИ КӨРМЕ КӨРІНІСТЕРІ

0 329

Тамыз кеңесіне жиналғандар алдымен Конгресс-холл фойесінде қойылған көрмені тамашалады.

Қалалық Білім басқармасы мен «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практи­калық орталығы оқу тәсілін жетіл­діруге бағытталған жаңа акпараттық-инновациялық технологияларды, қалалық білім беру мекемелерінің жетістіктері мен мұғалімдер арасындағы тәжірибелік байланыстарды көрсету мақ­сатында көрме галереясын екіге бөліп өткізді. Көрермендерді пе­дагогикалық бөліммен таныстыру үшін залға 9 LED-экран орнатылып, онда дарынды оқушылардың ғылым саласындағы жетістіктері, білім жүйесіндегі инновация, «e-learning» жобасының болашағы, оқу үдерісіне енгізілген «Мәңгілік ел – қазақ халқының ұлттық идеясы» атты бағдарлама, «Жасыл ел» программасы, «Мың бала» және «Педагогикалық мұражай» авторлық жобалары, профильдік оқыту, «Көптілділік – заман талабы» мәселесі және 2013-2014 оқу жылында ҰБТ-дан жоғары нә­тижеге жетіп, білім сапасы бойынша үздік деп танылған 10 көшбасшы мектеп жайлы видео-сюжеттер көрсетілді. Ал, тәжірибе галереясы аясында «Ғасырдан ғасырға» интеллектуалдық байқауының же­ңімпаздары «Қазақ даласындағы соғыстар мен қақтығыстар», «Ежелгі түрік мифтері», «Шеберлер қаласы», «Әлемдік алып ағаш туралы аңыз» және «Қазақ даласындағы сот жүйесі» тақы­рыбында тарихи сахналық қойы­лымдар қойды. Сондай-ақ, мектеп оқушылары алаштың ардақты тұл­ғалары Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынов, Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсариннің бей­несін сомдап, көрерменнің зор ықыласына бөленді. Ал, «Көр­кем­өнер» галерея­сының сәнін кел­тірген Менеджмент және бизнес кол­леджі мен Басқару колледжінде оқитын шебер студенттер қолынан шыққан Астана сәулетінің суреттері мен ою-өрнек үндесе тігілген ұлттық киімдер көрген көздің жауын алады.

Отбасылық тәрбиелеу институты болса, мазмұны сан түрлі өзекті тақырыпты қамтитын «Отбасылық тәрбие» журналын келушілерге тегін таратты және психологиялық ойын жүргізді. Адамдар көп сурет­тің ішінен біреуін таңдап алып, бейнеленгеннің бәрін өз ойымен әңгімелеп берді. Бір ғана суретті әр адам әрқилы қабылдап, әртүрлі түсіндіреді. Психологтардың айтуынша, осы әдіс адамға өз жан дүниесіне тереңірек үңіліп, өзін-өзі тануға көмектеседі екен.

Көрмеде бұдан бөлек білім саласына инновацияны енгізумен айналысатын «Polymedia» және «Interactive Kazakhstan» ком­панияларының өнімдері де қам­тылды. Алғашқысы – Астанада фи­лиа­лын ашқан ресейлік компания. Көрмеге олар функциясы әртүрлі екі интерактивті дисплей әкелген: бизнес келісімдерге арналған және мектептегі интерактивті тақтаның орнын алмастыратын дисплей. Ресейде бұл технологиялар білім саласында кеңінен қолданылса, Астанада әзірше тек Назарбаев университетінде бар екен. Аты аталған екіншісі Қазақстанға ин­терактивті тақталарды орнатқан ең алғаш компания болатын. Ал, бүгінгі күні мемлекетіміздегі мек­тептердің басым көпшілігі физика, химия, биология пәндерінің лабораториялық сабақтарды тиімді жүргізу үшін бұл компанияның сандық зертхана жұмыстары құ­рылғыларын да белсенді пайдаланады. «Кореялық әріптестеріміз өндірген теледидар, экран әрі компьютер қызметін атқаратын панель әкелдік. Қарағандыдағы «Болашақ» колледжі бұған тапсырыс берді. Осы көрмеге қатысу арқылы бұл панельді Астанада та­ныс­тырып отырмыз. Сонымен бірге, мультимедиялық подиумды жұрт назарына ұсындық. Подиум­нан алысқа ұзамай, сенсоры арқылы экранда көрсетілетін сабақты толық басқаруға болады. Дыбысын басқару, түсін өзгерту, жазу қосу сияқты т.б мүмкіндіктері бар. Мектептерде де, үлкен жиындарда да мұны қолдану ыңғайлы» деді «Interactive Kazakhstan» ком­паниясының директоры Нұр­лан Құрақбай. Сонымен қатар, оқу­шыларды пәнге қызықтырып, сабақты 3D форматында өткізуге де болады екен. Видеоға жазылған оқу материалдарын тәлім алушылар 3D-көзілдірігімен арнайы тақтадан көре алады. Бұл жаратылыстану бағытындағы дәрістерді есте сақтаудың ең тиімді жолы болар еді.

Көрмеде ҰБТ дайындығына арналған тест кітапшалары мен оқу кітаптары да сатылды. Оларға сұраныс өте көп екендігін байқау да қиынға соқпады. Тамыз кеңесі аяқталған соң, мұғалімдер сол жердегі бума-бума кітаптарды арқалап, көңілге түрлі мақсат-жоспарларды қондырып, оқу жылына жаңа серпінмен кетіп бара жатқандай көрінді.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × five =